Бейсенбі, 29 мамыр, 10:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39,2152
27.05.2025
PDF мұрағаты

Екінші дүниежүзілік соғыс: Қазақстанның өндірістік әлеуеті

10.05.2025

31 0

Тарихи деректерге жүгінсек, елімізден майдан даласына 1 млн 366 мың адам аттанған. Оның 410 мыңы елге оралмады. Сондай-ақ 700 мың адам тылда тер төкті. Қазақстаннан аттанған сарбаздардың 497 мыңы Кеңес Одағының батыры атағын алды.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қызылордадан 150 мыңнан астам азамат аттанды. Қалғандары майдан даласында қаза болды, хабар-ошарсыз кетті. Сол Сырдан соғысқа аттанған азаматтардың 23-і Кеңес Одағының батыры атағын алды.

1941 жылдың 22 маусымы. Германия тұтқиылдан КСРО-ға соғыс ашып, екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Дәл осы сәтте сәтте Кеңес Одағында 2 миллионнан астам адам әскери даярлықтан өтіп, майдан даласына аттана бастады.

Әрбір сәттің маңызды шешім қабылдайтын шешуші кезеңге айналған кезінде 14-атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада жасақталып, майдан даласына аттанған алғашқы лек еді… Қазақстандық 36-жеке атқыштар бригадасында 30-дан астам ұлт өкілдері болды. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қырғызстаннан шақырылған азаматтардан атақты Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы құрылды.

Ал Қазақстан халқының әрбір бесінші азаматы білек сыбанып, соғысқа аттанды. Осы уақытта еңбек армиясының қатарында 700 мың қазақстандық болды.

Соғыс жылдарында кеңес одағындағы 27 әскери оқу орнынан 16 мың офицер даярлықтан өтсе, 42 мыңнан астам қазақстандық әскери оқу орындарына жіберілген.

Бұл соғыстағы Қазақстанның тарихи маңызы зор еді. Алғашқы сәттерден бастап-ақ, майданның арсеналына, күш-қуатына, қару-жарақтар қоймасына айналған еді. Тіпті неміс фашистері басып алған жерлердегі кәсіпорындар Қазақстанның түкпір-түкпіріне көшіріле бастады. Соғыс басталған 1941 жылдың екінші жартысында қазақ еліне барлығы 142 кәсіпорын көшіріп әкелінді. Оның едәуір бөлігі Алматыда орналасқан. Мысалы, 34 зауыттың, фабрика мен цехтың жабдықтары орнатылды. Тіпті Луганск паровоз жасау зауытының бір бөлігі мен Харьков вагон жөндеу зауыты да әкелінген. Украинадан әкелінген үш фабриканың аясында Семей аяқ киім фабрикасы құрылды. Жауынгерлерді қажеттіліктермен қамтамасыз ету мақсатында 2 300 шаршы метр өндіріс ауданы сол уақытта даярланған еді. Жоғарыда аталғандардан бөлек, көмір, мұнай өндірістері де «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранның аясында жұмыс істеді. Қорғаныс өнеркәсібінде де басым үлес Қазақстанда еді. Балқаш пен Жезқазғандағы мыс қоры тұтас КСРО қорының жартысынан асып түсетін. Мұның барлығы сараптала келе 1941 жылы шілдеде Шығыс Қоңырат молибден кен орнының, Балқаш мыс қорыту зауытындағы мыс тазарту және ұсатып-үгіту цехтарының құрылыстары әскери маңызды құрылыс санатына жатқызылды. Шілдеде зауыт құрылысы басталса, қарашада алғашқы өнімдерді өндіре бастады. Ақшатау молибден-вольфрам комбинаты да осындай маңызды құрылыстардың қатарында болатын.

Еліміздегі өнеркәсіп орындарында 1940 жылы 158 мың адам жұмыс істесе, 1945 жылы бұл сан 255 мың адамға жеткен. Сырттан 1,1 млн адам көшіріп әкелінді. Өндірістегі жұмысшылар санының артуына бұл да едәуір ықпал етсе керек.

Жыл сайын майдан даласына қажетті заттар арта түсті. Менделеев кестесіндегі элементтің барлығы табылатын Қазақстанда шикізат көздерінің болуы КСРО-ның оң жамбасына шығып тұрған. Бір ғана 1943 жылдың өзінде қорғаныстық маңызы бар санаттағы ондаған кәсіпорын іске қосылды. Бұрыннан жұмыс істеп тұрғандарында өнім көлемін арттырса, жаңа өндіріс жауды жеңу жолында бар күш-жігерді нығайтатынына сенді. Осы жылы еліміздегі қара металл өндірісінің алғашқы қарлығашы – Ақтөбе ферросплав зауыты іске қосылды. Мұнда бор, фосфор қышқылдары мен сода шығару ісі жолға қойылды. Ал Шымкенттегі дәрі-дәрмек жасау зауыты бұл кезеңде өсімдік құрамын зерттеп, дәріні шөптен жасауды қолға алды.

Бұл құрамға келгенде Теміртаудағы Қарағанды металлургия комбинаты салынды. Ал Алматы, Шымкент және Қарағандыда машина зауыттары іске қосылды. Балқаш, Қарсақбай зауыттарында мыс қорыту жұмыстары қарқын алды. Мұнан бөлек, елде тамақ өнеркәсібі, кондитер фабрикасы, жеміс-жидек, темекі фабрикалары да соғыс жылдарында жұмысын күшейтті. Тағы бір айта кетерлігі, Ертістегі Өскемен ГЭС-і жеңіске бір жыл қалғанда толық салынып бітті.

Қара алтынның отаны атанған Қарағанды кеншілері Сібір, Орал, Повольже өнеркәсіп аудандарын көмірмен жабдықтады. Осы уақыт аралығында 19 жаңа шахта мен 3 көмір резерві іске қосылған. Соғыстың соңғы үш жылында Қазақстан 2472,2 мың тонна сапалы мұнай өндірген деген дерек бар.  Соғыс жылдары қазақ жерінде барлығы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахта тәрізді өндіріс орындары салынған.

Бұл қажеттіліктің барлығының тасымалына темір жол басты рөл атқарған. 1940 жылы соғыстан бұрын 6 581 шақырым болған темір жол ұзындығы соғыс уақытында 8 200 шақырымға жеткен.

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: