Өткен күндерге оймен шолу жасап отырсам, қызмет жолымда жақсы адамдар көп кездесті. Айналасына мейірім шуағын сеуіп, нұрландырып отыратын жанның бірі Ыбырай Нағызбеков ақсақал болатын. Оқу бітіріп, Машина сынау станциясына жұмысқа келгеннен бастап Ыбырай ақсақалды жете тани бастадым. Жабдықтаушы қызметінде екен. Мекемеге қажетті техникадан бастап, машинаның бөлшегін, түрлі өндіріс құралын жеткізу осы кісінің міндетінде еді. МИС-те ол кездері машина сынау жұмысымен бірге мал бағылып, егін егіліп, шаруашылық тәжірибемен айналысатын. Мұнда төрт күріш, жем-шөп дайындаушы, күрішке арнап жер тегістеуші механикаландырылған мелиоративтік бригадасы жұмыс істейтін. Осы шаруашылықтардың барлық қажетін тауып, жеткізіп беруші Ыбырай ақсақал еді. Жұмысына адал, тиянақты, жауапты кісі болатын. 10 перзент тәрбиелеген үлгілі отбасының ұйтқысы еді. Қандай қиын мәселе болсын, шешімін тауып, әріптестерімен биязы тіл табысатын. Барлық техникаға қажет қосалқы бөлшектің атын жатқа айтатын.
Ауылымыздан қан майданға аттанып, аман елге оралған жауынгердің бірі еді. Мыңнан бір адам ғана аман қалатын соғыстың ауыртпалығын, қан кешкен заманды көрген сұм соғыстың тірі куәгері Ыбырай ақсақал бұл бүкіл елге келген нәубет екенін, қаһарлы күндердің қайталанбауын тілеп, бата беріп отыратын. Соғысқа кеткен талай боздақтардың ел қорғау жолында күніне мыңдап опат болғанын көзбен көргенін айтқанда, майдангердің көзсіз ерлік жасағанын мойындайтынбыз.
Ыбырай ақсақал жолдастары арасында беделді, әзіл-қалжыңға жақын, «Ыбырай айтыпты» деген даналық сөзі халық арасына кең тараған өте зиялы, сөзге шешен жан болатын.
Кескілескен соғыста ерліктің үлгісін көрсеткен қарт майдангер соғыстан кейінгі жылдары да еңбек екпіндісіне айналып, бірнеше орден, медальдің иесі атанды. Әр құрметтің артында, күн-түн демей атқарылған тынымсыз еңбектің ізі бар, төгілген маңдай тердің өтеуі бар.
Өмір-өзен тоқтаусыз ағып жатыр. Уақыты келгенде бұл кісілер сахна төрінен өтіп, ұрпақ ауысты. Кешегі Отан қорғаған жауынгерлерді ел есінде сақтау – кейінгі ұрпақтың борышы. Өмірінің соңына дейін жастарға патриоттық тәрбие беруден жалықпаған абзал азамат, Отан соғысының ардагері Ыбырай Нағызбеков қандай болса да марапатқа лайық деп есептеймін. Ауыл тұрғындары атынан есімі ұлықталып, өзі туып өскен ауылдан көше аты берілсе деген тілегіміз бар.
Жақсымбек Нұрымбетов,
Баймұрат батыр ауылының тұрғыны
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!