Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысы өтуде. Шара кеңейтілген форматта Парламент депутаттарының, мәслихат төрағаларының, қоғам қайраткерлерінің, орталық мемлекеттік органдардың жауапты лауазымды адамдарының, БАҚ өкілдерінің, өңірлердің қоғамдық кеңестерінің, сараптамалық және ғылыми қоғамдастықтардың қатысуымен өтуде. Бірінші отырыста Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалардың мазмұны, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде бір палаталы Парламентке көшу және мемлекеттік билік институттарын жаңғырту мәселелері талқыланды.
Конституциялық реформа – саяси және экономикалық жаңғыру жолындағы алғашқы маңызды қадам, оның негізі қазіргі жүйені орталықсыздандыру болмақ. Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияны құру туралы Жарлыққа қол қойып, комиссияның ережесі мен құрамы бекітілген болатын. Конституциялық комиссия елдегі саяси-құқықтық реформаларды жүйелеу, Ата заңға енгізілетін ықтимал өзгерістерді сараптау және ұсыныстар әзірлеу бағытында жұмыс істейді. Оның құрамында еліміздегі өңір басшыларының арасынан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бар. Комиссияға Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етеді. Комиссия төрағасының орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Алғашқы отырыста қатысушылар ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша негізгі ұсыныстарды қарастырды.
Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова Конституциялық комиссияның алдында тұрған басты міндеттерді атап айтты.
– 2025 жылғы 8 қыркүйекте Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа жолдауында жасанды интеллект дәуірінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң ықпал ететін жаңа саяси реформаны жариялады. Мемлекет басшысы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде елімізде бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді. Өздеріңізге белгілі, парламенттік реформаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылғы қазан айынан бастап белсенді жұмыс атқарды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен сарапшылар, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осы уақыт аралығында жұмыс тобы барлық ұсынымдарды мұқият зерделеп, жүйеледі, сондай-ақ азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды жан-жақты талдады. Азаматтар өз ұсыныстарында тек бір палаталы Парламент мәселесін ғана көтерген жоқ. Осыған орай, Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылдады, – деді ол.
Эльвира Азимова атап айтқандай, жұмыс тобының мүшелерінен бөлек, азаматтардан екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскен.
Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық комиссияның құрылуын тарихи оқиға деп атап өтті.
– Осындай шешуші сәтте бізге аса маңызды миссия жүктелді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Бүгін осы залға түрлі саланың кәсіби мамандары, тәжірибесі мол, елге белгілі азаматтар жиналған. Бәріміздің мақсат-міндетіміз – ортақ. Сондықтан осы айрықша міндетті абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін. Бүгін жұмысын бастағалы отырған Конституциялық комиссия – осыған дейін жарты жыл бойы жұмыс істеген Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы, – деді Е.Қарин.
Яғни, Қазақстан ауқымды өзгерістің, түбегейлі бетбұрыстың алдында тұр.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!