Расында, биылғы референдумның тарихи маңызы ерекше. Өйткені бұл жолы әңгіме тек жекелеген түзетулер жөнінде емес, мемлекеттің басқару моделін жетілдіруге бағытталған жүйелі өзгерістер туралы болып отыр. Ата заңға енгізілетін бірқатар жаңашылдықтар саяси реформалардың логикалық жалғасы ретінде ұсынылуда. Ұсынылып отырған өзгерістердің ішінде билік тармақтарының өкілеттіктерін нақтылау, олардың арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілік тетіктерін күшейту мәселесі бар. Бұл қадам мемлекеттік шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын арттыруға және институттардың тиімділігін көтеруге бағытталған. Сонымен қатар Парламенттің рөлін кеңейту, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерін арттыру сияқты бастамалар да қарастырылуда.
Әлеуметтік бағыттағы нормалардың күшеюі де назар аударуға тұрарлық. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нақтылау, әлеуметтік кепілдіктерді айқындау, еңбек құқықтарын қорғау, білім мен денсаулық сақтау салаларына қатысты конституциялық негіздерді жетілдіру – мұның бәрі қоғамның сұранысынан туындап отырған өзгерістер деп ойлаймын. Егер бұл бастамалар толыққанды жүзеге асса, азаматтардың құқықтық қорғалуы мен әлеуметтік сенімділігі арта түсер еді.
Өздеріңізге белгілі, қолданыстағы Конституция алғашында орыс тілінде әзірленіп, кейін қазақ тіліне аударылған. Ал жаңа заң жобасының маңызды ерекшелігі – оның мемлекеттік тілде жазылуында. Бұл тек техникалық айырмашылық емес. Конституция мәтінінің қазақ тілінде түпнұсқа ретінде қабылдануы құқықтық нормалардың ана тілімізде дәл әрі түсінікті берілуіне мүмкіндік береді. Бұған дейін аударма сипатына байланысты туындаған кейбір терминологиялық және мазмұндық сәйкессіздіктердің алдын алу тұрғысынан да бұл қадамның мәні зор.
Конституция – тек заңгерлерге арналған құжат емес, ол – бүкіл қоғамға ортақ негізгі құқықтық бағдар. Сондықтан оның мазмұны халыққа түсінікті, айқын және заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Алдағы референдум осы тұрғыдан алғанда ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды белес болғалы тұр. Сондықтан әрбір азамат өзгерістердің мәніне терең үңіліп, салмақтап, өз азаматтық ұстанымын саналы түрде білдіруі қажет деп есептеймін.
Нұрлан ТҰРҒАНБАЕВ,
Қызылорда қалалық мәслихат депутаты
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!