Сәрсенбі, 14 мамыр, 13:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35,2148
13.05.2025
PDF мұрағаты

Ел рухын көтерген әскери шеру

10.05.2025

32 0

Астанадағы «Қазақ елі» алаңында Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру өтті.

Салтанатты іс-шараға Президент, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтап,  соғыс зардабы Қазақстан халқы үшін де ауыр болғанын  айтып өтті.

 – Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Баршаңызға Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек. Зұлмат кезеңді бастан өткерген майдангерлер қазір ортамызда отыр. Құрметті ардагерлер, барша халықтың атынан сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз! – деді ел Президенті.

Әскери шеруді 5 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, әскери іс-қимылдардың ардагерлері, ҚР Қарулы Күштерінің үздік бөлімшелері, құрмет қарауыл роталары, ҚР Қарулы Күштерінің, өзге де әскерлер мен әскери құралымдардың, әскери құқық қорғау органдарының ардагерлері бар.

Шеруді ҚР Мемлекеттік туы мен Қарулы күштердің жалауын алып ұшқан Ми-171 тікұшағының салтанатты ұшуы ашты.  Шеруді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев басқарды.  Алаңда 4 мың әскери қызметші салтанатпен сап түзеп, адымдап өтті.

Көрермендер әлемдегі ең кең таралған көп мақсатты тікұшақтардың бірі – Ми-17-ні тама­шалады. Бұл техника құрлық әскерлерінің мобиль­ділігін арттыруға, жеке құрам мен қару-жа­рақты жеткізуге, сондай-ақ қиын жағдайларда – таулы аймақтар мен жоғары температурада әс­кери тапсырмаларды орындауға қолданылады.

Құрлық әскерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев әскери шеруге дайындық жоспарға сәйкес толық орындалғанын айтты.

– 1 сәуірден басталған дайындық 4 мамырда аяқталды. Бұл еліміз үшін өте маңызды шеру болды. 4 мыңнан астам әскери қызметші қатысты, оның ішінде 100-ден астамы әйелдер, 200 техника, 66-ұшақ аппараттары қатысты, – деді бас қолбасшы.

Салтанатты шеру – әскери саладағы ұрпақтар сабақтастығын, халқымыздың жауынгерлік ерлігін бейнелейтін игі дәстүр.

– Астанадағы «Қазақ елі» алаңында өткен әскери шеру ел рухын көтерді. Мұндай ауқым­ды шаралар болашақ Отан қорғаушыларға патриоттық тәрбие береді. Елімізді оларға сеніп тапсыруға болады. Әскери шеруге Сырдария ауданынан баратын делагация атынан арнайы бардым. Дайындық өте жақсы ұйымдастырылған. Әскери шеру – жай ғана көрініс емес, еліміздегі әрбір әскери құрылымның жауынгерлік деңгейін көрсететін іс-шара. Осы шеру арқылы қазақ халқы еліміздің қорғанысы сенімді қолда екенін көрсетіп отыр, – дейді Сырдария ауданы, Бесарық ауылының тұрғыны Жұмабай Байзақ.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: