Қала тазалығын саптағы сарбаздай аяғынан тік тұрып күзететін тазалық сақшыларының еңбегі ерен. Олар жылдың қай мезгілінде де ауа райының қолайсыздығына қарамастан маңдай терін төгеді. Тіпті, түнде жауған қарды таңертең қала көшелерінен көре алмайсыз. Мұздақтарда көлік бара алмайтын, бірақ кісі аяғы арылмайтын жолдарда қолына лом алып, мұзды ойып тұрған аналарымызбен жасты ақ жаулықты нәзік жандарды көргенде ұялғаннан сергек қалыпқа түсіп, қалың ұйқыдан оянатын сәттер жетерлік. Олардың еңбектері – адал.
Шаһар тазалығына шаң жуытпайтын сала мамандарымен кездескен қала әкімі Нұржан Ахатов та оларды құрметтейтінін айтқан еді. Қаланың тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарына жауапты «Қызылорда тазалығы» және «Жасыл Қызылорда» мекемелерінің материалдық-техникалық базасы да қазір кісі қызығарлықтай. Биылдың өзінде оларға арнайы техниканың 47 данасы сатып алынды. Қосымша қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Қазіргі таңда жаңарған техникамен жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді.
– Қар жауғанда және көктайғақ кезінде қала көшелеріндегі көлік қозғалысының, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолдарды уақытылы тазалау керек. Сол үшін қыс мезгіліне инертті материалдарының қоры, арнаулы қар жинақтау полигондарының жасалуы, жанармай қоры, жүргізушілер мен жол жұмысшылары санының жеткілікті болуы реттеліп отыруы қажет, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Ол коммуналдық мекеме басшыларына қысқы маусымда коммуналдық қызметтің іркіліссіз жұмыс істеуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Айта кету керек, «Қызылорда тазалығы» мекемесінде 154 дана техника бар. Оның қысқы кезеңге қатысатын 57 арнайы техникасы сақадай-сай. Сонымен қатар мекеме базасында 2310 тонна құм-тұз аралас қоспасы жинақталған. Қардан тазарту жұмыстарын атқару 2 ауысым бойынша жүргізіледі. Оған 270 жұмыс күші тартылады.
– Қыс мезгілінде техникаларға жұмсалатын отын (жанар-жағар май) мен қосалқы бөлшектер қажеттілікке сай мөлшерде сатып алу порталына жарияланды, жеңімпаз күтілуде. Қазіргі таңда арнайы қоспа сақтайтын кәсіпорын базасында 2000 тонна құм, 310 тонна теникалық тұз дайын тұр. Жыл сайын қыс мезгілінде қар тазалау жұмыстарына кәсіпорынның көше тазалығын атқаратын жұмысшылары қала бойынша 52 көшені, жаяу жүргінші жолдары мен бордюр жиегін, қардан аршып тазалайды, – дейді санитарлық тазалық бойынша сектор меңгерушісі Гүлзинат Жұмабекова.
Естеріңізге сала кетейік, биыл мекеменің техникалық базасы да нығайды. Еңбек күні қарсаңында облыс әкімі арнайы көлік сыйға тартып, бүгінде техникалар ел игілігіне еңбек ете бастады.
Аян СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!