Мемлекеттік ту, елтаңба, әнұран – тәуелсіздігіміздің белгісі, ажырамас бөлігі. егемендік пен біртұтастық танымын әлемге танытатын құндылықтар. Тәуелсіздікті сақтау, қадір-қасиетіне жету рәміздерімізді құрметтеуден басталады десек, артық емес. Сондықтан отансүйгіш қасиеттің қайнарын қастерлеу, қадірін білу, тарихымен танысу – әрбірімізге артылған жүк.
Сөзсіз, азаттықтың алғашқы
атрибуты – мелекеттік рәміздер. Бұл кез келген елге тән заңдылық. Дербес шешім қабылдай алатынын, өзіндік ұстанымы бар екенін білдіретін бірден-бір тетік. Қазақстан да егемендігін жариялаған кезде Тәуелсіздік декларациясы рәміздерді бекітті.
Саяси мәртебесін айшықтап,
1992 жылы ту мен елтаңба белгіленіп, әнұран мәтіні нақтыланды.
Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізденіспен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жылдың басында Жоғарғы кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері енді.
Көп кешікпей елтаңба, ту және әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушылар алдына күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Ал рәміздер жобаларын жасау конкурсында 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.
Сол тұста рәміздердің өзіне ғана емес, оның қолданыс аясы мен идеологияға әсері қоса сараланды. Ел рухын көтеру үшіне мемлекеттік туы олимпиадалар мен түрлі халықаралық сайыста желбіреп, әнұран байрақты бәсекелерде шырқалды. Аспанкөк туымыз ғаламшардың ең биік шыңдарына да, Арктика мен Антарктидаға да, тіпті ғарышқа да тігілді.
Әрбір рәміздің өзіндік символикасы, маңызы бар. Мәселен, ту азаттық шайқасы мен ел қорғаудағы басты белгі. Есте болса, бабалар жорықта ту көтеріп, жеңіске жетсе байрақты бұлғаған. Осы ретте Жәнібек, Баян, Жанатай және Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі Байғозының ерліктері тарихтан мәлім. Ал екінші дүниежүзілік соғыста рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ батыры Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі сөзімізге дәлел бола алады.
Бүгінгі тудың меңзейтін тұспалы, көрсететін мысалы – бейбітшілік, ынтымақ, молшылық. Мысалы, байрақтағы әрбір детальдің өзіндік мәні зор. Қыран байтақ өлкені емін-еркін шарлаған қазақтың алмастай өткір рухы мен еркіндігін дәріптесе, күн бейнесі түркі жұртының жаратылыспен етене жақындығын, терең философиясын аңғартып, тіршілік бастауы білдіреді. Демек, ынтымақ пен бейбіт күннің бастауы деген ұғымға саяды.
Елтаңбаның да танымы тереңде. Рулық басқару құрылымы кезінде әр рудық өз таңбасы қалыптасқанын білеміз. Бұл өзара байланысты нығайтып, дербес өмір сүруге, өзіндік ереже-талаптарды сақтауға көмектескен болатын. Кейін кімнің қай руға, аталыққа, тиесілі екенін де таңбасынан қарап ажырататын жайттар кездескен. Қашанда қырандай қырағылық қанында бар текті халық бұрыннан бірлігін бекемдеп, біртұтас ұлтқа айналудың алғышартын осылайша жасағандай.
Бүгінде елтаңбамыздағы қанатты пырақ осының дәлелі болса керек. Елтаңбаның қақ ортасындағы шаңырақ –қазақтың қарашаңырағының қасиетін, жатты жатсынбай, өзгені өзекке теппейтін көңілі дархан, пейілі дария халықтың бауырмалдығын білдіреді. Сондай-ақ бейбітсүйгіш көңілдің арқасында көптеген ұлт пен ұлыстың қасиетті қарашаңырақ астында бір үйдің баласындай күн кешіп жатқанын меңзейді.
Тарихта мемлекеттік рәміздерге байланысты түрлі деректер де кездеседі. Әлем елдерінің туларында ең көп кездесетін рең – қызыл түс екен. Осы түс барлық мемлекет туларының үштен екісінде бар. Одан кейінгісі ақ, көк, сары және қара түсті тулар. Ал төрт өлең жолынан тұратын ең қысқа әнұран мәтіні Жапония мен Иордания елдеріне тиесілі көрінеді. Сондай-ақ 158 өлең жолынан тұратын ең ұзақ әнұран мәтіні Грекия елінің әнұраны. «Бостандық әнұраны» деп аталатын оның мәтінін 1823 жылы грек ақыны Диониенос Соломос жазған.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің әнұраны мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз.
Көкбайрақ көрсе, ұлттық намысы оянып, жүрегі туламайтын қазақ жоқ шығар. Өйткені тудың қасиетін дәл қазақтай түсінетін, сезінетін халық та кемде-кем. Себебі мемлекеттік рәміз тек бүгіннің белгісі емес, ата-бабаның басынан өткен небір нәубет, қанды жылдардың көрінісі. Бүгінгі бейбіт күннің іргетасын қалауға сеп болған боздақтардың асыл арманы Ендігі міндет – туды жықпай, ата-баба арманын мәңгілік ету, рәміздің мәні мен мағынасын келер буынға жеткізу.
Б.ШАҒЫРОВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!