Сенбі, 08 қараша, 12:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№85 (2197)
08.11.2025
PDF мұрағаты

Ең алдымен сана таза болсын

08.11.2025

49 0

«Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығында экологиялық мәдениетті арттыруға арналған ашық форматтағы кездесу өтті. Басты мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру және табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларды кеңінен насихаттау. Кездесуге қала жастары, еріктілер мен студенттер және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Жиын барысында «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек қоршаған ортаны қорғаудың қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, жастарды белсенді азаматтық ұстанымға шақырды.

– Бүгінгі шараның басты мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тазалықтың маңызын насихаттау. «Таза Қазақстан» жобасы аясында бұл бастаманы өңірде кеңінен дамыту көзделуде. Бұл жобаға еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдардың қосып жатқан үлесі зор. Қызылорда бүгінде еліміз бойынша ең таза өңірлердің бірі саналады. Бұл – жастардың белсенділігі мен қоғам мәдениетінің көрінісі. Әр апта сайын ерікті жастар сенбілік ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Алдағы уақытта да сенбіліктер мен түрлі экологиялық акцияларды үзбей өткіземіз, – деді ол.

Ал «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Қызылорда облыстық филиа­лының жетекшісі Абзал Жолтерек «Таза Қазақстан» жобасының болашаққа бағытталған ауқымды бастама екенін атап өтті.

– Бұл жоба еліміздің экологиялық мәде­ниетін дамытуға бағытталған үлкен қадам. Біз бұл бастаманы басқа өңірлерге де жолдап, жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар вандализммен күрес те біздің басты міндеттеріміздің бірі болмақ. Ал тазалық ең алдымен әр азаматтың санасынан басталуы тиіс, – деді ол.

Кездесу барысында жастар экологиялық сауаттылықты арттыру, қаланы көгалдандыру және пластик қалдықтарын азайту жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.

– Тазалықты әр адам өз үйінен, өз ортасынан бастауы керек. Адам өзіне жауапкершілік алғанда ғана қоршаған ортаға да жауапкершілікпен қарайды деп сенемін. Сол себепті де біз, еріктілер клубы мүшелері, әр апта сайын сенбілікке шығып, қаланың тазалығына үлес қосамыз. Сондықтан бар­ша жасты «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырамын, – деді ерікті Жанерке Асқарбекқызы.

Сондай-ақ кездесуде дема­лыс орындарының тазалығы да сөз болды. Қаладан тыс аймақтарда қоқыс тастау мәселесі әлі де өзектілігін жоймаған.

– Осы бағытта біз жастармен бірлесіп қоқыс жинау акциясын ұйымдастырдық. Нәтижесінде 1 тонна 300 килограмм тұрмыстық қалдық жиналды. Бұл – ерікті жастардың еңбегі. Қоқыстың басым бөлігі демалыс орындарындағы тұрмыстық қалдықтар. Әсіресе, пластик бөтелке, қалта, тамақ қалдықтарын жиі кездестіреміз. Сол себепті әрбір демалыс аймағына келушіден табиғатқа жаңашырлықпен қарауды сұраймыз , – деді Медет Жорабек.

Айдана БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: