Қазақта «Еңбектің наны тәтті» деген мақал бар. Шынында, абыройлы еңбек адамды табысқа жетелейді. Туған жерге тер төгіп, қажырлы еңбек еткен жанның бірі – Жалағаш ауданы, Т.Жүргенов ауылының тумасы Әлібек Нұрылдаев.
«Әке көрген оқ жонар» деген өсиет сөздің мәні тереңде жатыр. Өз заманында Әлекеңнің әкесі Мақсұт Нұрылдаев ауылдағы шаруашылықтың өркендеуіне еңбегі сіңген, қоғам қайраткері, еңбегімен елге сыйлы азамат болған.
«Тектіден текті туады, тегін білсе» деген халық даналығы 70 жастың желкенін көтеріп отырған Әлібек Мақсұтұлы ағамызға арналып айтылғандай. Әкенің тәлім-тәрбиесі, даналығы, парасат-пайымы перзентінің дара жолға түсуіне бағдар көрсетті .
Өнегелі жанның өмір жолына тоқталсақ, 1980 жылы Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылығы политехникумын үздік бітіріп, механик мамандығын алып, туған ауылы «Жаңаталап» ауылында алғашқы еңбек жолын бастайды. Алғашында шаруашылықта бас механик, гараж меңгерушісі, құрал-жабдықтар дайындау бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарған. Күріш, бақша егумен, мал шаруашылығымен айналысатын ауылда трактор, автокөлік мәселесін шешу мәселесі өзекті болатын. Шаруашылықтың барлық техникасының сақадай сай болуына Әлібек ағамыз жауапты еді.
Күріш егу, жинау науқанының сапырылысқан қызу тірлігінде егінді жауын-шашынға ұрындырмай, күндіз түні жұмыс істеу үшін техниканың бұзылмауы керек. Әр бригадаға машина, трактор бөлу, оларды жанар-жағар маймен, қажет құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, жұмысшыларды егін басына тасымалдау жауапкершілігі Әлекеңнің мойнына жүктелді. Осы ауқымды жұмыстың бел ортасынан көрініп, еселі еңбек еткенін ел мадақтап айтып жүргені ол кісінің абыройының биік екенін дәлелдейді.
Сөз орайы келгенде ағамыз өз шаруашылығында 11 бригада болғанын, әр бригадада 8 комбайн, тағы 8 дестелейтін комбайн, 82 автокөлік машинасы болғанын айтады. Ойлап отырсақ, шаруашылыққа басшы болып, оны үйлестіру оңай емес. Оған ұйымдастырушылық қабілет пен күш-қайрат, ақыл-парасат қажет.
«Ел ағасыз, тон жағасыз болмас» дегендей, бүгінде ауыл жастары Әлекеңе қарап бой түзеп, ақыл-кеңесін тыңдап, алдағы жоспарды талқылайды. Өзінен кейінгіге қамқор болып, өзінің көп жылғы тәжірибесін үйрету Әлекеңнің жылдағы дәстүріне айналған. Себебі Әлібектей ақсақал елдің өркендегенін, шаруашылықтың шалқығанын қалайды. Көкірек сарайы өсиет пен қасиетке тұнған жанның әдемі өрілген әңгімесін тыңдаудан да ауылдастары жалыққан емес. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» демей ме халқымыз. Ауылдың да, ағайын-туыстың да абыз ақсақалына айналған қадірлі жан елдің құрмет-қошеметіне бөленіп жүр. Әлекеңнің де өмірлік жұбайы Гүлһанша Райбекқызы екеуі тату-тәтті өмір сүріп, 5 перзент тәрбиелеп, олардан немере сүйіп, мәуелі бәйтеректей көгеріп-көктеп, тамыры тереңге кеткен бақытты отбасы.
Рысбек ТОБЫЛОВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!