Елімізде жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күні мерекеленеді. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елімізде еңбек адамының беделін көтеру, кәсібибілікті кадрларды дәріптеу, нарыққа қажет мамандарды насихаттау бағытында біршама жұмыс атқарылуда. Қайнаған тіршіліктің ортасында бел шешпей шаруаны еңсеретін азаматтар әрқашан да құрметке, марапатқа лайық. Ақ адал еңбегімен елдің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар бұл күні төрден көрінеді. Мерекеге орай өнер орталығында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Адал еңбек – адал азамат» атты шара өтті.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев еңбек адамдары барлық құрметке лайық екенін атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбеккеш және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деді.
Бұл – экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік прогрестің басты факторы ретінде жұмысшы кәсіптерінің рөлін күшейтудегі стратегиялық қадам. Ұлтымыздың ұлы мұраты жолында, еңбек майданында ата-бабаларымыз тер төкті. Олардың арасынан 1792 Социалистік Еңбек Ері шықса, 102-сі – Сыр өңірінің еңбеккерлері. Өз мектебін құрып, шәкірт тәрбиелеген, Сыр күрішінің даңқын асқақтатқан дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаевтың, Сәлима Жұмабекованың орны ерекше. Осындай ұлы ұстаздың тәлімін алған, бала тәрбиелеп, ұлтжандылықпен қызмет атқарған Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева бастаған Сырдың батыр аналарының қажырлы еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталады.Алдыңғы буынның өнегелі ізін жалғап, Тәуелсіз еліміздің тарихында «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған Роза Бағланова, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асқар Жұмаділдаев, Юрий Пя, Абзал Ералиев, Имамзада Шағыртаев сынды жерлестерімізді әрдайым мақтан етеміз. Егемен еліміздің жарқын болашағы жолында Отанымызға адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу – біздің қастерлі міндетіміз! Баршаңызды мерекемен тағы да құттықтап, облысымыздың дамуына қосқан орасан зор үлестеріңіз үшін Сыр жұртшылығының, Өзімнің атымнан шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін, – деді облыс әкімі.
Шарада әр номинация бойынша қаржылай сыйақы табысталды. Атап айтсақ, «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы» номинациялары жеңімпаздарына 1-орынға 500 мың теңге, 2-орынға 300 мың теңге, 3-орынға 200 мың теңгеден берілді.
Сонымен қатар сала үздіктеріне, яғни коммуналдық және басқа да салаларда қызмет ететін 15 маманға облыс әкімінің Алғыс хаты және 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Одан бөлек өз саласының үздігі деп танылған 15 еңбек майталманына облыс әкімінің Алғыс хаты, Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығының шипажайға жолдамасы ұсынылды.
«Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы жеңімпаздарына 19 арнайы коммуналдық техника, тірек және серіктес елді мекендер санатына кірмейтін ауылдардың абаттандыру жобаларын қаржыландыруға 15 млн теңгенің сертификаттары берілді.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!