Сәрсенбі, 15 қазан, 01:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№78, 2190
14.10.2025
PDF мұрағаты

Еңбек адамының мерейі үстем болуы керек

09.09.2025

251 0

Дүйсенбі күні Мем­лекет басшысының Қазақстан халқына ар­на­ған Жолдауын Ақорда­да ыждағатпен тыңдаған­дардың қатарында бол­дым. Бұл – қырық жыл­дан астам өмірін ауыл шаруашылығы саласына арнаған мен сияқты ең­бек адамдары үшін зор мәртебе.

Жолдау – болашақ үшін бағдар болатын, жауапкершілікті айқын­дап беретін саяси құжат. Одан туындайтын мін­деттер орындалуымен құнды. Президенттің әрбір сөзі еліміздің даму жолына тірек бола алады. Соның ішінде біз секілді еңбек адамдарын бағалауы, қоғамдағы орнымызды нығарлауы көңілімнен шықты.

– Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет, бұл – анық нәрсе. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті, жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтыруда. Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады. Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр. Алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды. Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі маңызды. Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді, – деді Мемлекет басшысы.

Иә, адал ақы, маңдай тердің өтеуіндей еңбек әркез бағалы болуы керек. Өзім жас кезімде ауыр техниканы да басқардым, егін басында бидай да, күріш те ектік. Ұзақ уақыт трактор тізгінінде болдым. Таңның атысынан күннің батысына дейін егістік басында тынбай еңбек еттік. Міне, сол үшін де басшылықтың ұсынысымен түрлі жоғары марапат иелендім. 2017 жылы Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2023 жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталдым. Еңбектің еленгені мерейіңді өсіреді. Мен қазір де жауапкершілігі жоғары жұмыстан қол үзген жоқпын. Әлі күнге жастармен бірге аграрлық саланың жүгін көтеріп келемін.

Жолдауда Үкіметке экономиканың нақты саласында жұмыс істейтіндерге қажетті жағдай жасауды тап­сырды. Президенттің «Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» деуі еңбек адамдарын көтермелеу деп түсінемін.

Гүлсім ДӘРІБАЕВА,

«Ақмая» шаруа қожалығының бригадирі,

Шиелі ауданы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: