Бейсенбі, 26 желтоқсан, 12:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Еңбек еленген күн

19.11.2024

319 0

Маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген Сыр диқандары Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында марапат мінберіне көтерілді. Форумға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған облыс делегациясы қатысты.

Алтай мен Атырау аралығындағы алқаптарда маңдай терін төгіп жүрген еңбеккерлердің жиынына күрішімен ырысын арттырған аймақтан Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ералиев, Имамзада Шағыртаев, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, саланың және 50-ден астам шаруа қожалығының басшылары барды.
Президент Жарлығымен ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жемісті еңбегі, отандық ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін Сыр өңірінің еңбеккерлері де «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Адал ісімен көпке үлгі болған, ерте көктемнен егіс даласында тер төгіп, жоғары жетістіктерге жеткен еңбек адамдары марапат төріне шығып, құрметі асты. Олардың қатарында Қазалы ауданындағы «РЗА Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс бригадирі Балғазы Томай бар.
Сонымен қатар Жалағаш ауданындағы «Агрохим¬сервис-С» ЖШС директоры Сергей Кимге «Құрмет» ордені табысталса, Қармақшы ауданындағы «Ақжар» шаруа қожалығының бригадирі Қанат Төралиев, Арал ауданындағы «Қуаныш» шаруа қожалығының жұмысшысы Төрехан Бердімағамбетов, Шиелі ауданындағы «Халық¬берді» жеке шаруа қожалығының күрішшісі Жұмабек Бүрісов «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді.
– Бұрын-соңды дәл бұлай қарапайым шаруалардың басын қосып, үлкен жиын болмаған соң ел Президенті не айтады деп күттік. Біріншіден, солтүстіктегі әріптес¬теріміздің бидайды өткізудегі мәселелері айтылды. Егінді жинай алмай жатыр. Оны жинағанмен сақтайтын қоймалары бидайға толып тұр. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы бағытта мемлекеттік қолдау көрсетуге тапсырма берді. Тағы бір ерекшелігі, марапат мінберіне шыққандар¬дың қай-қайсысы да – қарапайым жұмысшылар. Еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Жұмысшылардың мерейі үстем болды десек, қателеспейміз. Шаруалардың еңсесі түспесін деп, ауылшаруашылық саласындағы әрбір азаматты қолдайтынын айтқан Мемлекет басшысы ауылдарды көркейту керегіне баса назар салды. Өйткені, ауылды дамыту арқылы біз ел экономикасының қадамын нықтаймыз, – деді Қазақстан фермерлер қауымдастығының Қызылорда облысы бойынша филиал төрағасы Болат Бөгетов.
Асыраушы салада даму бар. Соны технологияларды өндіріске енгізіп, жұмыс процесін де жеделдетіп келеді. Жаңа үлгідегі техникалар да шаруалардың жұмысын жеңілдете түскен. Мемлекеттік қолдаудың қай-қайсысы да еңбек адамын демейтіні анық. Бұл форумда да жұмысшы адамдардың жанарларында үміт оты пайда болды.
Биыл облыста 85 мың гектар жерге күріш дақылы егілді. «Балапанды күзде санайтын» дағдымен диқандар 500 мың тонна күрішті аман-есен қамбаға құйды. Орташа есеппен аймақ бойынша әр гектардан 58 центнер өнім шықты. Бұл өткен жылға қарағанда әлдеқайда жоғары.

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: