Сейсенбі, 17 маусым, 14:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№44, 2157
17.06.2025
PDF мұрағаты

Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда

17.06.2025

91 0

Биыл жыл басынан бері нысандарда 16 мыңға жуық тексеру (15 996) жүргізіліп, нәтижесінде 105 мыңнан астам бұзушылық анықталған. Өмір мен денсаулыққа қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтар үшін 7957 нысанның қызметі тоқтатылған, оның 95%-ы өрт қауіпсіздігі саласы бойынша. Бұл – Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі. Жалпы, елде жұмысшыға жағдай жасалған ба? Оның жалақысынан бөлек, еңбек қауіпсіздігі өзекті мәселе. «Сақтансаң, сақтайды» деген. Жоғарыда келтірілген мәліметке сүйенсек, қауіпсіздікті сақтауда әлі де түйіні шешілмеген мәселе бар. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жұмысшының бар жағдайы жасалуы тиіс. Бұл еңбек адамының беделін арттыратыны сөзсіз.

10 маусымда өткен Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде елімізде өнді­рісте жарақат алу деңгейі төмендегенін баяндады. Мәселен, 2025 жылдың 1 мамырындағы мәлімет бойынша, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда еліміздің кәсіпорындарында өндірісте жарақат алу жағдайы 16,9%-ға төмендеген.

Еңбек қауіпсіздігін сақтау уақыт талабына сай болу керек.

– Адам өмірі мен денсаулығы – ең басты құндылық. Сондықтан еңбекті қорғау жүйесі жұмыс орнында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдеріне негізделуі керек. Мемлекет басшысы кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мәселелерін шешуді нақты тапсырды. Ерте ескерту және хабарлау жүйелері апат қаупі туындаған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жазатайым оқиғаларды азайту үшін жұмыс берушілер жарақаттануға, әсіресе адам өліміне алып келетін жағдайларды болдырмайтын еңбек қауіпсіздігін, автоматтандыру мен цифрландыруды қамтамасыз етуге міндетті, – деп атап өтті Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Сондай-ақ еңбек қорғау шараларын ұйымдастырудың бірыңғай тәсілін әзірлеу қажеттігін және бұл барлық мемлекеттік органдардың, әкімдіктер мен кәсіпорындардың бірлесіп атқаратын ауқымды жұмысына айналуы тиіс екенін атап өтті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мемлекеттік органдармен бір­лесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін еңбекті қорғау саласындағы біртұтас цифрлық экожүйені құруды қамтамасыз етуді тапсырды. Кәсіпорындарда жарақаттануға мүлдем төзбеушілік қағидатын енгізуді тапсырды.

– Еңбекті қорғау мәселесінде жұмыс берушілердің өздерінің рөлі мен қатысуы өте маңызды.  Жұмыс берушілердің жұмыскерлермен жазатайым оқиғалардан міндетті сақ­тандыру шарттарын жасасуын қамтамасыз ету қажет. Жалпы, кәсіпорындарда жарақаттануға мүлдем төзбеушілік қағидатын, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес келетін кәсіби тәуекелдерді бағалау мен басқару жүйесін белсенді түрде енгізу керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жалпы еңбек қауіпсіздігін қорғауда мәселе бар екені жасырын емес. Өндіріс орындарында қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдары қайғылы оқиғамен аяқталып жатады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша өткен жылы жазатайым оқиғалардан 1 408 адам зардап шегіп, оның ішінде 202 адам қаза тапқан. 445 мыңнан астам жұмыс орны әлі де зиянды және қауіпті ретінде жіктеледі. 15 976 азаматтың кәсіптік еңбек қабілетінің жоғалғаны  анықталды, оның ішінде 8 204 адам кәсіби аурулардан және 7 771 адам өндірістік жарақаттардан  зардап шеккен.

Бұл көрсеткіштер еңбек қорғау саласындағы тәсілдерді одан әрі жүйелі түрде жаңарту қажеттігін көрсетеді. Өткен жылы қауіпсіздік шараларын нығайту мақсатында еңбек тәуекелі картасы енгізілген. Бұл – өндірістік тәуекел деңгейі жоғары кәсіпорындарды автоматтандырылған режимде анықтауға мүмкіндік беретін цифрлық талдамалық құрал.

– Тәуекел картасы жарақаттану көрсеткіштері, әлеу­меттік аударымдар қозғалысы, кадрлардың тұрақсыздығы, кәсіподақтардың болуы және басқа да параметрлерді қоса алғанда, 23 көрсеткішті қамтиды. Жүйе енгізілген сәттен бастап жоғары тәуекел аймағынан 3 мың кәсіпорын шығарылып, 90 мыңнан астам жұмысшы қамтылды. Жоғары тәуекел деңгейі бар кәсіпорындар саны 2 589-дан 1 799-ға дейін азайды, – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Ал Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов жыл басынан бастап тексеру нәтиже­сінде адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтар дерегімен 7957 нысанның қызметі тоқта­тылғанын айтады. Тексеру барысында негізгі ереженің сақталмауы өрт автоматикасы жүйелерінің болмауы немесе дұрыс жұмыс істемеуі, оқытылмаған қызметкерлерді жұмысқа жіберу, сондай-ақ эвакуациялық шығулардың бітелуі екенін атап өтті. Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласына да баса назар аударылды. Мұндай бұзушылықтарға байланысты жұмысты тоқтата тұру саны өткен жылмен салыстырғанда 4,5 есе өсті (92-ден 418-ге дейін). Тек қаңтардан мамырға дейін 11 апат және 60-тан астам оқиға тіркелді, салдарынан 22 қызметкер зардап шекті, 15 адам қаза тапты. Жазатайым оқиғалардың негізгі себептерінің бірі – техникалық жабдықтың тозу деңгейінің жоғары екендігі.

Ал аймақтағы жағдай қалай? Еңбек қауіпсіздігі қан­шалықты сақталып жүр? Осы орайда облыстағы еңбек қорғау инспекциясына хабарласқан едік. Биылғы 5 айда облыста 29 жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізіліп, 18 оқиға жұмыс барысында екені анықталған (ауыр жарақат алғандар саны – 17, қайтыс болғандар саны – 1). Жұмысқа қатысы жоқ оқиғалар саны – 11 (қайтыс болғандар саны – 11).

Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – жұмыс жүргізудің қанағатанғысыз ұйымдастырылуынан (7 жағдай, 39%), зардап шегушінің өрескел абайсыздығы салдарынан – (8 жағдай, 45%).

Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі мұнай-газ (4 жағдай, 23,6%), бюджеттік мекемелерде (3 жағдай, 16,7%), кіші кәсіпкерлік (3 жағдай, 16,7%), теміржол, құрылыс және ауылшаруашылығы салаларында (1 жағдайдан, 5,6%), басқа салаларда (5 жағдай, 27,7%) – орын алған.

Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс­керлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарты жасамаған кәсіпорындармен жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта еңбек қауіпсіздігін сақтау мақсатында биылғы ақпан айында тиісті мекемелермен бірлесіп, қала және аудандарда еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі күнге облыстағы 2856 кәсіпорынмен жұмыс жүргізіліп, оның ішінде, 222 жұмыс беруші жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартын ұсынса, 1 кәсіп­орынға әкімшілік айыппұл салынып, өндірілді.

Облыс әкімінің қатысуымен өткен мәжілісте бұл мәселе кеңінен талқыланды. Өңірде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2856 кәсіпорынмен жұмыс жүргізіліп, 222 жұмыс беруші 7 мыңнан астам жұмыс­кермен жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартын жасасты. Бүгінде облыстың 4 379 кәсіпорнындағы 139 481 жұмыскердің еңбек шарты «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне» енгізілген. Жалпы құны 1 трлн 100 млрд теңге болатын 43 жоба «Жобалардың инновациялық навигаторы» платформасына тіркелген. Биыл қолға алынған 24 жоба аясында мердігер мекемелер мен жұмысшылар арасында еңбек шарттарының жасалуына тұрақты мониторинг жүргізіліп жатқаны да айтылды.

P.S. Бейбіт күнде азанда жұмысқа кетіп, кешке үйіне оралмайтын жағдай немесе жарақат алып, жұмысқа жарамсыз болып қалу, жұмыс орнындағы түрлі оқыс оқиғалар, мұның бәрі еңбек қауіпсіздігінің сақталмауынан екені белгілі. Ата заңда жазылғандай, ең басты байлық – адам өмірі.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: