Кезінде Сыр салысын өсірумен даңқы шыққан Қарауылтөбе ауылы бүгінде үш мыңға жуық адамның құтты қонысы. Жаңа заман лебімен алға адымдаған ауылдың бюджеті 220,8 млн теңгені құрап отыр. Салықтық түсімдер 15,7 млн теңгеге жоспарланып, 10 ай қорытындысымен 14,3 млн теңге болып, 91, 1 пайызға орындалған.
Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін бірінші кезекте мемлекеттік бағдарлама жеңілдігін пайдаланып, жеке кәсіпкерлікпен айналысқан тиімді. Бұл бағытта ауылда үлкен серпіліс бар. Қолдаудың нәтижесінде кәсіпкерлікке бет бұрған ауылда 136 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелсе, оның заңды тұлғасы – 3, дара кәсіпкері – 115, шаруа қожалығы – 18.
Мәселен, ауыл шаруашылығы саласын дамытуды мақсат еткен ауыл тұрғыны Хасен Кененбаев «Егін шаруашылығы» жобасы аясында табысты еңбек етуде. Кәсіпкер «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы «Іскер» бағдарламасымен 6 млн теңге жеңілдетілген несие алып, қияр өсіруге кіріскен.
– Бүгінде еңбек етіп, кәсібін дамытамын деген азаматқа мүмкіндік өте көп. Ең бастысы, ерінбей еңбек ету. Қияр жинау ісін жеңілдету үшін тракторды пайдаланамын. Жай трактор емес, оны түрлендіріп, сыйымдылығы 4 адамға лайықталған тіркеме жалғағанмын. Бұл техниканың әзірше елімізде баламасы жоқ деуге болады. 1 гектар егістік алқабында екі күн сайын жарты тоннаға жуық қияр жиналады. Бұдан бөлек, келесі 1 гектар алқапта қызанақ, тағы бір алқапқа қарбыз ектім, – дейді кәсіпкер.

Сонымен қатар ауылдық округ тұрғыны Нұрлан Смағұлов көпбалалы әке ретінде мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгініп, 400 АЕК көлемінде грантқа ие болған. Бұл қаржыға бөдене шаруашылығын ашып, кәсібін жүргізіп отыр.
– Қазіргі таңда шаруашылықта ет және жұмыртқа бағытындағы 4 мыңға жуық бөдене құсы бар. Бөдененің балапаны 40-45 күнде жетіліп, жұмыртқа бере бастайды. Күніне 1000-нан аса жұмыртқаны саудаға шығарамыз, – дейді кәсіп иесі.
Қарауылтөбелік Ләззат Құрманалиева «Ауыл аманаты» бағдарламасымен құны 8,6 млн теңге болатын «Асыл тұқымды ұсақ мал басын көбейту» жобасымен несие алған. Шаруа қожалығының иесі осы қаржыға асыл тұқымды 20 ешкі және 20 қой сатып алып, өз кәсібін дөңгелетуде. Нәтижесінде 1 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ал ауыл тұрғыны Гүлмира Жансейітова «Іскер» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы 9 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, моншаға қажетті құрылыс материалын алып, кәсіп бастады.
– Бұған дейін ауылда моншаның болмауына байланысты ел сұранысын ескеріп, кәсіп ашуға тәуекел еттім. Бүгінде кәсібімнің берекесін көріп отырмын. Ерінбеген адамға екі қолға бір күрек табу оңай. Мемлекеттің қамқорлығын орайын келтіріп мақсатыңа пайдалансаң, ұтымды жағы көп. Ауыл тұрғындары алғысын жеткізуде, – дейді жергілікті кәсіпкер.

Ауылда жылыжай ісін дамытуды Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғыны Сейсенкүл Кыдырбаева қолға алыпты. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 7,9 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, жаңа жылыжайды іске қосқан. Тыңнан кәсіп бастаған ауыл тұрғыны 255 шаршы метрді құрайтын жылыжайдан күніне 100 келіге дейін қияр жинап, қала мен ауыл тұрғындарын табиғи өніммен қамтамасыз етеді. Ал күз бойы қызанақтың да алғашқы өнімін сатуға шығарған. Кәсіптің көзін тапқан ол ауылдың 3 адамын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер алдағы уақытта үздіксіз өнім алу науқанын енгізу мен лимон өсіруді жоспарлап отыр.
Ауылдық округте әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдау ескеріліп, осы санаттағы 41 отбасына 20,8 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. 2025 жылдың қорытындысымен тұрақты жұмысқа 27 адам орналасса, ақылы қоғамдық жұмысқа 24 адам тартылған. «Бастау Бизнес» курсын 6 адам оқып сертификат алған.
Самаладай жарық көшенің игілігін қарауылтөбеліктер көріп отыр. Мәселен, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 1,9 млн теңгеге ауылға кіре беріс жаңа қоныс аумағындағы №4, №5 көшелері жарықтандырылса, «Жарықтандыру» бағдарламасы бойынша №7, №8, №9 көшелерге 3,3 млн теңге қаржыға жарық бағаналары орнатылған.
Сонымен қатар С. Байсейітов көшесі бойынан 5,9 млн теңге қаржыға балалар ойын алаңының құрылысы жүргізілуде. Жолдарды орташа жөндеу жұмысы да қолға алынуда.
– Тазалық та назардан тыс қалған жоқ. «Сана тазармай, қала тазармайды» деген тәмсілге сүйеніп, жергілікті тұрғындар өз ауласын, көшелерін тазалап, абаттандырып отырады. Бұл мақсатқа 1 млн теңге бөлініп, ЖК «Бекішовпен» келісімшартқа отырдық. Ауылдық округті үздіксіз көше жарығымен қамтамасыз ету үшін «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясы АҚ-мен 10,5 млн теңгеге келісімшартқа отырдық. Ал жарық бағанасына техникалық қызмет көрсету үшін 12,2 млн теңгеге «Инно Тех» ЖШС-мен келісімшартқа отырып, игілігін ел көріп отыр, – дейді ауылдық округ әкімі Еркін Ахетов.

Мешіт – имандылық үйі
Қарауылтөбе ауылында 300 орындық мешіт бар. Мешіттің құрылысына осы ауыл тұрғындары саналатын Рахматуллаевтар әулеті демеушілік жасаған. Дәлірек айтсақ, әулеттің келіні Айжан Жәкішованың бастамасын әулет үлкені Нұрмаханбет ақсақал қолдап, имандылық үйі бой көтереді. Бұған қоса, демеуші азамат ауыл орталығындағы «Мәңгілік алау» ескерткішін қайта жаңғыртудан өткізген. Мешіт барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылған. Мешітте бір мезетте 250-300 адам намаз оқи алады. Мұнан бөлек, шәкірттер дәріс алады. Сонымен қатар рухани орынмен іргелес имамға арналған екі бөлмелі тұрғын үй ғимараты бой көтерген.
Руханият бесігі – кітапхана
Ауылда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №7 кітапхана жұмыс істейді. Мұнда сегіз салаға қатысты, әдебиет, проза, поэзия тағы басқа да бағытты қамтыған кітаптар бар. Кітап қоры аз емес. Қажетті кітап сұраныс арқылы жеткізіледі. Ал осыншама байлықты іздеуші бар ма екен? Бүгінгідей телефонға телмірген мезетте жастар кітап оқымайды деп жатады. Көкейдегі бұл сауалға да қонымды жауап алдық. Кітапханашы оқырманы көп ауыл екенін мақтанышпен жеткізді. Оның ішінде зейнеткер, жастар, оқушы, ұстаздар бар. Ол заманауи үрдістен қалмай, жастардың талабына сай болуды көздейді. Кітапханада конференция, мерекелік іс-шара тұрақты өткізілуде.
Берекелі отбасы
«Мерейлі отбасы» республикалық байқауында қарауылтөбелік Жайсаңбаевтар әулеті оза шауып, «Берекелі отбасы» номинациясын жеңіп алды. Күнсұлу ана мен Мақаш атадан тараған 8 перзенттен өсіп-өнген әулет өзгелерге үлгі боларлықтай. Жуырда 90 жасқа келіп дүниеден өткен Күнсұлу қария 1960-1980 жылдары Қарауылтөбе күріш тәжірибе шаруашылығында қарапайым лаборант, 1978-1982 жылдары шаруашылықта күрішші болып еселі еңбек етті. Абзал ана саналы ғұмырында бірнеше рет Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, елдің алғысын алған. «Бағалай білгенге бақ қонады» дегендей, Жайсаңбаевтар отбасы қоғамның әр саласында қажырлы еңбек етіп келеді. Берекелі отбасының өнегелі де, өрелі жолы көпке үлгі.

Бабадан жеткен текті өнер
Қарауылтөбеде бәйге атын баптайтын атсейіс те бар екен. Еркебұлан Төребаевтың ата-бабасы жылқыны қадірлеп, қасиетін білген. Ал Еркебұлан бала кезінен ат үстінде еркін отыруға дағдыланған. Кейін атасының тақымы мықты қауқары сүйегіне сіңді ме, ол ат жалын тартып өсті. Өсе келе өзі жылқыны суытып, жемдеп, бағып-қағуды үйренді.
– Қазақтың ең көне ұлттық өнерінің бірі – атсейістік. Біз қазақ тегіміз –түркі, түлігіміз – жылқы деп өткен елміз. «Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» деген бар. Ат баптау ісіне ерекше ықтиярлықпен қараған жөн. Соңғы жылдары осы қасиетті жануарға деген қызығушылық танытатындар қатары көп болғанымен, оны жарату екінің бірінің қолынан келе бермейді. Алайда кәсіптің осы түріне ынталы азаматтар қатары артқанмен, сәйгүлікке ерекше бап керек. Қазір күніне екі мезгіл сұлымен жемдеп, 6-7 шақырым жер жүргізіп, жүйріктің терін аламын. Қазақ жылқы мінездес, атқа мінген адамның бойында ең алдымен рух пайда болады. Ал рухы мықты адам қиындыққа берілмейді, – дейді Еркебұлан.

Қарауылтөбелік Манап Нұрымбетовты кәнігі аңшылықпен қатар тазы ұстап, ит жүгіртуді әдетке айналдырған. Аңшының әңгімесі де қызық екен.
– Менде екі тазы бар. Бірінің аты – Қарадауыл, екіншісі – Тұйғын. Екеуі де бойына біткен ептілік, жылдамдығымен ерекше. Ізшілдігімен, желмен жарысқан жүйріктігімен, сұлу мүсінімен де көз тартады. Тазыға ешқашан қарғыбау кигізбеймін, еркін жүріп-тұрады. Менің қас-қабағымды ұғатын қасиетке ие. Қоян, қасқыр алады. Қақпанға түскен аңға салып, оның ұшқырлығын шыңдаймын. Мұнан соң далада жүгіртіп, аңның соңына жіберемін. Қазір шибөріге салып жүрмін. Мақсатым – бүгінде саны сиреген тазыны сақтап қалу, – дейді Манап.
Қарауылтөбеде қазақтың ежелгі салт-дәстүрін құрметтейтін жандар тұратынына қуандық. Ауыл тұрғыны Күншәй Қарамеңова шаңырақтың құты болған қасиетті диірменді қайта тірілткен жан. Оның айтуынша, қол диірменнің наны тәтті, әрі тойымды болады. Күншәй ана бидайы қат соғыстан кейінгі ауыр кезеңде өмірге келген. Анасына көмекші болып, түнімен диірмен тартқан.
– Қазір мұражайда тұрған диірмен экспонат қана. Диірмен тұрмыстық құрал ғана емес, киелі мұра, қыз жасауының бағалы бұйымы еді, – дейді диірменші апа.
Күншәй апай Наурыз мейрамы жақындағанда қол диірменін іске қосып, тартқан ұнынан ұрпағына тәтті тағам пісіріп, жүгері тартып, наурыз көже істейді. Немерелеріне көне бұйымның тарихын айтып, адал еңбекті насихаттап отыр. Еңбекке жұмылған ауылда береке бар. Кәсіпті дамытып, туған жерді түлетуге ынталы азаматтары бар ауыл жыл өткен сайын өркендей түсері сөзсіз.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!