Биыл өңіріміз үшін бірнеше мерейтойды қатар атқару міндеті күн тәртібіне қойылды. Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде аталып, халықтың рухын көтерді, игілік бастауы болды.
Бұл даталардың ұлт тарихында алар өзіндік орны мен маңызы зор. Мемлекет басшысы бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы болған Сыр өңірін алтын бесікке теңеп, айрықша бағасын берген еді. Бурабайда өткен ұлттық құрылтайда мәртебелі жиынның 5-ші отырысын Сыр бойында, Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды.
Алқалы жиында қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты. Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті. Мұны Ел Президентінің өңірімізде атқарылған жұмыстарға берген оң бағасы деп түсінеміз.
Бүгінде облысымыз бен Қызылорда қаласында қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соңғы 3 жылда өңір экономикасына 1 триллион 600 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды.
2022 жылдан бері облысымызда жаңадан 15 мәдениет нысаны бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы 2024 жылғы қарашада салтанатты түрде ашылды.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимаратының көк желегі қиылып, ел иігілігіне берілді.
Сырдарияның сол жағалауында 11 мың көрерменге арналған жаңа стадионның ашылуы өтті. Салтанатты шара аясында футболдан ел кубогының финалдық матчы ұйымдастырылды.
Күні кеше «Қорқыт және ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық- музыкалық өнер фестивалі өтті. Дәстүрлі іс-шараға Түркия, Тыва, Алтай, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен және Қазақстаннан 200-ге жуық өнерпаз келді.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қаламыздың көлемі бірнеше есеге ұлғайып, халқының саны өсті, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, демалыс орындары, саябақтар, жаңа мөлтек аудандар мен көшелер пайда болып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артты.
Бұл – Сыр жұртшылығының «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған» ынтымағы, облыс әкімі бастаған іскер азаматтардың табанды жұмысы және инвесторлармен бірлесе атқарған еңбектің жемісі. Қас беті қалаға сән берген көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» мен «Анаға тағзым» орталығы бой көтерді. Бұл орталықта ұлтымыздың құндылықтары дәріптеліп, салт-дәстүрлеріміз кеңінен насихатталуда. Ақ отауда ақжаулықты аналарымыз, ардагерлеріміз бен жастарымыз бас қосып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайы есік ашты. 2023 жылдың қазан айында Ел Президентінің қолдауымен Қызылорда қаласында «Aksa Energy» түрік инвесторы қолға алған құны 215 млрд теңге, қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталып, биылғы жылдың қазан айында іске қосылды. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы елімізде инвестор қаржысына салынған ең ауқымды жоба болып саналады.
Қызылорда қаласында түрік инвесторымен 4 млрд теңгеге жылына 94 мың адамды қабылдайтын «Orhun Medical» онкологиялық диагностикалық орталығы ашылып, халыққа медициналық қызмет көрсетуде. Құны 5 млрд 600 млн теңге болатын нан тоқаш, макарон, кондитерлік өнімдерді шығаратын «Қызылорда нан» зауыты іске қосылды.
Сонымен бірге алдағы уақытта атқарылар жұмыстың да қатары қалың.
Жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс жасайтын 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері салынуда. Бұл жерде жас өрендер дария жағалауында серуендеп, таза ауамен тыныстап демалады. Бойына күш-қуат жинап, көңіл сергітіп, білімін шыңдайтын ерекше орын болмақ.
Қаладағы Президент саябағы жаңғыртудан өтті. Кейбір кісілер саябақ өңдеуге қыруар қаржы жұмсаудың қажеті жоқ еді деген пікірде. Бұл саябақта 9 қабатты 15 тұрғын үй бой көтермек.Сондай-ақ ботаникалық білім беру орталығының ғимараты салынуда. Бақ ішінде Қытай, Оңтүстік Африка, Жапония, Оңтүстік және Орталық Америкалық жасыл желектер егіледі.
Президент саябағы мен Астана шағын ауданын байланыстыратын құны 9 млрд теңге тұратын Сырдария өзені үстінен жаяу жүргіншілер көпірін салу жоспарлануда. Сонымен бірге, инвестор қаражатымен 20 млрд теңгеге бес жұлдызды қонақ үй бой көтермек. Әр нәрсені бір күндік емес, мың күндік өлшеммен ойлаған абзал. Бұл саябақ маңынан ертеңгі күнгі жайлы өмір бейнесі көзге келеді.
Айшықты іске толы аймағымызда, күн сайын келбеті сұлуланып келе жатқан Қызылордада атқарылып жатқан тынымсыз жұмыстарды бір мақала көлеміне сыйғызу қиын.
Біздің айтпағымыз, жүз жыл бұрын ел астанасы болған туған қаламыздың сол мәртебесіне сай бүгінгі бет бейнесі қуантады.
Қала көріктенген сайын сана тазарып, сол келбетке өзім де үлес қоссам екен деген жаңа ұрпақ өсіп келеді. Мұның өзі азаматтарымыздың жас буынды еңбекпен тәрбиелеуі, елдікке бастауы деп есептеймін.
Әріп Хожбанов,
Қызылорда қаласының тұрғыны
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!