Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының базасында «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, «Самұрық-Қазына» АҚ Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі Басқарушы директоры Гибрат Ауғанов, «Қазақстан халқына» ҚҚ донорларымен Стратегиялық жоспарлау және өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Шыңғыс Шарапиев және «Қамқорлық» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова қатысты.
«Қамқорлық» ерте араласу орталығы туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балалармен, соның ішінде неврологиялық және ортопедиялық бұзылу қаупі бар сәбилермен, сондай-ақ шала туған балалармен жұмыс істеуге бағытталған.
Жаңа орталық «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларының қолдауымен әлемдік өндірушілердің заманауи оңалту жабдықтарымен жабдықталған. Мамандар вертикализаторлар, rifton тренажерлері мен модульдері, реттеуші комплекттер, «Атлант» костюмдері, сенсорлық және шунгиттік бөлмелер, тұзды шахта, иммерсионды ванна, сондай-ақ ЭЭГ, диагностикалық жүйелермен жұмыс істейді. Мұндай жабдық ерте оңалтудың сапалы бағдарламаларын жүргізуге және мүгедектік қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар үшін аса маңызды. Себебі сәбидің алғашқы жылдарында кез келген өзгерісті ерте байқау оның болашақтағы денсаулығы мен дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл орталық мамандары сәбидің кішкентай кезінен дамуындағы ауытқулар мен медициналық, әлеуметтік қауіптерді ерте анықтап, уақытында көмек көрсетеді.
Жаңа орталықтың құрылымы жан-жақты қамтылған. Негізгі жұмысы мультидисциплинарлық принципке негізделген. Атап айтқанда, балалармен және олардың отбасыларымен невропатолог, реабилитолог, неонатолог, жаттығу терапиясының нұсқаушысы, логопед, дефектолог және психолог жұмыс істейді. Барлық мамандар «Қамқорлық» қорының қолдауымен Астана қаласындағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында дайындықтан өткен. Демек, бұл көрсетілетін көмектің жоғары кәсіби деңгейін қамтамасыз етеді.
Қызметтерді алу үшін ата-аналар тұрғылықты жері бойынша емханада дәрігерге барып, жолдама алуы қажет.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!