Сейсенбі, 23 қыркүйек, 09:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№71, 2184
19.09.2025
PDF мұрағаты

Ерекше жандарға арналған мүмкіндіктер алаңы

13.09.2025

21 0

Қоғамдағы әрбір адамның орны бөлек. Әсіресе ерекше жандардың өз әлеуетін толық ашып, өмірге деген құлшынысын арттыруына қолдау көрсету мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Осы тұрғыда №2 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы үлкен жауапкершілікті арқалап, ерекше жандарды қоғамға бейімдеу, ортаға қалыптастыру бағытында қарқынды жұмыс жүргізіп келеді.

Мұнда әрбір қызмет алушы өзіне қажетті жағдайды таба алады. Арнайы жабдықталған спорт және жаттығу залдары денсаулықты нығайтуға, күш-жігерін шыңдауға мүмкіндік берсе, қолөнер үйірмелері шығармашылық қабілеттерін дамытуға жол ашады. Сонымен бірге кәсіби психологтың қолдауы мен шаштараз секілді тұрмыстық қызметтер де қарастырылып, ерекше жандардың өзін-өзі сенімді әрі еркін сезінуіне жағдай жасалған.

Айта кетерлігі бұл орталықтың басты мақсаты – тек қолдау көрсету ғана емес, әрбір жанды қоғам өміріне белсене араластыра білу. Мұндағы қызметкерлер әрбір азаматты дербес тұлға ретінде қалыптастыруға, олардың қоғамда өз орнын тауып, сенімді өмір сүруіне ықпал етуге тырысуда. Осы бағыттағы табысты еңбектердің арқасында орталықтың тәрбиеленушілері өнерде де, спортта да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп жүр.

– Біздің орталықта 500-ге жуық адам арнайы әлеуметтік көмек алуда. Қызмет алушылардың барлығы үшін жағдай жасалған. Тек күнделікті қажеттіліктерді қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың рухани дамуына да көңіл бөлеміз. Театрға, мұражайға, бассейнге апарып, түрлі мәдени-танымдық орындармен таныстырамыз. Бұл олардың ой-өрісін кеңейтіп, өмірге деген құлшынысын арттыруға септігін тигізеді, – дейді орталық басшысы Мейрамбек Жақсылықұлы.

  Шынында да мұндағы әрбір іс-шара адамдардың қоғамға бейімделіп қана қоймай, өмірдің әсемдігін қайта сезінуіне мүмкіндік береді. Ерекше жандар үшін жасалған осындай қолдау олардың жүрегіне сенім ұялатып, болашаққа деген үмітін нығайтады. Мәдениет – адам өмірінің айнасы. Ол жүректі жылылыққа бөлеп, ойды тереңдетіп, жан дүниені байытады. Қай дәуірде, қай қоғамда болмасын мәдениетсіз орта дамымаған, ал өнерсіз өмірдің сәні болмаған. Әсіресе ерекше жандар үшін мәдени іс-шаралардың орны бөлек. Бұл олардың көңілін көтеріп қана қоймай, ішкі рухын шыңдап, өмірге деген құштарлығын арттырады.

– Менің басты мақсатым – қызмет алушылардың мәдени ой-өрісін кеңейтіп, олардың рухани дамуына ықпал ету. Осы бағытта түрлі іс-шаралар өткіземіз. Мәселен, танымдық саяхаттар ұйымдастырамыз, концерттік бағдарламалар өткіземіз, LED экран арқылы ән айту мен бейнефильмдер көру мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ мәдени кештер мен шығармашылық сайыстар қызмет алушылардың бос уақытын мәнді өткізуіне жол ашады. Мәдениет – адамның ішкі дүниесін байытатын рухани қазына. Сондықтан біз ұйымдастыратын әрбір шара тек көңіл көтеру емес, сонымен бірге тәрбиелік және танымдық мағынаға да ие болуы үшін барымызды саламыз, – дейді мәдени ұйымдастырушы Гульбану Абдраманова.

Расында, мәдениет қай жерде болмасын адамның жан азығы. Театр да, ән де, кино да адам жүрегін жұмсартып, өмірге жаңа көзқараспен қарауға жетелейді. Орталықтағы мәдени жұмыстардың мәні де осында. Әрбір жанның рухани байлығын арттырып, өмірін мазмұнды ету.

Психология – адамның жан дүниесіне үңілетін, оның ойы мен сезімін, ішкі әлемін қалыптастыруға көмектесетін ғылым. Әрбір адам кейде қолдауға, жан жылуына мұқтаж. Ал ерекше жандар үшін психологиялық көмек – олардың өзін-өзі тануына, қорқыныш пен күдіктен арылып, қоғамға сенімді қадам басуына жол ашатын алтын көпір. Бұл бағыт жөнінде орталық психологы Әлия Нұрымбетова өз тәжірибесімен бөлісті:

– Әрбір қызмет алушыға біз жеке және топтық форматта көмек көрсетеміз. Алдымен олардың қандай қолдауға мұқтаж екенін анықтап аламыз. Кейбіріне қорқынышын жеңу қажет болса, енді біріне агрессияны бақылау немесе ойлау, қиялдау қабілеттерін дамыту маңызды. Жұмыс барысында нәтижелеріміз де қуантады. Мысалы, биылдың өзінде 4 адам толықтай сауығып, қоғамға бейімделді, – дейді маман.

Біз айтып отырған орталық бұл бағытқа айрықша көңіл бөлген. Спорт – адамның денсаулығын нығайтып қана қоймай, оның рухын шыңдап, өмірге деген сенімін арттыратын үлкен күш. Мұндағы спорт залдары заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, әрбір қызмет алушының мүмкіндігіне қарай жаттығуына жағдай жасалған. Бүгінде орталық спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып, өңірдің намысын қорғап жүр. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, волейбол, баскетбол, дартс сияқты спорт түрлерінен жүлделі орындар иеленіп келеді. Осындай толайым табыстардың артында орталықтың бас бапкері Нұрбол Ғалымұлының еңбегі тұр. Ол жеті жылдан астам уақытта орталықтағы ерекше жандарды спортқа баулып келеді.

– Спорт – тәннің ғана емес, жанның да тәрбиесі. Біз үшін әрбір шәкірттің жетістігі үлкен мақтаныш. Соңғы жылдары спортшыларымыздың қол жеткізген нәтижелері қуантады. Түрлі қала, облыс және республика көлеміндегі жарыстарда біз өзіміздің мүмкіндігімізді дәлелдеп келеміз. Алматыда өткен халықаралық «Seni cup» турнирінде І орын алып, артынша Астанадағы республикалық додада ІІІ орынды иелендік. Бұл – үлкен еңбек пен төзімділіктің жемісі. Сондай-ақ біздің мақтанышымыз Марат Ағибаев үстел теннисінен республикалық турнирде І орынды жеңіп алып, аймағымыздың атын асқақтатты. Мұның бәрі ерекше жандардың да спорт арқылы биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдейді, – дейді жаттықтырушы.

Бұл жеңістер орталық ұжымының еңбегінің, ал спортшылардың табандылығы мен ерік-жігерінің нәтижесі.

– Қазір біздің шағын футбол командасы кезекті мәрте Алматы қаласында өтетін жарысқа аттанып барады. Біз үшін бастысы жеңіс емес, ең бастысы олардың бойындағы сенімнің нығаюы, өз-өзіне деген құрметі мен қоғамға бейімделуі. Нағыз күш – адамның рухында. Ал спорт сол рухты шыңдайды, – дейді Нұрбол Тәжібаев.

Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА

Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: