«Қос тойың қабат келсін» дегендей, кешелі бері Сыр өңірінде дүбірлі мереке өтуде. Қала күні мерекесінің биылғы мәні де мазмұны да бөлек. Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына ғасыр толуымен тұспа-тұс келген мерейлі күн де диқандар қауымы да ала жаздайғы еңбегінің нәтижесін көрсетіп, елмен бірге алтын күз мерекесін тойлауда. Кеше облыс орталығындағы Өнер орталығына еңбек адамдары жиналды. Жаздың аптапты ыстығына да, көз аштырмас дауылды күнге де шағым айтпай, күн астында кетпен арқалап, Жер-анадан несібесін терген диқанға құрмет көрсеткен күн! Диқанның жүзі қуаныштан бал-бұл жанған мерекеде күн де сәулесін төге түсті. Ерен еңбек иесінің ерлігіне табиғат та бас игендей.
Биылғы күз нәтижесі сырбойылық диқандар үшін жемісті болды. Су тапшылығына қарамастан, жаңа технологияны игеріп, су үнемдеуге бейімделген Сыр диқандары биыл да Сыр күрішінен тау тұрғызды. Еңбекпен өскен елдің еңсесі тік, жүзі жарқын. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Өнер орталығында «Алтын күз-2025» салтанатты шарасы өтті. Оған Абай облысының әкімі Берік Уәли, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері, ғалымдар, өнер майталмандары, республиканың барлық өңірінен келген облыстық мәслихат төрағалары арнайы қатысты.
Аймақ басшысы ауыл шаруашылығында атқарылған жұмыстарға, агросаланың алдағы бағыт-бағдарына тоқталып, қамбаны толтырып, береке мен бірліктің үлгісін көрсеткен диқандарды құттықтады.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деген болатын.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын ұрпақ санасына сіңіру, насихаттау, қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу – біздің басты мақсатымыздың бірі! Сыр елінің даңқын асқақтатқан дала академигі Ыбырай Жақаев бастаған 102 Социалистік Еңбек Ерінің және тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның Еңбек Ерлерінің жетістіктері аңызға айналды. Саналы ғұмырында туған жеріміз үшін аянбай еңбек еткен ардақты ардагер ағаларымыз бүгін ортамызда. Облысымыздың дамуына қосқан орасан зор үлестеріңіз үшін Сіздерге барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымды білдіремін. Ел үшін жасаған ерен еңбектеріңіздің жемісін, бейнеттеріңіздің зейнетін көріңіздер!» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Мерекелік шарада Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. «Жан Арай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақдәулет Махашовқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Ол басқаратын серіктестік тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіру, күріш өңдеу зауыттарын іске қосқан, өнімдерін экспортқа шығарады. Өткен жылы 4 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын ашып, 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Сонымен қатар еңбек адамдары мен сала үздіктеріне «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін», Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медальдары, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаттары берілді.
Г.Мағлұмқызы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!