«Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығында волонтерлар күніне орай «Жастар. Жауапкершілік. Жанашырлық» атты салтанатты марапаттау кеші өтті. Іс-шараның мақсаты – еріктілердің еңбегін насихаттау, қоғамдық жұмыстарға үлес қосып жүрген жастарға қолдау білдіру және олардың белсенділігін арттыру. Айтулы іс-шараға қала әкімінің орынбасары Д.Абызов, қаладағы белсенді еріктілер ұйымдары, студенттік кеңес төрағалары, жастар қозғалыстары мен жас көшбасшылар қатысты.
Жиынды Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абызов ашып, жастардың қоғамдық ортадағы рөлін жоғары бағалады. Ол өз сөзінде еріктілік көзге көрінбейтін жұмыс емес, қоғам дамуының айнасы екенін атап өтті.
– Ерікті болу – еріккеннің ісі емес. Бұл – жүрекпен жасалатын жұмыс. Белсенді жастар елге адал қызмет етіп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосып жүр. Әрқайсыңыздың атқарған еңбегіңіз ертеңгі күні жемісін беретін үлкен қадам. Сондықтан сіздерге алғысымды білдіремін. Жастар – қаламыздың үміті, жалынды күші, – деді қала әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ жастармен тұрақты байланыс орнатып, олардың пікірін тыңдап, ұсыныстарын ескеру маңызды екенін атап өтті. Осы мақсатта ашық форматтағы еркін диалог ұйымдастырылып, жастар өз ой-пікірлерін еркін білдіруге мүмкіндік алды.
Салтанатты жиында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, бірқатар әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына үлес қосқан жастардың есімдері аталды. Оларға арнайы алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Бұл – олардың еңбегіне берілген шынайы баға.

Волонтер болу…
Аяулым Ермекбаева Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 5-жатақхананың студенттік кеңес төрағасы, белсенді жастардың бірі. Ол волонтерлік қоғам үшін ғана емес, жастардың дамуы үшін де пайдалы екенін атап өтті.
– «Жастар. Жауапкершілік. Жанашырлық» атты марапаттау кеші волонтерлер үшін үлкен мотивация. Волонтер болу – тек тегін еңбек ету емес. Бұл – азаматтық жауапкершіліктің, қоғамға деген жанашырлықтың көрінісі. Бүгінгі марапат еңбегіміздің еленген күні. Қала әкімдігі мен жастар ресурстық орталығы жастарға әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Әрбір бастаған идеямызға бағыт-бағдар беріп, әрқашан қолдайды. Осы тұста бізді назардан тыс қалдырмады, – дейді ол.
Сондай-ақ «Ақиқат» дебат клубының төрағасы, волонтер Бекзатхан Әмірханұлы да бұл іс-шараның жастар үшін маңыздылығын атап өтті.
– Қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абызовпен ашық диалог форматы – біз үшін үлкен мүмкіндік болды. Біз өз ұсыныстарымызды айтып, жастармен байланысты нығайту жайлы пікір алмастық. Әрбір жастың ойын тыңдап, идеяларын талқылауы әкімдіктің бізді қолдауы. Бұл іс-шараны жастар үшін тарихи күн деп айтуға болады. Себебі мұндай еркін форматтағы басқосу күнде бола бермейді, – дейді ол.
Ерікті жастардың пікірі толассыз. Бірі алғысын білдірсе, енді бірі кедергілерге төтеп беру керегін жеткізді.
– Волонтер болу – уақытты текке жұмсау емес, бұл – ерлік. Себебі әр көмек көрсеткен сәтімізде өзіміз де өсеміз, шыңдаламыз, сабақ аламыз. Бүгінгі марапат еңбегіміздің бекер емес екенін дәлелдеді. Бұл – тек мадақ емес, жаңа мүмкіндік, – дейді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 2-курс студенті Досымжан Бақытұлы.
Оның сөзінше, волонтер болу адамның бойындағы мейірімді арттырып, тұлғалық дамуға әсер етеді.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің тағы бір белсенді студенті Аңсар Әділханұлы жақсылық жасаудан қашпайтынын білдірді.
– Көпшілігі волонтерлар берілген тапсырманы ғана орындайды деп ойлайды. Бірақ олай емес. Біз жақсылықты жүрегімізбен жасаймыз. Көмек қолын созу – біздің жан дүниемізден шыққан ізгі іс. Ешқандай тапсырма емес. Сол себепті әрбір іс-шараға шын ниетпен қатысамыз. Бүгінгі марапат бізге жаңа жауапкершілік жүктейді, – дейді ол.
Иә, жастар – қоғамның қозғаушы күші. Марапат алған әр волонтердің артында үлкен еңбек жатыр. Осындай іс-шаралар жастарды жаңа идеялар ұсынуға, қоғамға пайда әкелетін жобаларды жүзеге асыруға ынталандыратыны сөзсіз.
Айдана Бахтияр
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!