Сейсенбі, 05 тамыз, 10:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58, 2171
05.08.2025
PDF мұрағаты

Еріншектің жұмысы емес

05.08.2025

32 0

Бұл жерден тігін машинасының сырт-сырт еткен үні ғана естіледі. Тіпті жан-жағына бұрылып қарамаған ол жанына келгенімді де байқамады. 

Палайым Аңламасова 60 жаста болса да мамандығынан алыстаған емес. Бүгінде перде тігудің маманы. Ісмер өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайды. Шәкірт те тәрбиелеп келеді.

 – Бала кезімнен сән әлемі қызықтыратын. Сол бала арман тігінші болуға жетеледі. 10-12 жасымнан бастап тігін тіге бастадым. Еңбек сабағында Аманкүл деген ұстазым осы бағытқа тәрбиеледі. Көйлек пішіп беретін. Сол жастан бастап өзіме көйлек тігетінмін.  Тігінмен айналысқаныма 40 жыл болды. Ең сүйікті ісім ою ойып, сырмақ сырғанды жақсы көремін, – дейді Палайым апа.

Бұрын әр үйде тігін машинасы болатын. Анамыз біздің көйлегімізді өзі тігіп беретін. Ал қазір әр үйден ине-жіп табу да қиын десек, артық айтқан емес.

– Жас кезімде әсіресе, ою ойғаннан шарша­май­тынмын. Осы істі жақсы көремін. Қамзол, тақияны оюлап тігетінмін. Киіз үйдің жабдығын да тіккенмін. Ат жабу, киіз үйдің жабдықтарына ою салу секілді тігін жұмыстарын істедім. Қазіргі уақытта перде тігемін әрі киім жөндеймін. Кейде тапжылмай отырып, күні-түні жұмыс істеуге тура келеді. Тігін тігуді үйрену көп уақыт ала қоймайды. Тігін тігуге ерінбеу керек. Ең бастысы, ынта болса болғаны.  Мұқият болу қажет. Мұнда қолдың икемі мен жылдамдық маңызды. Тігін өнерінде барлық несібең зор еңбекпен келеді, – дейді он саусағынан өнер тамған тігінші. 

Бұл жерде арнайы өлшенген перде, шымылдық тігіледі. Оларды үтіктеп, тап­сырыс берушіге жібереді. Сондай-ақ киім қысқартады. Мұның барлығы асқан жауап­кершілікпен жасайтын іс. Сырт көзге оңай көрінуі мүмкін. Палайым апамен әңгімелесіп отырып, қайнаған еңбектің куәсі болдым. Тігінші болу үшін төзім, жауапкершілік секілді қасиеттің болуы маңызды. Себебі мұнда талап қатаң. Әрине, әр істің өз қызығы мен қиындығы болады. Дегенмен тігінші болу екінің бірінің қолынан келе бермейтініне көзім анық жетті. 

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: