Жексенбі, 24 қараша, 13:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Ерлеген Мендалиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы: Мемлекеттік қызметке орналасу жеңілдеді

22.06.2024

711 0

«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген екен ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханов. «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп, Алаштың ертеңі үшін батыл қадамдарға барған қазақ зиялысының ұстанымымен өмір сүретін мемлекеттік қызметшілер жетерлік. Мереке қарсаңында саладағы өзгерістер мен жаңашылдықтарды білу мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиевпен сұхбаттасқан едік.

– Ерлеген Жәрдемұлы, ең алдымен, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Өңірдегі азаматтардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы қандай?
– Құттықтауыңызға рахмет. Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөл атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Мемлекетіміздің тыныштығы мен халқымыздың бейбіт өмірі бәрінен қымбат. Билікке деген сенім қазіргі қоғамның талаптарына сай қызмет ететін мемлекеттік қызметшіден басталады. Мемлекеттік қызметшінің қызметі – туған Отаны мен халқына адал еңбек етуімен бағаланады. Мемлекеттік қызметші ел сенімінен шыға білсе, одан жоғары мәртебе, одан артық бақыт жоқ деп есептеймін.
Ал енді қызығушылыққа келсек, қазіргі таңда отандастарымыздың мемлекеттік қызметке ұмтылысы ерекше. Біз сол үшін қуаныштымыз. Оның үстіне, қазір мемлекеттік қызметке орналасуға көптеген кедергі жойылды. Тіпті, жаңа мүмкіндіктер де қарастырылды. Мәселен, жоғары оқу орнын мемлекеттік грант арқылы бітірген жас мамандар конкурстық іріктеусіз төменгі лауазымдарға тағайындалады. Мұндай мүмкіндік 2023 жылдан бастап жастарға заң шеңберінде берілді. Осыған дейін облыста 4 жас маман жұмысқа орналасты. Қызылорда қаласы, Талсуат ауылдық округі әкімінің аппаратына, Шиелі ауданы, Тұран ауылдық округі әкімі аппаратына, Қармақшы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы лауазымына және Арал ауданы Жақсықылыш кентіне бас маман болып, конкурстық іріктеусіз тағайындалды. Бір айта кетерлігі, бұл мүмкіндікті диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде пайдалануға мүмкіндік бар. Осы кезде аудандарға іссапар кезінде де жастармен, облыста жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесіп, осы тақырыпта түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Жастарды қызметке тарту мақсатында биыл диплом алушы жастар үшін «Mansap Navigator 1.0» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараға 30-дан аса мемлекеттік және жекеменшік мекеме ұйымдарының өкілдері және 600-ге жуық студент түлек қатысты. Жұмыс берушілер тарапынан 200-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды.
– Өңірлік кадр резервіне іріктеу жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр? Жобаға өңір тұрғындарының қатысу белсенділігі қаншалықты деңгейде?
– Бүгінгі таңда өңірлік кадр резервіне іріктеудің соңғы кезеңіне келіп жеттік. Бұған дейін іріктеудің бірінші кезеңінде өңірлік кадрлық резервке 235 үміткердің құжаты қабылданды.
Екінші кезең екі блокта өтті. Оның бірінші блогы – заңнаманы білуге арналған тестілеуге 226 үміткер тіркеліп, оның 220-сы тест тапсырды, 6 үміткер тестілеуден өтуден бас тартты. Екінші блок жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуге 115 үміткер жіберіліп, оның 114-і тіркелді, 1 адам бас тартты. Нәтижесінде 51 үміткер кадр резервінің келесі үшінші кезеңіне жіберілді. «Құзыреттерді бағалау» кезеңі осы жылдың 13-29 мамыр аралығында Астана қаласында Мемлекеттік басқару академиясының базасында өтті. Аталған 51 үміткердің басым бөлігін мемлекеттік қызметшілер, халыққа қызмет көрсету орталықтарының және жеке сектордың қызметкерлері мен мұғалімдер құрайды. Соңғы кезең осы жылдың 22-26 тамызы аралығында өтеді деп жоспарлануда. Өңірлік резервке аймақтан 25 адам алынады. Резервте тұру мерзімі 2 жылды құрайды.
– Осы біз мемлекеттік қызметкерлердің ет пен сүйектен жаралған адам екенін ұмытып кеткен жоқпыз ба? Әдеп жөніндегі кеңеске қарап отырсақ, осындай ой келеді…
– Соңғы жылдары Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік істерін қарауды азайтып, профилактикалық бағыттағы жұмыстарға көбірек көңіл бөлуде. Мысалы, 2022 жылы кеңесте 86 мәселе қаралған болса, оның 45-і (52%) тәртіптік істерді, ал 41-і профилактикалық бағыттағы мәселелерді құраған. Осындай жұмыстардың нәтижесінде тәртіптік теріс қылық жасау деректері азайды.
Айталық, Әдеп жөніндегі кеңесте 2023 жылы 49 мәселе қаралса, оның 15-і (30%) ғана тәртіптік іс болды, қалғаны профилактикалық бағыттағы жұмыстарға арналды. Сонымен бірге кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшілердің де құқықтарының қорғалуына назар аударып келеді. Мәліметтерге тоқталсақ, 2022 жылы барлығы 45 тәртіптік іс қозғалған болса, оның 13-і бойынша қызметшілер тәртіптік жазаға тартылмады. Ал 2023 жылы 15 қызметшіге қатысты тәртіптік іс қаралған болса, оның 10-ы тоқтатылды. Биыл 12 тәртіптік іс қозғалса, оның 8-і тоқтатылды. Қалған 4 тәртіптік іс бойынша Кеңес мүшелерінің шешімімен лауазымды тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылды. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы лауазымынан босатылды. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасарына қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді. Ал жеке азаматтарды қабылдау кезінде дөрекілік көрсетіп, Әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны үшін қалалық тұрғын-үй инспекциясының басшысына ескерту жарияланды. Сонымен бірге Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысына өзіне заңсыз сыйақы тағайындау дерегі бойынша қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Міне, жоғарыдағы сандық деректерге қарағанда біз тек оларды жазалаумен ғана емес, қорғаумен де айналысып жүргенімізді байқауға болады.
– Заман да сәт сайын жаңарып, дамып келеді. Мемлекеттік қызметтегі азаматтардың біліктілігін арттырып, тәжірибесін қалыптастыруда қандай қадамдар бар?
– Мемлекеттік қызметшілерді даярлау және қайта даярлау жұмыстары (тағайындалған кезден бастап 6 айдан кешіктірілмей) ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы мен оның аумақтық филиалдарында жүргізіледі. Ал біліктілігін арттыру курстарын (3 жылдан сиретпей) Академия мен оның филиалдарымен бірге, мемлекеттік орган қызметінің бейініне сәйкес келетін білім беру ұйымдары жүзеге асырады. Өткен кезеңде барлығы 123 (жоспар – 826 (14,9%) қызметшінің білімін жетілдіру ұйымдастырылды. Оның ішінде қайта даярлаудан – 25, біліктілігін арттырудан 98 мемлекеттік қызметші өтті.
Мемлекеттік қызметке алғаш рет немесе оны тоқтатқаннан кейін алғаш рет келген 37 тұлғаға 3 ай сынақ мерзімі тағайындалды. Оның ішінде 36 тұлғаға тәлімгер бекітілді. Тағылымдамадан өтуі тиіс 23 қызметшінің 11-і өткен.
– Кейінгі буынға қандай ақыл айтар едіңіз? Мемлекеттік қызметші қандай болуы керек? Әрине, барлығы жұмыстың алғашқы күнінен бастап-ақ бәрін білетін деңгейге жетпейді ғой…
– Мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған адам ҚР Мемлекеттік қызметі туралы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сәйкестігі тұрғысынан ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізетін арнаулы тексерудің оң нәтижесін алуы қажет.
Мемлекеттік қызметке алғаш кіретін азаматтар үшін олардың атқаратын мемлекеттік лауазымдарға сәйкестігін тексеру мақсатында үш ай мерзімді құрайтын сынақ мерзімі белгіленеді. Мемлекеттік қызметке келген жастарға ел Президентінің мына сөзін айтқым келеді.
«Мемлекеттік қызметші болу – еліміздің, халқымыздың жарқын болашағы үшін адал қызмет ету. Бұл – үлкен жауапкершілік. Бұл – үлкен парыз. Мемлекеттік басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана сезімі терең, нағыз отаншыл жастар келуі керек».
– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: