Өмірде еңбегімен де, ақыл-парасатымен де елдің құрметіне бөленетін шуақты жандар болады. Басына қандай қиын-қыстау күн түссе де өзінің ержүректілігімен, батырлығымен Отанын қорғау жолында аянбай, кеудесін оққа тосқан ерлігі мәңгілік есте қалған ардақты азаматтың бірі – Әшім Бәйімбетов.
Ол 1918 жылы Тереңөзек ауданында (қазіргі Сырдария) шаруа отбасында дүниеге келген. Ауыл мектебінен білім алған алғыр, қандай тірлікке де епті, ұлтжанды азамат еңбек жолын 1936 жылы «Ақарық» ұжымшарында бастады. 1939 жылы Қармақшы аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына алынады. Әскери дайындығын Ярославль облысының Бурмакино қаласындағы №46 ерекше атқыштар батальонында атқыш болып бастайды. 1942 жылдан бастап Балтық флотының №314 теңіз-жаяу әскері полкінде соғысқа қатысады. 1942-1944 жылдар аралығында ауыр шайқастарға қатысқан. Кескілескен соғыстарда батылдық көрсеткен жауынгер 1946 жылға дейін Солтүстік Балтық теңізі флотының №296 ерекше байланыс полкінің байланысшысы ретінде қауіпті жауынгерлік жолдан өткен. Жеңіс жалауы желбіреген 1946 жылы елге оралып, бір жылдай жау оғынан алған жарақаты салдарынан еңбекке араласа алмайды. Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан аяқ қатысып, елге аман-есен оралғаннан кейін «Ақарық» ұжымшарында бейбіт еңбекке араласқан. 1948 жылы «Ақарық» ауылынан Сырдария су тоспасының салынуына орай арнайы шақыртумен Тасбөгет қыстағына келіп «Қызылордаплотинастрой» құрылыс-монтаж басқармасында құрылыс бөлімінің бригадирі қызметіне алынады. 1952-1953 жылдары су тоспасында электрик, 1953-1965 жылдары бетон зауытының бригадирі болып бүкіл КСРО бойынша екпінді құрылыс аталған су тоспасының салынуына үлес қосқан. Майдангер-құрылысшы Әшім әкеміз 1965-1974 жылдары «Главриссовхозстрой» тресінің №13 ПМК құрылыс мекемесінде бетоншылар бригадирі, 1974-1986 жылдары осы трестегі бетон араластыру бригадасының бригадирі болып зейнеткерлікке шыққанға дейін қажырлы еңбек еткен. Ерен еңбегі жоғары бағаланып, «Республикаға еңбегі сіңген құрылысшысы» атағы беріледі.
Майдангердің зайыбы Дариха да бетон араластыру цехында жұмыс істеді. Екеуі бірлесе жүріп еңбек майданында еңбек етті. Әшім әкейдің бойын тік ұстап, қара қылды қақ жарар әділеттілігі өз алдына бөлек еді. Қанша қиындық көрсе де мейірімді жүзімен қарамағындағы жұмысшыларға қамқорлығын аяған емес. Әр жұмысшының отбасылық жағдайын, денсаулығын жіті назарында ұстап, көмектесіп тұрды. Өте әділ кісі еді. Өз ортасында өте сыйлы болды. Ерлі-зайыпты құрыш қолды құрылысшылардың қарқынды еңбек еткенін Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Байжігіт Әбдіразақовтың «Рухы күштілер» деген кітабындағы «Қайсарлық» деген тақырыппен құрылысшы Әшім мен зайыбы Дариха жайлы жазылған очерк дәлелдейді. Кітаптан үзінді келтірсек: «Бұл өзі жылы төсек, жайлы орында уыз ұйқыға мас болар кез. Бұл өзі түнгі еңбек жорығынан оралғандардың бір сәтке мызғып алар шағы. Елең-алаңдағы аз ғана тыныштық шаршаған ой, қажыған жігердің кемтігін толтырады емес пе?! Ал ерлі-зайыпты Бәйімбетовтер әдетте бозала таңмен таласа тұрады. Осы дағды қос құрылысшының бойына отыз жыл ұдайы қалыптасқан. Бүгін де олар азанғы дәмді ертерек ішіп, жұмысқа беттеді. Сыртта сарышұнақ аяз, қытымыр жел. Қыраулы көшеде екеуінен өзге қыбыр еткен жан көрінбейді. Таңғы ызғар тіршілік атаулыны тыныштық көрпесіне қымтап тастағандай». Сондай-ақ өмірдің өз ортасынан ойып алып жазатын саңлақ суреткер Сәбит Мұқановтің «Сырдария» романы оқырман қауымның есінде болса керек-ті. «Сонда қырық мың кетпеннің бір ырғақпен көтеріліп, алтын қанат құстай күн көзінде жарқырайтын сәті әсем суреттеледі ғой. Сол қырық мың кетпеншінің бірі Әшім де, екіншісі Дариха еді. «Содан бері бұл екеуі жұп жазбай құрылыс майданынының алдыңғы шебінде еңбек етті. Асылы істің жемісті болмағы шеберлікке де байланысты ғой. Шеберлік өлшемі – разряд. Бұл жөнінен де ерлі-зайыптылар биік деңгейден көрінді. Ұзақ жыл қажырлы еңбек етіп, қасқайып сұм соғыстан тайсалмаған Әшім Бәйімбетов «Қазақ КСР-ның еңбегі сіңген құрылысшысы құрметті атағының, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің, «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен көптеген медальдардың иегері. Ал Дариха болса коммунистік еңбектің екпіндісі, бірнеше медальдармен, Құрмет грамотасымен наградталған. Сол баяғы сіреу қыр басқан бас көшенің бойымен қос құрылысшы сықыр-сықыр басып қайтып келеді,» – деп баяндалады очеркте.
Ұлы Отан соғысындағы жанқиярлық ерлігі үшін «II дәрежелі Отан соғысы» орденімен және «1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыста Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталған. Сонымен қатар Жеңістің 20,30,40 жылдығының және КСРО Қарулы Күштерінің 50,60,70 жылдығына арналған жауынгерлік-мерекелік медальдармен наградталған. Еңбектегі ерлігі үшін КСРО Жоғары Кеңесі президиумының 1971 жылғы 8 сәуірдегі Жарлығымен «Еңбек қызыл ту» орденімен (№543178) марапатталса, сол жылы республика үкіметінің қаулысымен «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген құрылысшысы» құрметті атағын алған. Ол сонымен қатар «Еңбек ардагері» медалімен де марапатталған (№26 ақпан 1982 жыл).
Әшім Бәйімбетов елге сыйлы, жастардың ақылшысы, қарапайым, елгезек, еңбекқор, үлгілі болды. Майдангер Әшім Бәйімбетов 1993 жылы 11 ақпанда 75 жасында дүние салды.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Сол әдемі теңеу Әшім атамызға арналып айтылғандай. Себебі қанқұйлы соғыстан аман оралған жеңіс сарбазы еңбек майданының да даңқты еңбеккері. Ардақты азаматтың есімі қанша уақыт өтсе де ұмытылмайды.
Айнаш БӘЙІМБЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!