Сенбі, 07 ақпан, 01:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№10 (2222)
07.02.2026
PDF мұрағаты

Ерлігі елге мұра

07.02.2026

46 0

Қан майданда оқ пен оттың ортасында басын бәйгеге тіккен қаһармандар жетерлік. Бойында ұлы рухы асқақтап, ел үшін, жер үшін деп майдан даласына аттанған азаматтардың бірі Байбул Рахметов еді. Екінші дүниежүзілік соғысқа

1943 жылы аттанған ол кейін хабарсыз кеткендердің қатарына енгізілді. Араға сан жылдар салып, өткен жылдың желтоқсанында ерлігі өшпес ердің сүйегі табылып, туған жердің топырағы бұйырды.

Байбул Рахметов 1917 жылы Қызыл­орда облысы, Сырдария ауданына қарас­ты Киров (қазіргі Ақсуат ауылдық ок­ругі) ауылында дүниеге келген. Қазақ басындағы нәубетті жылдары, 1930 жылы ашаршылықта ағайындарымен бірге жан сауғалап, Өзбекстанның Ташкент облысы Шыршық қаласына қоныс аударды. Ол бір емес, екі соғысқа да қатысты. 1939 жыл еді… Әскер қатарына жасы келген Байбул Өзбекстаннан шақыртылып, Финляндия соғысына аттанды. Ол жақтан есен-аман ағайындарының ортасына оралды. Шыршыққа оралған майдангер 1942 жылға дейін химиялық зауыттың әскери қызметінде еңбек етті.

Бұл уақытта екінші дүниежүзілік соғыс басталып кеткен. Әскери тәжірибесі бар Байбул бұл ретте майдан даласына аттанатыны анық еді. Осылайша ол 1942 жылдың мамыр айынан бастап Ташкент облысының Шыршық қаласынан әскерге шақыртылып, атқыштарды дайындау курсынан өтті. Ал майдан даласына 1943 жылдың 3 наурызында аттанды. Майдан шебінде жүріп, хабарсыз кетті.

Бауырды қиған кім бар дейсіз?! Байбулдың туған ағасы Жылқайдар Кулибаев соңғы демі шыққанша үмітін үзбеді. Кейін ол балаларына да «бауырымды іздеуді тоқтатпаңдар» деп аманаттайды. Қызы Фатима әке аманатына адалдық танытып, 2009-2010 жылдары іздеу кезінде Ресейдің Подольск қаласындағы әскери мұрағаттан алғашқы дерекке қол жеткізді. Алғашқы дереккөз Ресейдің «Память народа» сайты болатын. Сол жерде кіші сержант Байбул Рахметовтің марапат тізбесі де көрсетіліпті. Онда «1101 стрелковый полк, 326 стрелковый Рославльской Краснознаменной дивизий» деп көрсетіліпті.

Байбул Рахметовтің марапат тізбесінде 1943 жыл­дың 15 шілдесінде Выгуза өзенінің маңындағы Буда-Монастырьская, Кожановка, Пузановка аудан­дарындағы ұрыстарда жаудың жаяу әскер құрамын күл-талқан етіп, тікелей атыста жаудың атыс нүктелерін жойғаны үшін «За Отвагу» медалін алғаны жазылған. Ал 26 ақпанда бүкіл қару-жарақ экипажы істен шыққанда жалғыз өзі шегініп бара жатқан жау әскеріне оқ жаудырып, жаудың екі арбасын жойғаны туралы да деректер бар.

1943 жылдың 3 желтоқсаны. Кескілескен жаумен қақтығысып, қыстың қытымыр суығында да ел шетін дұшпаннан қорғаған қаһарман бұл жерде де ерлік көрсетеді. Бұл туралы полк командирі Волковтың жазбасы бар. Ол жерде: «…жау танкілері атыс позицияларына шабуыл жасады. Дәл осы сәтті пайдаланған жаудың жаяу әскері де нықтап орналасып алды. Ал Рахметов жолдас артқы жағында келе жатқан Тигр танкісін қағып түсірді. Оның байсалдылық, шыдамдылық қасиеттері мығым. Жау танкілерінің оқ жаудырған дауылында өзінің борышын ең жоғары деңгейде өтеп шықты. Қайсарлығы мен батылдығы үшін ол үкіметтік «Красная звезда» орденіне лайық» делінген.

Кейінгі уақытта қара қағаздағы деректе аға сержант Байбул Рахметовті 1944 жылдың 26 маусымындағы ұрыста қаза тауып, Ленинградтың Островский ауданына қарасты Баево қыстағындағы бауырластар зиратында жерленгені айтылады.

Әке аманатынан басталған ұлы іске алғашқылардың бірі болып жауынгердің жиені, ҚР ІІМ-нің отставкадағы полковнигі Байдулла Кулибаев атсалысады. Ол 2014 жылы Баево қыстағына отбасымен және қарындасы Қалдыгүлмен бірге барып, архив құжаттарын негізге ала отырып, бауырластар зиратындағы мемориалды тақтаға Байбул Рахметовтің есімін жаздырды. Баево мен Ақсуаттың арасына жол салған осы бастамамен 2024 жылдың 5 қазанында Жылқайдар Рахметовтің баласы Хасен қызы Ақнұрмен бірге әке аманатын орындауға нықтап кірісті. Олар Өзбекстандағы Шыршық қаласында жерленген әкесінің қабірінен топырақ салынған капсуланы Баеводағы бауырластар зиратына апарып көмді. Ал Псковтан алынған топырақты Шыршықтағы әкесінің қабіріне апарды.

Байбул Рахметов екінші дүниежүзілік соғысқа Өзбекстанның Шыршық қаласынан аттанған. Сол себепті Шыршықтағы соғыста қаза тапқандарға арналған «Летят журавли» мемориалдық кешеніндегі даңқ тақтасына есімі жазылған.

Іздестіру жұмысы тоқтаған жоқ. 2024 жылдың 6 қазаны болатын. Ресейдегі Обелиск және Феникс іздестіру топтары Баево қыстағының маңайынан неміс бункерін тапты. Қазба жұмыстары бірнеше айға созылды. Осы жұмыс барысында мәйіт табылып, оның Байбул Рахметовтің денесі екені анықталды. Мәйітпен бірге пышақ, ұстара, қаламсап, оқ гилзасы тәрізді заттар болған. Сондай-ақ «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Ерен ерлігі үшін» медалі де табылған заттар қатарында болды.

Араға бірнеше ай уақыт салып, 2025 жылдың мамыр айында «Ата аманаты» қоғамдық бірлесті­гінің әлеуметтік желідегі парақшасында Байбул Рахметовтің туыстарының іздестіріліп жатқаны жарияланады. Хабар жеткен соң Хасен Рахметов қазбаға жауапты қызметкер Дмитрий Ивановпен байланыс орнатып, майдангердің сүйегін елге жеткізудің алғашқы қадамы басталып кетті. Бұл оқиға жайла мақала Қызылорда облыстық «Кызылординские вести» газетіне жазылды.

Осындай еселі еңбектің арқасында 2025 жылдың 23 желтоқсанында Байбул Рахметовтің сүйегі туған жердің топырағына жетті. Ал 28 желтоқсанда облыс орталығындағы Тағзым алаңында қала әкімшілігінің, әскери қызметкерлер мен майдангердің бауырларының қатысуымен митинг өтті. Батырдың рухына тағзым етіп, аға ұрпақ алдындағы парызды орындау тек туған жерінде ғана емес, ел ордасы – Астана қаласында да өтті. Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған жиын­да әскери қызметкерлер қатысып, Байбул Рахметов­ті еске алды. Бұл митингке қатысушылар батыр­дың өмір жолына тоқталып, оның ерлігі жайлы мәліметтермен танысты. Иә, батырға құрмет толастамауы керек.

Ел үшін кеудесін оққа тосқан жауынгер бүгінде өзінің туған жері Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округіндегі орталық зиратқа жерленген.

Ерлігі елге мұра болған тұлғаларды бүгінгі ұрпақ білуі керек. Олардың ел үшін еткен еңбегі орасан зор. Бүгінде ағайын-туыстары майдангер Байбул Рахметовтің атына Ақсуат ауылдық округінен көше беріліп, есімі туған жеріндегі тағзым алаңындағы тақтаға жазылса екен дейді.

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: