Сенбі, 17 қаңтар, 01:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№4 (2216)
17.01.2026
PDF мұрағаты

Ерлігін ел құрметтеген азамат еді…

17.01.2026

38 0

Елімізге жеңіс сыйлаған соғыс ардагерлерінің  есімі ұр­пақ жадында мәңгілік сақ­талады. Себебі олар қан майданда Отан үшін отқа түсіп, елдің тыныштығын қорғады. Бейбіт күннің шуа­ғын сыйлаған аға ұрпақ­қа құрмет көрсету біздің па­рызымыз. Жеңіс сарбаздары­ның шежірелі жолдары та­рих беттерінде қатталып тұр.  Осындай қастерлі майдан­гер­дің бірі – Хабибулла Әлсүгіров.  Ол 1917  жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, 1-Май ауылында дүниеге келген. 1941 жылы соғыс басталысымен 24 жасында өзі сұранып майданға аттанған. Киевтегі № 743-атқыштар полкі құрамында соғысып, ерен ерлік көрсеткен. Кескілескен қан майданда жан аямай шайқасып, жеңісті жақындатуға үлес қосқан. Ұрыс даласында қаншама ерлік көрсетіп, тегеуріні темірдей қайсарлықты бойына серік еткен жауынгер 1943 жылы  аяғынан ауыр жарақат алып, елге оралады. Бойында жауға деген өшпенділігін оятып, ел үшін қайта сапқа тұрып шайқасады.  Осылайша 1945 жылы 25 қазанда  ұлы жеңіс салтанатымен үшінші топ мүгедегі  болып елге оралады. Бейбіт күннің шамшырағын жаққан әкеміз Хабибулла Әлсүгіров   мүгедектігіне қарамастан,  1946 жылы Тартоғай кірпіш зауытына  жұмысқа тұрады. Бейнеті ауыр болса да тәуекел етіп, жастарға  кірпіш күйдірудің қыр-сырын үйретеді.  Зауытта ұзақ жыл еңбек етіп, құрметпен  зейнетке шығады. 

Әкеміздің қан майдандағы ерлігі де еленбей қалмады.  Отанды азат етудегі ерлігі үшін 1949 жылдың 9 сәуірінде  «За победу над Германией», 1975 жылдың 28 сәуірінде «Ұлы жеңіске отыз жыл», 1985 жылдың 4 мамырында «Ұлы жеңіске қырық жыл», 1995 жылдың 26 мамырында маршал   Г.Жуков  медалімен, 1995 жылы  «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан  соғысы жеңісінің елу жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды.

Еліне  адалдықты ту еткен нар тұлға бейнетінің зейнетін көріп, балалары мен немерелерімен бақытты да, мағыналы ғұмыр кешіп, 7 перзент тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардың рахатын көрді. 80 жастың сеңгірін бағын­дырған аяулы жан 1998 жылы 6 қазанда дүниеден өтті. Ер есімі ел есінде қалса дейміз. Сондықтан майдангер  әкеміздің жауынгерлік ерлігі кейінгі ұрпаққа мәңгі өшпес өнеге болып, тарих беттерінде қалу үшін Қызылорда қаласынан бір көшеге әкеміздің аты берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Әке, сенің ұрпағың  еді  дәулетің,

Естеліктің ақтарамыз  әр бетін.

Батыр бейнең сақталады жүректе,

Еске алады құрметпенен әулетің.

Бейбіт өмір  өз еліңе сыйладың,

Бар байлығың перзент еді жиғаның.

Бағыштаған құранымыз  қабыл боп,

Мәңгі серік болсын дейміз иманың.                                                                           

 Әлсүгіровтер әулеті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: