Биыл Жеңіс жалауының желбірегеніне – 80 жыл. Жеңіс күні жақындаған сайын білім ордаларында ерлік пен елдікті насихаттаған тәрбиелік мәні зор іс-шаралар өтуде. Қаладағы Әлия Молдағұлова атындағы №173 орта мектепте өткен мазмұнды іс-шара да жеңіс күніне арналды.
Айта кетейік, биыл Әлия Молдағұлованың туғанына – 100 жыл. Осыған орай білім ордасындағы «Жеңіс: Ерлік пен елдіктің тарихы» тақырыбындағы тарихи-танымдық экспедициялық кездесу өтті. Кездесуге ҚР ҰҚК шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім бастығы, подполковник Мақсат Ибраимұлы, «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстағы төрағасы, шекарашы ардагер Асан Худояров, Ақтөбе облысындағы Әлия патриоттық тәрбие беру орталығының директоры Бағдаш Тупенова, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Марат Аралбаев қатысты.
Ең алдымен іс-шараға қатысушылар батыр Әлияның бюстіне гүл шоқтарын қойып, үнсіздікпен еске алды. Айта кетелік, қазақтың батыр қызы атындағы білім ордасының алдына 1992 жылы Әлия Молдағұлованың бюсті қойылған. Мазмұнды басқосуға арнайы келген қонақтар қазақтың қайсар қызы Әлияның аңызға айналған ерлігін айта келіп, бейбіт күннің баға жетпес құндылық екенін жас ұрпаққа әсерлі жеткізе білді. Алыс Ақтөбеден ат терлетіп келген Әлия Молдағұлова атындағы патриоттық тәрбие беру орталығының директоры Бағдаш Тупенова оқушыларға Әлияның өмірі туралы айту үшін жылжымалы көрме ала келіпті. Білім ордасындағы Әлия Молдағұлованың құрметіне ашылған «Ерлік» шағын музейінде көрмеде батыр Әлияның туған жері, оқыған мектебі, отбасы, соғыс жылдарындағы ерлігі, жазған хаттары, тағы басқа дерекпен қамтылған. Жас буынға Әлиядай батыр, қайсар, өр рухты қазақ қызының ерлігі мен еңбегін насихаттай келген ақтөбелік қонақтардың әкелген мазмұнды ақпаратын мектеп өрендері қызыға тыңдады.

– Биыл Әлия Молдағұлованың туғанына – 100 жыл. Небәрі 19 жасында майдан даласында қаза тапқан Әлиядай қазақтың қайсар қызының ерлігі, еңбекқорлығы, адалдығын жас буынға үлгі ету мақсатында құрылған орталық жұмысының негізгі міндеті де сол. Жеңістің 80 жылдығына орай Сыр өңіріндегі Әлия атымен аталатын мектепке арнайы келдік. Жылжымалы көрмені жеткіншектерге таныстырып жатырмыз. Ерлік ешқашан ұмытылмайды, – дейді Ақтөбе қаласынан арнайы келген орталық директоры Бағдаш Тупенова.
Мазмұнды іс-шарада мектеп оқушылары ашық аспан астында бейбіт күннің әнін шырқап, би биледі. Өздері білім алатын білім ордасына есімі берілген батыр Әлия Молдағұлова туралы тың деректермен танысты.
– Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай мектебімізде жыл бойы тәрбиелік мәні зор іс-шаралар өтуде. Жас буынға ерлікті, елдікті, Отанды сүюді, бейбіт күннің қадірін ұғынуды мақсат еткен мұндай іс-шаралардың орны бөлек. Бүгін Ақтөбе қаласынан, Әлия Молдағұлованың туған жерінен арнайы келген қонақтар жылжымалы көрме ұйымдастыруда. Жеткіншектер бүгінгі күннен тағылымды ой түйеді деп ойлаймын. Ерлік ешқашан ұмытылмайды, – дейді №173 Әлия Молдағұлова атындағы мектеп директоры Жеңісбек Құлғазиев.
«Біз бақытты баламыз» деп бейбіт күнде, ашық аспан астында ән шырқаған балалар шынында, бақытты. Бейбіт күнге жеткізген ерлікке мың тағзым!
Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!