Біз сұрапыл соғыс өртін көрмесек те соғыс салған қасіретті көріп өстік. Майданнан оралмаған ұлының жолын тасқан ананың, жарын күткен апаларымыздың көз жасының, жүзіндегі айықпас мұңның куәсі болдық. Соғыстан мүгедек болып оралған жаралы жандарды, ауылдас ағаларды көзбен көрдік. Тұтқиылдан тұтанған соғыс өртінің салған ізі қаншалықты ауыр екенін терең түсініп, бейбіт өмірдің қадіріне жете білдік. Әкеміз соғыс тарихынан әңгіме қозғағанда «соғыстың қасіреті қайталанбасын, бейбіт өмірге ештеңе жетпейді» деп отыратын еді.
Ер-азаматтар түгелдей дерлік майданға аттанып, жаумен шайқасса, артта қалған елге де оңай тимеді. Жас-кәрі түгелдей, күн-түн демей, еңбекке жұмылды. Бәрінің сондағы мақсаты – жауды жеңуге үлес қосу еді. Санаулы күндерде Жеңістің 80 жылдығы аталып өтпек.
Осы орайда мен де майдангер ұрпағы ретінде 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, жоғары білімді мұғалім Рахметов Қуаныш Рахметұлы туралы естелік жазу үшін қолыма қалам алдым. Әкем Қуаныш 1922 жылы қазан айында Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, қазіргі Алға ауылдық округінде (Үрмаш Түктібаев ауылында) дүниеге келген.
Қызылорда қаласынан 2 жылдық жұмысшылар факультетін бітіріп, 1941 жылдың 1 қыркүйегінде Қазалы ауданындағы Майлыбас бастауыш мектебіне мұғалім болып еңбек етіп жүргенінде 1941 жылдың 24 қазанда армия қатарына алынып, Сталинград, Прибалтика майдандарында шайқасқан. Соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, 1945 жылы Жеңістің құрметіне «1941-1945 жылдары екінші дүниежүзілік соғыста Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Соғыс залалынан бүлінген жерлерді қалпына келтіруге атсалысып, 1946 жылы туған жеріне, сарғайып жолын тосып отырған ата-ана, бауырларына оралады. 19 жастағы өрімдей жастың соғысқа аттануы, атамыз Рахмет пен әжеміз Құндызға да оңай тимегенін әкеміздің естелік әңгімелерінен естіп өстік. Төрт қыздан кейін сағынып дүниеге келген шаңырақ иесі өсіп, білім алды, есейді, апалары Алуа, Миіз, Алтын, Ұлдаштарға қолғанат, ізіне ерген інісі Ақжігітке қамқор болар деп отырған кезде ойламаған жерден сұм соғыстың басталуы отбасына үлкен уайым әкелді. Дегенмен «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген бабалар сөзіндегідей, әкеміз аман-есен елге оралады. Соғыстан кейін еңсесі түскен ел адамдарына қолынан келген қамқорлығын жасап, шәкірт тәрбиелеу жұмысын жалғастырады. 1946-1952 жылдарда Қазалы ауданында «Бозкөл» мектебінің директоры, №88 қазақ орта мектебінде қазақ тілі және орыс тілі пәндері бойынша сабақ берген. Сонымен қатар ауылда орта білім ала алмаған жастар үшін жұмысшы жастар мектебінің (кешкі мектептің) ұйымдастырылуына атсалысып, өмірінің соңғы күніне дейін сол мектептің директоры қызметін атқарған. 30 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп, шәкірттерінің жүрегінен жол тауып, саналы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосты.
«Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» дегендей әкемнің шәкірті, кейін қызметтес болған Оңалбике Байманова әкем туралы «Қуаныш ағай» атты естелігінде: «Ағай мұғалімдік қызметте жүріп Қызылорда педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, білімін одан әрі жалғастырады. Тумысынан талантты адам ғой, орыс тілін де еркін меңгеріп, өз бетінше тарихпен шұғылданады. Үздіксіз іздену, тынымсыз еңбектің нәтижесінде білімді болды. Бала кезімізден көп нәрсе есімде, ағайдың қолынан кітап түспейтін. Сабақтан босаған уақытында сол кітаптарды оқып отыратын» деп еске алыпты.
Ел есінде сақталған абзал әкем небәрі 55 жасында өмірден озды. Балаларының өсіп, қанатының қатқанын, өмірде өз орнын тапқанын көру әрбір әкенің арманы болса, тағдырдың жазуымен ол арманы орындалмады.
Анам Рахметова Сәлима Махамбетқызының балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, соғысқа кеткен ер-азаматтардың орнына тылда еңбек етіп, бейнет кешкен тыл ардагері, көпбалалы, «Алтын алқа» иегері. Әкеміз дүниеден өтіп, тұрмыстың ауыртпалығын жалғыз өзі көтеріп, өмірдің ащы-тұщысын көріп, балаларын жеткізді. 2017 жылы 87 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. «Орнында бар оңалар» дегендей, артында қалған ұл-қыздары үйлі-жайлы, барлығы да орта арнаулы, және жоғары білімді мамандар.
Соғыс ардагерлерінің есімін ел тарихында қалдыру іс-шарасына үн қосып, әкемнің майдандағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі еңбек жолына қатысты жеке құжаттарын шынайы тарихтың куәсі – архив қорына өткіздік. Соғыс ардагерлерінің жүріп өткен жолдарынан сыр шертер құжаттарын кейінгі ұрпақ қолмен ұстап, көзбен көрсе, Отанын сүйіп қорғауда, бейбіт өмірдің қадірін білуге әсері мол болар деп ой түйдік.
Қазіргі таңда құжаттар облыстық мемлекеттік архивінің қоғамдық-саяси тарихы бойынша архивінде «Ұлы Отан соғысының ардагерлері» жеке тектік қор коллекциясының құрамында сақталуда.
Жеңістің 80 жылдығына орай Отан үшін от кешкен, өнегелі өмірі мен ісі көпке үлгі болған әкем Қуаныш Рахметұлы туралы есте қалған естеліктерді жаза отырып, бейбіт күн сыйлаған барша соғыс ардагерлерінің ерлігіне тағзым еттім!
Гүлнар Рахметова
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!