Бізге жеңіс оңайлықпен келген жоқ. 1418 күнге созылған қасіретті соғыс қазақ даласынан да мыңдаған боздақтың жастығын жалмады. Қан майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанып, олардың жартысынан астамы мерт болды. Сыр бойынан 150 мыңнан астам жауынгер майданға аттанса, 30 мыңнан астамы ұрыс даласынан туған жерге оралмады. Бүгінде біздің аймақта қан майданға қатысқан жеңістің куәгері болған 2 қарт сарбаз ғана қалды.
«Тағзым» алаңында Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты салтанатты шара өтті. Тағылымды шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және құқық қорғау органдарының басшылары, облыстың зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, қала тұрғындары қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қызылордалықтарды Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткен әскери шеруде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз», – деп, 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетінін атап өтті. Осы орайда, ерекше атап өту қажет, оның 146-сы – облысымыздың ардагерлері. Жыл аяғына дейін қаһармандардың есіміне көше беріледі. Сұрапыл соғыс жеңімпаздарының ерен ерлігін, шексіз батырлығын жадымызда жаңғырту, оларды мәңгі есте сақтау – қасиетті борышымыз. Жеңіс күні арыстарымызды еске алып, арамыздағы ардақты ардагерлерімізге құрмет көрсету – елдік парызымыз. Арын – байрақ, намысын – найза еткен ерлеріміздің қаһармандығы аңызға айналуда. Бүгінгідей Тәуелсіз ел атанып, еңсеміздің биік болуы, өркендеп-өрістеуіміз – Ұлы Жеңістің жемісі. Аға буынның қайсарлығы мен төзімділігі, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, жарқын болашаққа қадам басып келеміз.
Батыр бабаларымыз қол жеткізген қасиетті де ұлы ерлік ел жадында мәңгі сақталады! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болғай! – деді аймақ басшысы.
Салтанатты шарада ерліктің символындай болған қаhарман жауынгерлер құрметіне бір минут үнсіздік жарияланып, ескерткішке гүл шоғы қойылды.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!