Футбол – әлемдегі ең танымал спорттың бірі. Әсіресе жасөспірімдер арасында футболға деген қызығушылық күн сайын артып келеді. Өйткені футбол балаларды тек спортқа ғана емес, тәртіпке, ұйымшылдыққа және алға ұмтылуға баулиды. Қызылорда қаласындағы Байзақ Момынбаев атындағы №278 IT мектеп–лицейінің 9 «В» сынып оқушысы Ерсұлтан Біртай да – осы жолды таңдағандардың бірі. Ол кішкентайынан доп қуып, бүгінде «Қайсар» жастар командасының сапында өнер көрсетіп жүр. Жас футболшымен сұхбаттасып, оның алғашқы қадамы, арман–мақсаты мен футболдағы әсерлі сәттері жайлы әңгімелестік.
– Футболға алғаш қалай келдіңіз? Сол күн есіңізде ме?
– Иә, ол күн әлі есімде. 2016 жылдың 16 қыркүйегінде анаммен бірге «Қайсар» футбол клубының 2007 жылғы жасөспірімдер командасына алғаш рет бардым. Сол сәттен бастап футбол менің өмірімнің бір бөлігіне айналды.
– Алғашқы бапкеріңіз кім болды?
– Алғашқы бапкерім – Қайрат Сәрсенов. Ол кісінің үйреткен сабақтарын әлі күнге дейін есте сақтаймын. Маған тек техника емес, тәртіп пен еңбектің маңызын көрсетті.
– Қай позицияда ойнағанды ұнатасыз?
– Маған шабуылда ойнаған ұнайды. Себебі шабуыл – бұл гол соғу мүмкіндігі, ал гол салған сәт – футболшы үшін ең үлкен қуаныш. Әр гол салғанда өзімді ерекше шабыттанғандай сезінемін.
– Өзіңіздің мықты қырыңыз бен жақсартқыңыз келетін тұстарыңыз қандай?
– Менің мықты тұсым – допқа соққым мен техникам. Бірақ футболшы әрдайым өзін жетілдіруі керек. Болдым, толдым деген күнің сенің тоқтағаның. Өз жетістігіңе сүйсіну биікке апармайды. Сондықтан қазір физикалық күшімді, жылдамдығымды арттыруға көп көңіл бөлемін. Арнайы жаттығулар жасап, осы бағытта еңбектеніп жүрмін.
– Сіздің есіңізде ерекше қалған матч бар ма?
– Иә, Тараз командасына қарсы ойнаған кездесу есте қаларлық. Сол матчта алғашқы голды өзім соқтым. Ал ойынның соңғы минутында біз жеңісті жұлып алдық. Жанкүйерлердің қуанышын көру – ерекше сезім.
– Кімді үлгі тұтатыз?
– Менің кумирім – Криштиану Роналду. Оның тәртібі, еңбексүйгіштігі және өзін-өзі жетілдірудегі табандылығы ұнайды. Роналду сияқты кәсіби деңгейге көтеріліп, мақсатыма жеткім келеді.
– Футбол мен оқуды қатар алып жүру қиын емес пе?
– Әрине, оңай емес. Сабақ та маңызды, футбол да маңызды. Бірақ уақытты дұрыс жоспарласаң, барлығына үлгеруге болады. Таңертең сабаққа барсам, түстен кейін жаттығуға барамын. Кейде шаршайсың, бірақ сүйікті ісің болса, бәріне төзесің.
– Алдағы арман-мақсатыңыз қандай?
– Алдымен «Қайрат» футбол клубында ойнағым келеді. Бұл командада өсіп, өзімді жетілдіруге үлкен мүмкіндік бар. Ең үлкен арманым – мықты футболшы болып, «Қайсардың» да, туған жерім Қызылорданың да атын әлемге таныту. Болашақта отбасымды асырай алатын нағыз кәсіпқой болғым келеді.
– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!