Заманауи технологиялар қоғам өмірінің барлық саласына дендеп еніп, білім беру жүйесіне де жаңа бағыттар мен мүмкіндіктер ұсынып отыр. Солардың бірі – ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, яғни дрондар. Көпшілік үшін дрон жай ғана ойын-сауық құралы ретінде көрінуі мүмкін. Алайда бұл құрылғылар болашақтың технологиялық тетігі, инженерлік және цифрлық дағдыларды дамытудың тиімді құралы.
Тұрар Рысқұлов атындағы №222 орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясының «FLYORDA» дрон үйірмесінің жетекшісі Ержан Кенжеевтің бастамасы осының жарқын дәлелі. Ол тек сабақ берумен шектелмей, оқушыларды дронмен жұмыс істеуге баулып, халықаралық жарыстарға қатысатын, ғылыми жобалар әзірлейтін білікті жас мамандарды тәрбиелеуде. Дрондарды білім беру процесіне енгізудің маңызын, практикалық тәсілдерін және болашақ даму бағыттарын білу үшін Ержан Кенжеевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Дрондар қызығушылық неден басталды?
– Ең алдымен фото-видео түсіре бастадым. Қала көріністерін аэротүсірілім арқылы жазып, оларды өңдеп, әлеуметтік желілерде жариялап отырдым. Осы қызығушылық уақыт өте келе кәсіби бағытпен жалғасып, қазіргі таңда оны білім беру саласымен ұштастырып келемін.
– Үйірмеге келетіндер көп пе?
– Дронды басқарып үйренуге қызыққан оқушылардың саны артып келе жатқанын байқадым. Қалада бұл бағытта арнайы үйірме ашу туралы бастаманы қаладағы IT және робототехника саласының ардагері, тәжірибелі маман Раушанбек Сариев көтерді. Ол кісі бұл ұсынысты оқушылар сарайының сол кездегі басшысы Меруерт Наушақызына жеткізді. Ұсыныс қолдау тапқаннан кейін үйірме жұмысын ресми түрде бастап кеттік. Үйірменің негізгі мақсаты – елімізде ұшқышсыз ұшатын аппараттарды яғни, дрондарды кәсіби деңгейде басқара алатын білікті мамандарды даярлау, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі дрон жарыстарына қатысып, еліміздің намысын абыроймен қорғайтын, көк туымызды биікке көтеретін жастарды тәрбиелеу.

– Дрон – көп адам үшін жай ғана «ойыншық техника» сияқты көрінуі мүмкін. Сіздің түсінігіңізде дрон деген не? Ол бүгінгі қоғамға не үшін керек?
– Иә, көпшілік үшін дрон алғашқы кезде тек ойын-сауыққа арналған қарапайым техника ретінде қабылдануы мүмкін. Менің де бұл сала туралы бастапқы түсінігім осындай еді. Алайда дрон технологиясын тереңірек зерттей келе, оның қазіргі таңда және болашақта түрлі салаларда кеңінен қолданылып, маңызы жылдан-жылға артып келе жатқанын аңғардым. Бүгінде дрондар тек фото-видео түсірумен шектелмей, ауыл шаруашылығы саласында агродрондар арқылы егін алқаптарын өңдеу мен бақылауда, құқық қорғау саласында, төтенше жағдайлар кезінде іздестіру-құтқару жұмыстарында, құрылыс саласында, өрт сөндіруде және қауіпсіздік жүйелерінде кеңінен қолданылып отыр. Менің түсінігімде дрон – түрлі салалардағы жұмысты жеңілдетіп, уақыт пен адам ресурсын үнемдеуге мүмкіндік беретін, қазіргі заманның маңызды цифрлық технологиялық құралы.
– Сіз мектеп оқушыларына дрон басқаруды үйретіп жүрсіз. Жалпы сабағыңыз қызық өтетін шығар…
– Оқушылардың практикалық дағдыларын дамытуға басымдық беремін. Әрине, теориялық білім беру де назардан тыс қалмайды, алайда сабақ барысында оқушылар теориядан бөлек, дронды өздері құрастырып, бағдарламалар басқаруды үйреніп, тәжірибе жинайды. Бұл үрдіс оқушылардың техникалық ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, олардың қызығушылығын арттырып, инженерлік бағытқа бейімделуіне мүмкіндік береді.

– Оқушыға дрон басқарудың қыр-сырын үйрету барысында ең әуелі қандай тақырыптарға басымдық бересіз?
– Ең алдымен қауіпсіздік ережелеріне ерекше назар аударамын. Бұл дронмен жұмыс істеудің ең маңызды және міндетті кезеңі. Одан кейін дронның құрылымы, бағдарламалық қамтамасыз етілуі және басқару негіздерін түсіндіремін. Қарапайым фото-видео түсіруге арналған дрондарды басқару аса қиын емес. Ал жарысқа арналған «tinnywhoop», 5 дюймдік дрондар мен дрон-футболға арналған құрылғыларды басқару үлкен жауапкершілік пен жоғары тәжірибені талап етеді. Сондықтан біз ең алдымен оқушыларды арнайы симуляторларда кемінде 80 сағат жаттықтырып, тек содан кейін ғана дрондармен жұмыс істеуге көшіреміз.
– Оқушылардың бұл салада ізденісі қандай деңгейде?
– Оқушылардың нақты жобалары бар. Солардың бірі – әскери-техникалық бағыттағы зерттеу жобасы. Жоба аясында біз дрондарға арналған арнайы жүк тасымалдау және дәл жеткізу механизмі моделін әзірледік. Бұл жұмыс негізінен инженерлік ойлау қабілетін дамыту, басқару дәлдігін арттыру және командамен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталды. Жобада Тұрар Рысқұлов атындағы №222 орта мектептің оқушысы Бекжан Бақытжанұлы жоғары нәтиже көрсетті. Осы жобамен қалалық «Smart сарбаз» жарысына қатысып, жүлделі орынға ие болдық. Бұл жетістік оқушылардың техникалық мүмкіндіктері мен жүйелі еңбегінің жемісі деп есептеймін.
– Шәкірттеріңіздің жетістіктерін айтсаңыз…
– Оқушылар арасында дрон, робототехника және IT бағытында жоғары нәтижелерге жеткен жүлдегерлер көп. Мысалы, 2025 жылдың ақпан айында өткен халықаралық «Almaty Tech Cup – 2025» робототехника және дрондар чемпионатында біздің команда «Inspire Award» номинациясын жеңіп алды. Команда құрамында Тұрар Рысқұлов атындағы №222 орта мектеп оқушысы Бекнұр Орынбай, Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мектеп оқушысы Мади Хасанғалиұлы және Темірбек Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінің оқушысы Данияр Исмұхамбет болды.
Сонымен қатар 2025 жылдың қараша айында Алматы облысы, Қаскелең қаласында «New York Film Academy» базасында өткен халықаралық жарыста біздің команда дрон-футбол бағыты бойынша жүлделі екінші орынға ие болып, Қытайда өтетін әлемдік жарысқа жолдама жеңіп алды. Бұл жарыста команда құрамында Тұрар Рысқұлов атындағы №222 орта мектеп оқушысы Гүлфайруз Мирамбекқызы, Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мектеп оқушылары Мади Хасанғалиұлы мен Айдын Нағметулла, Темірбек Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейі оқушысы Данияр Исмұхамбет және Байұзақ Ермекбаев атындағы №271 орта мектеп оқушысы Аман Батырхан өнер көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында «FLYORDA» дрон үйірмесінің қызметімен арнайы танысып, оқушыларымыздың жобаларына оң бағасын берді. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова үйірменің жұмысымен танысып, жас буынның еңбегін жоғары бағалады.
– Дронды оқытуды тиімді ету үшін қандай оқу-әдістемелік материалдар әзірлеудесіз?
– Үйретуді тиімді ету мақсатында бірнеше бағытта әдістемелік және практикалық жұмыстар жүргізіп келеміз. Атап айтқанда, бастапқы және орта деңгейдегі оқушыларға арналған дрон басқарудың қадамдық оқу бағдарламасын, қауіпсіздік ережелеріне арналған нұсқаулық материалдарды, сондай-ақ симуляторлармен жұмыс істеуге арналған жаттығу жоспарларын әзірлеп жүрміз. Сонымен қатар оқушылардың практикалық дағдыларын дамыту үшін дрон құрастыру, бағдарламалау және жарыс дрондарын басқару бойынша бейнесабақтар мен жаттығу тапсырмалар жинақтарын дайындау үстіндеміз. Бұл материалдар оқушыға теорияны жеңіл меңгеруге және тәжірибеде тиімді қолдануға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта дрон технологиясына қызығушылық танытатын мектеп оқушыларына арналған толыққанды оқу-әдістемелік жиынтық шығаруды жоспарлап отырмын.
Ол жиынтыққа дрон құрылымы мен жұмысы туралы оқулық, қауіпсіздік нұсқаулығы, симуляторға арналған тапсырмалар жинағы, тәжірибелік сабақтарға арналған практикалық құралдар, сондай-ақ дрондарды даярлау бойынша әдістемелік нұсқаулық енгізу жоспарлануда. Бұл оқулық Қазақстан бойынша дрон бағытындағы үйірмелерге ортақ әдістемелік нұсқаулық бола алады деп сенемін.
– Бұған дейін білім беру, медиа саласында да тәжірибеңіз бар. Видеоклип, жарнама түсіруде жинаған тәжірибеңіз дронмен оқытуға қалай әсер етті?
– Медиа саласындағы тәжірибем дронды оқытуда үлкен артықшылық береді деп санаймын. Видеоклиптер мен жарнамалық роликтер түсіру барысында кадр композициясын құру, қозғалыс траекториясын жоспарлау, жарық пен ракурсты тиімді пайдалану сияқты маңызды кәсіби дағдылар қалыптасты. Осы тәжірибе оқушыларға дронды тек техникалық тұрғыдан басқаруды ғана емес, сондай-ақ аэротүсірілім мәдениетін, визуалды ойлауды және шығармашылық көзқарасты меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл оларды дронды жай ойыншық емес, нақты шығармашылық әрі өндірістік құрал ретінде қабылдауға үйретеді. Нәтижесінде оқушылардың цифрлық сауаттылығы артып, қазіргі медиа кеңістікте бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
– Дрон үйренуге қызығып жүргендерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Дрон технологиясына қызығушылық танытып, бірақ қорқасоқтап жүрген оқушыларға ең алдымен айтарым, қорықпау және алғашқы қадамнан бастау. Себебі кез келген жұмыс қарапайым қадамдардан құралады. Дрон саласына келу үшін міндетті түрде қымбат құрал-жабдық қажет емес. Алдымен дрондардың қалай жұмыс істейтінін түсінуден, қауіпсіздік ережелерін меңгеруден және арнайы симуляторларда жаттығудан бастауға болады. Бұл кезеңдер оқушының қолын үйретіп, сенімділігін арттырады. Ең бастысы, қызығушылық пен табандылық. Егер бала өзіне сеніп, жүйелі түрде машықтанса, бұл салада міндетті түрде нәтижеге қол жеткізеді. Қазіргі таңда дрон тек ойын немесе хобби емес, болашақ мамандықтардың бірі екенін ескеру маңызды. Көптеген ата-ана үшін дрон алғашында жай ғана ойыншық сияқты көрінуі мүмкін. Алайда қазіргі таңда дрон – болашақтың инженерлік, IT және авиациялық технологияларымен тікелей байланысты маңызды құралдардың бірі. Ол баланың техникалық ойлау қабілетін дамытып, логикалық ойлауын, жауапкершілігін, зейінін қалыптастырады. Дронмен жұмыс істеу арқылы оқушы бағдарламалау негіздерін, физика заңдылықтарын тәжірибеде түсінуді, топпен жұмыс істеу және жобалық ойлауды меңгереді. Бұл дағдылар тек дрон саласында ғана емес, жалпы қазіргі заманғы кез келген техникалық мамандықта қажет болады. Ата-аналар баланың қызығушылығын шектемей, керісінше дұрыс бағыттап, қолдау көрсету қажет. Ол үшін баланы арнайы үйірмелерге қатыстыру, қауіпсіздік талаптарын түсіндіру, оның жетістіктеріне қызығушылық танытып, ынталандырып отыру өте маңызды. Өйткені бүгінгі қызығушылық ертеңгі кәсіби мамандықтың бастамасы болуы мүмкін.
– Алдағы жоспарыңыз…
– Ең алдымен «FLYORDA» дрон үйірмесінің жұмыс аясын кеңейтіп, оқушылар санын көбейту және заманауи материалдық-техникалық базасын нығайтсақ деймін. Дрон-футбол, жарыс дрондары (FPV racing) және агродрон бағыттары бойынша жеке оқу бағдарламаларын әзірлеп, жаңа бағыттағы мамандандырылған топтар ашу жоспарда бар. Алдағы уақытта облыстық және республикалық деңгейде дрон орталығын ашу, басқа өңірлердегі мектептермен және білім беру ұйымдарымен тәжірибе алмасу жүйесін қалыптастырғым келеді. Бұдан бөлек, дрон технологиясына арналған оқу-әдістемелік құралдар шығаруды және отандық турнирлер ұйымдастырсам деймін.
– Бүгінгі жас буынға және әріптестеріңізге қандай кеңес айтар едіңіз?
– Оқушылар заман талабына сай жаңа технологияларға бейжай қарамай, өз қызығушылықтарын ерте жастан дамыту қажет. Қай салада болсын, ең бастысы – тұрақтылық, еңбекқорлық және табандылық. Білім мен тәжірибе ешқашан зая кетпейді. Жас маман үнемі ізденісте болып, дәстүрлі оқытумен қатар заманауи технологияларды да сабақ үдерісіне батыл енгізуден қорықпауы керек. Себебі мұғалім – тек білім беруші ғана емес, болашаққа бағыттаушы тұлға.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!