ХХ ғасырдың басында дүниеге келгендер небір тауқыметті тартқаны белгілі. Орыс империясының «бұратана» халыққа көрсеткен зорлық-зомбылығы, Октябрь революциясының дүмпуі, большевиктердің бел алып Кеңес Одағының орнауы, тұрмысы түзу, малы бар ауқатты отбастарын қуғындап, мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аударудың аяғы ашаршылыққа ұласты. Ел бұл қиындықтарды еңсеріп, енді тіктеле бастаған кезде екінші дүниежүзілік соғыс басталып, Отан қорғау да осы азаматтарға жүктелді.
Осындай қиын-қыстау тар заманда ержетіп, ел азаматына айналған әкеміз Торғай Омарұлы 1907 жылы дүниеге келген екен. Туып-өскен жері – Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Интернационал ауылдық Советі (Абай ауылы). Көкем: «Әкем Омар 40 жасқа толар-толмаста ауырып, дүние салған, ол кезде мен 10 жаста едім», – деп отыратын. Өзі ауылда жүріп ескіше (араб әліпбиімен) оқып, сауатын ашқан, кейінірек мектептен 4 кластық қана білім алған. Ары қарай білім іздеуді армандағанымен, жақын жерде оқу да жоқ, әкенің жоқтығы да қолбайлау болған көрінеді. Содан еңбекке ерте араласып, қысқа мерзімді курсты бітіріп, есепші болып жұмыс істейді. Осы кездері бір ауылда тұрып жатқан, тұрмысы тәп-тәуір Шайеке деген кісіні «сен кулаксың, дәулетіңді жасырып отырсың, сені итжеккенге айдатамын», – деп қуғындаған белсендіден көкеміз ара түсіп құтқарған екен. Сонда ол кісінің қызы Гүлжәмиланы көріп, ұнатып, кейіннен онымен бас қосып, отбасын құрады.
1941 жылы соғыс басталғанда көкем Сырдария аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынған. Дайындық курсынан өткеннен кейін 1942 жылдың шілде айынан бастап атқыштар дивизиясы құрамында Ленинград үшін шайқасқа қатысып, қаланы блокададан азат ету мақсатында қан майданға қатысады. 1942 жылы «За оборону Ленинграда» медалімен марапатталған.
Көкем 376 атқыштар дивизиясының 82-ші батальонында миномет наводчигі болып, осы сұрапыл соғыста бірнеше рет жарақат алып, ауыр жараланып ұзақ уақыт емделіп, өз дивизиясына қайта қосылады. «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясының 1994 жылы шығарған «Боздақтар» кітабында көкемнің де аты-жөні жазылып, оны 1942 жылдың 25 қыркүйегінде қаза болды деп, тіпті жерленген жерін де көрсетіп қойыпты.
1945 жылы соғыс аяқталар тұста бұл жауынгерлер Финляндия жерін неміс басқыншыларынан азат еткен. Жоғарыдан түскен бұйрыққа сәйкес ендігі ұрыс Қиыр Шығыста жапондармен жалғасқан. Сонымен екі айға жуық мерзімде бұл соғыс та аяқталып, көкем елге 1945 жылдың соңында оралады. Сол жылдары ол коммунистік партия қатарына қабылданады. Майдандағы ерлігі үшін «За отвагу» (18.03.1944), «За боевые заслуги» (07.05.1944) медалімен марапатталған.
Соғыстан қайтқан солдаттарды тұрмыс-тіршілігі әбден жүдеген ел, балалары, ер-азаматтары майданнан оралмай, қайғы құшқан отбасылар, ашқұрсақ, кәрі-құртаң, жетім бала, жесір әйелдер қарсы алды. Сондықтан бұл майдангерлердің алшаң басып, жеңіс тойын тойлауға мұршасы да болмады. Ел экономикасын көтеру, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында білек сыбанып жұмысқа кіріскен. Көкем соғыстан кейін де білімін жетілдіре түскен. Оны біз ол кісінің әріптестерімен түскен суреттерінен білеміз.
Жергілікті партия комитеті көкемді әр 2-3 жылда экономикасы тұралап қалған колхоздарды көтеруге жұмсап отырған көрінеді. Көкем Сырдария ауданының біраз шаруашылықтарында, атап айтқанда Жүзкөл, Жыңғылдыкөл ауылдық советтері, Айдарлы, Бірінші Май, Қазақстанның отыз жылдығы, Абай атындағы, Ленин атындағы колхоздарда ауылдық кеңестің төрағасы, партия ұйымының басшысы, басқарма бастығы не орынбасары сияқты қызмет атқарады. Осы қызметтерде жүріп көкем өзінің орнықты мінезі, ұйымдастыру шеберлігі, ру аралық араздықтарды бәсеңдетіп, шаруашылық жайын жақсартып, елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге атсалысып, нәтижелі жұмыс істейді.
Айдарлы колхозында қатар жүріп, бірге қызмет істеген әріптесі, еңбек ардагері Төлеген Дүйсебековтің «Туған жер, өскен өңір» атты естелік кітабында: «1956 жылы ауылда колхоз бастық Бабаш Жөкенов, ауылдық совет председателі Торғай Омаров еді. Мен парторг болып сайландым. Ауылдық Советтің председателі Торғай Омаров көпті көрген, тәжірибелі, жылы жүзді, сөзі мәнді, халықпен тіл табысып жұмыс істейтін, тапсырған іске жауапкершілікпен қарап, тындырмай тынбайтын кісі болды», – деп жазады.
Коммунистік партияның нұсқауымен шаруашылықты басқарудың түрлі реформалары жүзеге асып жатты. Соның бірі – ұсақ колхоздарды біріктіріп, ірілендіру негізінде совхозға айналдыру. Осы мақсатпен 1959 жылдың күзінде көкеме Сырдария өзенінің арғы бетіндегі үшінші ауылға – Ленин атындағы колхозға төраға орынбасары қызметіне баруға ұсыныс жасалыпты. Бұл колхоз негізінен мал шаруашылығымен айналысады екен. Сонымен, тағы да көшіп-қону басталады. Мектепке баратын үш баласының екінші тоқсанды аяқтауын күтіп, анам үйде қалады да, көкем бірер ай колхоз үй бергенше бір өзі сол жақта болды. Жаңа жылдан кейін колхоз орталығынан үй беріліп, көшіп бардық. Біздерді мектепке орналастырды. Бұл бесінші рет мектеп ауыстыруымыз еді. Жаңа жерге, жаңа ортаға үйреніп кетудің өзі оңай нәрсе емес екені белгілі.
Елі үшін тер төгіп, қажыр-қайратын аямай қызмет істеген білікті азаматтардың еңбегінің арқасында колхоздың жағдайы жақсырып, мал басы көбейеді. Көп ұзамай біз тұрған колхоз маңайындағы майда шаруашылықтарды қосып алып Аманкелді атындағы совхозға айналды. Бұл 1962-1963 жылдары еді. Осындай шаруалардың басы-қасында болып, аянбай еңбек еткен сол ауылдың азаматтарының қатарында біздің әкеміз болды.
Совхоз негізінен қаракөл қойын өсірумен айналысып, облыс, аудан көлемінде алдыңғы қатарлы табысты шаруашылықтардың біріне айналады. Ауылымыз да көркейе түсті. Құрылыс жұмыстары жолға қойылып, орталық кеңейді, тұрғын үйлер салынып, 20 төсектік аурухана ашылды. Совхоз және ауылдық кеңестің кеңсесі, кітапхана, клуб сияқты мекемелер жаңа қонысқа көшті. Жаңа мектеп құрылысы да жоспарланып қойған екен.
Осы ауылда тұрғанымызда мектепке орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін жаңа мұғалім келді. Сабақ беру әдісі өзгеше, сауатты сөйлеп, қатесіз жазуымызды талап етті. Өте мәдениетті, әр оқушыға «сіз» деп көңіл аударады. Бір күні ол маған: – «Сіз өте бақытты бала екенсіз, әкеңіз өте білімді, бір жиналыста, айтқан пікіріне риза болған едім, жақында өзімен әңгімелестім. Сіздер парасат-пайымы мол, ақылды әкеден тәрбие алып жүрсіздер, оны бағалауларыңыз керек», – деген еді. Сол сәтте кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, марқайып қалған едім.
Көкем бұл жылдары жасы елуден асқан кезі. Соғыстан алған ауыр жарақаты сыр беріп, бүйрек ауруына шалдығып, емделуге де уақыты бола бермеді. Жоғары білімді жас мамандардың келуіне орай, осы совхоздың төрт бөлімшесінің біреуінің меңгерушілігіне ауысты. Сыр өңірінде жаз уақытында малды масасы аз, шөбі шүйгін, суы мол Сарысуға айдаса, қыста ықтасыны мол қырға шығарады ғой. Малдың жайын ойлап, оны баққан малшылардың жағдайын жасаймын деп көкем бір мезгіл тыным таппаушы еді. Жұмыстарды алдын-ала жоспарлап, қарамағындағы адамдарға жауапкершілік жүктеп, тапсырмаларының орындалуын қадағалап отыратын. Уақытының көбі фермаларды аралап, түйткілді мәселелерді шешіп, келесі кезекте тұрған жұмысты жоспарлауға кететін. Малды жаңа қонысқа көшіргенде апталап, айлап қона жататын.
1963 жылы ағам Жеңісбек орта мектепті бітірді. Бірақ сол жылдары комсомол жастардың үндеуімен жастар жоғары оқу орнына түсу үшін өндірісте кемінде бір жыл жұмыс істеуі керек деген талап қойылды. Содан ауылда шопандар бригадасы құрылып, ағам сыныптастарымен бірге қой бағуға шықты. Жұмыс қолы көбейіп, совхозға үлкен көмек болды. Мал шаруашылығының, оның үстіне қой өсірудің өзіндік ерекшеліктері бар ғой. Күзде қой қырқу, қыстық жем-шөбін дайындау, көктем шыға мал төлдету, төлдерді сұрыптап, елтіріге дайындау, көктемгі қырқым, әртүрлі аурудан сақтандыру, әр шопандарға жайылымдық жер бөліп, сумен қамтамасыз ету сияқты жұмыстар жоспарлы түрде атқарылады. Сондықтан шаруашылық басшылары, әсіресе, көкем комсомол жастар бригадасының бұл бастамаларына қуанады. Ұлына өз білгенін үйретіп, тәжірибесін бөлісіп, еңбекке баулыды.
Әкесінің арманымен ауыл шаруашылығы маманы болуды көздеген Жеңісбек бір жыл еңбек еткен соң, 1964 жылы Алматы зооветеринарлық институтының зоотехникалық факультетіне оқуға түскенде қатты қуандық.
Көкем кейін денсаулығына байланысты жеңілдеу болар деп депгидротехниктік жұмысқа ауысты. 1969 жылы зейнетке шықты. Уақытының көбі емделумен өтті. «Айналдырған ауру алмай қоймайды» дегендей, көкем 1970 жылдың 16 наурызында 63 жасында дүниеден озды. Содан бері де елу бес жыл өтіпті. Өзі ұзын бойлы, қызыл шырайлы, сымбатты, мінезі жайлы, көп сөзге жоқ, сыпайы, елге де сыйлы, қатар жүрген замандастарына қадірлі, әрдайым сабырлы қалпынан айнымайтын болмысы әлі көз алдымда.
Көкем көпбалалы отбасы болуды армандаған екен. Сол арманы орындалып, анам екеуі бес ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Көкемнің тағы бір арманы балаларының бәрі жоғары білім алып, саналы азамат болып, өмірден өз орнын табуы, ел қатарына қосылуы еді. Бұл да жүзеге асты.
«Әке асқар тауың, анаң қайнар бұлағың» дегендей, әкем өмірден өткен соң анама арқа сүйедік. Ол әке отбасындағы тәрбиесін жалғастырып, әке атына кір келтірмей, лайықты, тәрбиелі перзент болуымызды талап етті.
Ата-анамыздың мейірім шуағының, тәрбиесінің, қамқорлығының арқасында бәріміз де саналы түрде ер жеттік, білім алдық. Отбасын құрып, үйлі-баранды болдық. Өмір болған соң қуаныш та, қайғы да қатар жүреді. Сіңлім Маржан жол апатынан 23 жасында, мұнай саласында жұмыс істеп жүрген Бақытжан бауырым 46 жасында қаза болды.
Сөз соңында ата-анамызды сағынышпен еске алып, олардың өмір сүрген ортасын, көрген қиындығын, өнегелі ісін зерделегенде, ол кісілердің еліне деген сүйіспеншілігі, халыққа адал қызмет етіп, ауылдастарының тұрмыс жағдайын жақсарту үшін жасаған ерен еңбегі және өмірге деген құштарлығы, сынаққа төзімді болып, сабырмен қарауды үйреткенін тағы да еске алып, ешкімнің ала жібін аттамай, адалдықты серік етіп күні бүгінге дейін өмір сүріп келеміз. Бұл – көкеміз мен анамыздың басты аманаты.
Алтынкүл ТОРҒАЕВА,
ветеринария ғылымдарының кандидаты, еңбек ардагері
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!