Өмір жолы иірімдер мен әртүрлі түстерден құралған. Ақ немесе қара түсті жолақпен өлшеу – ой кеңістігінің тарлығы. Өмірді ашық көңілді түспен бояу осынау жасөспірім шағымыздан бастау алады. Иірімі көп жолда адаспай арманға жету үлкен ақыл мен ерік-жігерді қажет етері анық.
Құрметті, менің замандас достарым, алдыңғы буын арқа сүйерлерім, қызығы мен қиындығы мол өмірде қанық түстерден аулақ болыңыздар! Құмарлық адам баласын бір сәт жарқын болашаққа жетелеген емес. Арзан қызығушылық – балалық шағымыздан болашағымызға шабылған балта. Дүниеде көп нәрсені жасап көруден қорықпаған жөн.Дегенмен жылдар бойы дәлелденген дүниелерді қайталау – ақылға қонымсыздық. Есірткі алаулаған от секілді. Оған жақындаған адамның арманы өртке оранып өледі. Жастық шағыңызда жарқырауға жол ашыңыз. Бір ғұмыр бір жанның тағдыры болғанымен, қаншама адамның үміті байланған алтын жіп екенін ұмытпаңыз. Есірткісіз қоғам – ең үлкен байлық. Есті ұрпақтың жолын жалғап, «Есірткісіз әлем» құруға жұмылайық!
Алпамыс ӘБДІ,
№273 орта мектептің 8-сынып оқушысы, Қармақшы ауданы, Байқоңыр қаласы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!