Жексенбі, 29 желтоқсан, 16:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Етікшінің мұңы

18.06.2024

322 0

Томпақ бала күнінен сол мұрнын бір тартып, тебенді табанға тығып, етік тіккенді ұнататын. Жұрттың баласы ғарышкер боламын, әкім боламын, депутат боламын деп армандағанда да Қампыштың қара баласы сол баяғы арманынан алыстаған жоқ.

– Етікші боламын, – деді мұрнын бір тартып.

Қарны қампиған Қампыштың беті томпиған баласы Томпақ әкесі Көпберердің үмітін ақтамады. Қампыш оның мойнына қамытын ілді де, базарға апарып етікші етіп отырғызды. Көздегеніне жеткен Томпақ әкесінің мілтсә қыламын деген асқақ арманының күл-талқанын шығарды да, орталықтағы көне базар аумағындағы орындыққа отыра кетті де, кәсіпке кірісті. Әке үмітін ақтамаса да, шешесінің сенімінен шығуға тырысты. Осылай күндер зулай берді, зулай берді. Бірақ оның қалтасы қалыңдамаса да, шешесінің беті қалыңдай түсті. Баласына айтқанын тыңдатқанына, бұл байын, байын уайым жеңгеніне жүзі нұрланып, ажары кіре бастады. Қозғала қалса, бұл тақырыптан қашпады. Бірақ Томпақтың табысы жолақы мен тамақтан, ара-тұра күйіктен ішетін арақтан аспады.

– Балам, – деді әкесі, –

Отбасылық жиында.

Әкені тыңдау қиын ба?

Төтеп беріп келемін,

Шешеңдей дүлей құйынға.

Етік тігемін дейсің ғой,

Айналар ма ол бұйымға.

Мілтсә болсаң со кезде,

Қарамаушы едің тиынға.

Жасың келді қырыққа,

Айналдың өзің тырыққа.

Бала болғаныңды қалап ем,

Әке үмітін ақтаған.

Не болды енді мына сәт,

Сенімді мендік таптаған».

Деді үнсіз қайғырды,

Өткізді мұңмен ай-күнді.

Үнсіз мұңайған Томпақ кәсіп ашуды жөн санады. Бірақ ойға етіктен басқа еш нәрсе келмеді. Етіктің тетігін тапсам деп сан мың ойланған оған күндердің күнінде біреу келді.

– Аға, бұлай болмайды. Сізге ип ашу керек. Заманның да, заңның да талабы сол. Ип ашылған соң басшы болу керек. Міне, басшыңыз, – деді де білдей бір мекемеден қысқартуға ұшыраған қарны қабақтай, беті табақтай бір сабазды әкелді де қойып кетті.

Мақтамен бауыздап сойып кетті. Ип аштыңыз, құтты болсын деп, жуғызып тойып кетті. Енді етікшінің табысы өзіне ғана емес, екіге бөлінетін болды. Бұрынғыдай көзінен жасы тамбайды, енді төгілетін болды. Ал шешесінің уәжі «Елдің алғысын алсаң болды, біздің көңіл толды».

Осылайша таң азаннан қара кешке дейін талай жыл қызмет етіп ерлеген, армансыз терлеген жұрттың аяқкиімін тігумен уақыты өтті. Шетелді теледидардан басқа жер­ден көрмеген, өмірде қызбен кездеспей, махаббатқа шөлдеген, жасы қырықтағы, жан бойы құлыптағы Томпақ арманындағы ма­мандығынан безіне бастады, өмірде адам­ның қоры екенін сезіне бастады. Бір күні баяғы тексергіш нәлөг келді, қасына тағы біреуді алып келді.

– Мемлекеттің осындай талабы бар, заңы бар, басқасы бар. Етікшінің пәленбай мың ақшасы бар. Сондықтан оны қайда жаратып жатыр, табысын қайда қаратып жатыр, нәлөгқа берер ақшаны қайда таратып жатыр? Осы сұрақтарға мәселені майшаммен қарап жауап іздейміз, етікшінің тәртібіне қарап іздейміз, – деді де бұғалтірды таныстырды. Бір жерден бұғып кеткен, бір жерден шығып кеткен, бір жердің ақшасын, байлығын, басқасын бір жерге тығып кеткен, бұғып алатын да, тұрып кететін майсөк іздегішке осы жерді тағы бір «шәніс» қылды. Ал әуелгі табыс Томпақтан ендігі алыс тұрды.

Осылайша жұмысы Томпаққа күшке тиетін болды, ал табысын екі емес, үшке бөлетін болды. Бұрын ерте қайтатын еді, әке-шешесіне мұңын айтатын  еді, қазір түнделететін болды. Ал басшы мен бұғалтыр сыралатып, туралатып бірге кететін болды.

Томпақ қалың ойға шомды. Енді не істеймін деп, шақшадай басы шарадай болды, ашуға булығып алабай болды. Бейбіт күнде қара май болды. Айтып-айтпай не керек, үйіне кешкі асқа жарамай қонды. Бір күні етігі жоғалып кетеді, ұрылар біз-жіпті ол алып кетеді, екі-күннің бірінде тоналып кетеді. Әлгі нәлөгтің пысығы, бір дөкейдің күшігі тағы келді.

– Мұнда заттар көп жоғалатын болыпты. Майыспайтын шеге керек, осы заттарға еге керек. Тірлікпен жөнді айналыспасаң, кәсіп ашып неге керек? Міне, мәселе қайда жатыр? Мына азамат қоймаға меңгеруші болады, заттарыңа еге болады. Сонда тірліктерің оңады, – деді де он жыл бюджетті жесе де тоймайтын, бойына ет қонбайтын, қарамағындағы әр адам сорлайтын, келді бір оңбайтын.

Томпақ «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп төбеге жиі қарайтын болды. Тиынын жиі санайтын болды. Бірақ одан ешқандай нәтиже болмады, түсте ас ішпей сорлады. Қанша жыл тер төксе де, әкесінің айтқаны келді, басына бақыт қонбады. Бір күні үлкен жиналыс болды…

– Тә-ә-ә-ә-к-ііісссс, – деді қабақ қарын, табақ бет бастығы. – Табысымыз азайып кетті. Жұрт бізге күле қарайтынды шығарды. Енді не істейміз? Адам көп, жұмыс аз. Қысқарту керек.

– Мен қолдаймын, бірақ менің жұмысым маңызды. Ақшаларыңды менсіз санай алмайсыңдар. Салыққа берерің, табыс боп келерің бәрі есепте болу керек, – деді бұғалтыр.

– Мен де қолдаймын. Бірақ менің жұмысым керек. Менсіз мына заттарың құрдымға кетеді. Бәрі жоғалады, бәрі тоналады. Шетелден ине мен жіпті кім алдырады? – деді қойма меңгерушісі.

Ал етікшінің пікірін ешкім сұрамады, қызық та болмады, бұзық та болмады. Ал директор жиынның нүктесін қойды, халқы күткесін қойды.

– Бұғалтір, сен керек,

Қойма меңгеруші, сен керек,

Басшы болуға мен керек,

Етікші бізге не керек? – деді де қысқартудың құрығын етікшінің мойнына салды.

Томпақ мұрнын бір тартты.

– Менің де арманым күл талқан болды, әке…

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: