Қызылордада биыл «InnoFest – 2025» аймақтық инновациялық фестивалі жоғары деңгейде өтті. Облыстың әр түкпірінен жиналған мектеп оқушылары мен студенттер өз жобаларын ұсынып, жаңа технологияларға негізделген тың идеялармен бөлісті. Сол жобалардың ішінде Сырдария ауданынан келген жас бағдарламашының жұмысы ерекше көзге түсіп, фестивальдің бас жүлдесін иеленді. №37 мектеп-лицейінің оқушысы, жас бағдарламашы Нұрислам Айбекұлы мобильді операциялық жүйе жасады. Оның «Extrnos» атты жобасы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, фестивальдің жеңімпазы атанды.
Жеңімпаз атану сәтін Нұрислам әлі күнге дейін ерекше сезіммен айтады. Оның айтуынша, қорытынды сәтке дейін өзіне сенімді болғанымен, жоба бірінші орын алады деп ойламаған.
– «InnoFest» фестивалінің жеңімпазы атанғанымды естіген сәтте өз құлағыма өзім сенбедім. Алдымен дұрыс естідім бе, жоқ па деп қайталап сұрадым. Бірнеше секундтан кейін ғана рас екенін түсініп, қатты қуандым. Себебі бұл жобаға көп уақыт, көп күш жұмсадым. Сол еңбектің босқа кетпегенін сезіну – мен үшін үлкен бақыт, – дейді Нұрислам Айбекұлы.
Нұрислам – техникаға, бағдарламалауға ерекше қызығатын жас. Сабақтан тыс уақытта да бос отырмай, информатика мен IT саласына қатысты материалдарды көп оқиды, түрлі онлайн курстар мен бейнесабақтарды қарайды.
– Мен Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейінде оқимын. Негізгі қызығушылығым – информатика, бағдарламалау, әсіресе операциялық жүйелердің қалай жұмыс істейтіні. Бос уақытым болса, жаңа технологиялар туралы мақалалар оқып, ашық дереккөздегі жобаларды зерттеймін, – дейді ол.
Бұл оның «InnoFest» фестиваліне бірінші рет қатысуы емес. Екі жыл бұрын Нұрислам жобасы мүлде басқа бағытта еді.
– Мен «InnoFest» туралы екі жыл бұрын білдім. Сол кезде «Python» тілінде жасаған шағын ойынымды ұсындым. Бірақ ол жылы жеңіске жете алмадым. Дегенмен сол жолы алған тәжірибе мені тоқтатпай, керісінше әрі қарай ынталандырды, – дейді Нұрислам.
Осылайша «Extrnos» атты ерекше жоба дүниеге келе бастады. Бұл жоба қазіргі смартфон қолданушылары үшін өте өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Нұрисламның айтуынша, операциялық жүйені жобалау барысында өнімділік пен қауіпсіздікке басты назар аударған.
– Менің жобамның атауы – «Еxtrnos». Бұл мобильді телефондарға арналған операциялық жүйе, мысалы Android немесе iOS сияқты. Оның негізінде Линус Торвальдс жасаған «Linux» ядросы жатыр. «Еxtrnos»-тың негізгі мақсаты – құрылғының өнімділігін арттыру және қауіпсіздік деңгейін күшейту. Қарапайым тілмен айтқанда, жылдам, артық жүктемесі жоқ, пайдаланушы деректерін максималды қорғайтын жүйе жасағым келеді, – дейді ол.
Бұл идея Нұрисламның күнделікті өмірдегі ұсақ-түйек қолайсыздықтардан ғана емес, әлемдегі ерекше жобалардан алған шабытынан да туындаған. Әсіресе, өзіндік жол салған тәуелсіз әзірлеушілердің жұмысы оған қатты әсер еткен.
– Мен алғаш рет Терри А. Дэвистің «TempleOS» жобасын көрген кезде қатты қызықтым. Менің жүйем әлі бастапқы деңгейде, бірақ сол кісінің еңбегі маған үлкен мотивация болды. «Жеңіл, қауіпсіз жүйе жасап көрсем қалай болады?» деген ойға алып келді, – дейді Нұрислам.
«Еxtrnos» – жай ғана идея емес, нақты техникалық негізі бар жоба. Нұрислам бұл жүйені құрастыру барысында заманауи архитектураларға лайық құралдарды қолданған. Соның арқасында ол тек теориямен шектелмей, нақты жұмыс істейтін прототип әзірлеген.
– Код жазу үшін aarch64 C компиляторларын қолдандым, өйткені қазіргі мобильді процессорлардың көбі ARM архитектурасына негізделген. Негізгі даму ортасы ретінде «Visual Studio Code» бағдарламасын пайдаландым. Соларды біртіндеп түсінген сайын, өзімнің де осы саланы таңдағаныма қуандым, – дейді ол.
Жобаны фестивальге дейін дайындау оңай болған жоқ. Бірнеше айға созылған жұмыс, күн сайынғы тәжірибелер, сәтті шыққан да, сәтсіз аяқталған да талай нұсқа бар. Нұрисламның айтуынша, соңғы кезеңдерде жоба оның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.
– Негізгі дайындық бірнеше айға созылды. Соңғы айларда күн сайын дерлік 3-4 сағатымды осы жобаға арнадым. Сабақ, үй тапсырмаларынан кейін қалған уақытымның бәрін жобамен жұмыс істеуге бөлдім, – дейді Нұрислам.
«InnoFest» форматында идеядан прототипке дейін бар болғаны 24 сағат беріледі. Бұл – қысқа уақыт ішінде жүйені жинақтап, оны дұрыс көрсетудің үлкен сынағы. Нұрислам осы кезеңде ең қатты қиналған сәті бутлоадер жасау болғанын айтады.
– Ең қиын жұмыс – бутлоадер жасау болды. Бутлоадер – операциялық жүйені бастапқыда жүктейтін, әрі қарай басқаруды ядроға беретін өте маңызды бөлік, – дейді ол.
Фестиваль барысында менторлар мен спикерлердің берген кеңестері де жобаның дамуына ықпал еткен.
– Иә, менторлар пайдалы кеңес берді. Кейбірі техникалық тұрғыда көмектессе, енді бірі жобаны дұрыс ұсыну, идеяны қарапайым тілмен түсіндіру жағын үйретті, – дейді ол.
Жоба болашағы туралы сөз болғанда, Нұрислам «Еxtrnos»-ты тек фестиваль үшін ғана жасалған бір реттік жұмыс ретінде емес, болашағы зор жоба деп қарайды. Нұрислам өзін бірнеше жылдан кейін қай салада көретінін нақты елестете алады. Оның арманы – кәсіби деңгейде жүйелік бағдарламалаумен айналысу. Жас бағдарламашының өзінен кейінгі жастарға да кеңесі бар. Оның айтуынша, мұндай фестивальдерге қатысқанда ең бастысы, жүлде емес, сол жолда алынған тәжірибе мен таныстық.
– Ең бастысы – үйрену, жаңа достар табу. Мен алғаш рет қатысқанда жеңіске жеткен жоқпын, бірақ сол тәжірибе бүгінгі жетістікке жол ашты. Егер күмәнданып, «қабылдамай қоятын шығар, менікі әлсіз шығар» деп өз-өзіңді тоқтатсаң, ешқашан үйренбейсің. Сондықтан қателесуден ұялмай, мүмкіндікті пайдалану керек. Фестивальдер – өз идеяңды сынап көруге, менторлардан кеңес алуға, өзің сияқты талапты жастармен танысуға тамаша мүмкіндік, – дейді ол.
Ауыл баласының республика деңгейіндегі инновациялық фестивальде топ жарған Нұрислам талай жасөспірімге үлгі боларлық оқушы. Ең бастысы, табандылық, қызығушылық және үздіксіз еңбектің арқасында үлкен қалада емес, алыс ауылда жүріп-ақ үлкен мақсаттарға ұмтылуға болатынын Нұрислам өз білімімен дәлелдеп келеді.
София ХАЙРУЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!