Балабақша – балалық шақтың бақытты мекені іспетті. Мұндағы балалар қауіпсіз ортада болуы қажет. Қазіргі уақытта аймақтағы балабақшалардың көбі қауіпсіздік құрылғылармен қамтамасыз етілген. Сондай жаңашылдықтың бірі – арнайы «Face ID бақылаудың» орнатылуы.
Өткен жылдан бері балабақшаларға Face бақылау орнатыла бастады. Балабақшаны бақылауға алудың басты міндеті – мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында бюджет қаражатының мақсатты түрде жұмсалуын қадағалау еді. Себебі соңғы жылдары балабақшаға тіркелген бала саны мен келушілер санының арасында айырмашылық байқалған. Сондықтан осы мәселенің шешімі ретінде балабақшаларға «Face-бақылау» жүйесін енгізу таңдалды. Сканерлеу жүйесі енгізілген бөбекжайларда тәрбиешілер әр баланы смартфонға суретке түсіріп, оны арнайы бағдарламаға жүктейді. Бұл балалардың балабақшаға келгенін растап, жалған ақпараттың жолын кеседі.
Қазіргі таңда баланы веб-камера арқылы сәйкестентіру технологиясы еліміздің кейбір балабақшаларында пилоттық жоба ретінде енгізілген. Дегенмен мұның дұрыс немесе бұрыс екендігі әлі де талқылануда. Мәселен, мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева бұл туралы өз пікірін айтты.
– Денсаулық сақтау және оқу-ағарту министрліктері «Face ID» технологиясын енгізе бастады. Туризм және спорт министрлігі де «Damu Bala» жүйесіне биометриялық аутентификацияны енгізуге дайындық жүргізіп жатқанын білемін. Яғни, жан басына қаржыландыру қарастырылған жерлердің барлығында «Face ID» базалық талапқа айналуда. Біздің міндетіміз – бұл жүйенің қауіпсіз болуын қамтамасыз ету және азаматтарымыздың одан зардап шекпеуін қадағалау. Себебі әңгіме балаларға қатысты болып отыр. Жалпы, балалардың биометриясына көптеген елде тыйым салынған. Сондықтан биометрия мен «Face ID» технологиясын енгізу кезінде қазақстандықтардың жеке деректерін қорғау өте маңызды, – дейді мәжіліс депутаты.
Өткен жылы өңірде 422 балабақшаны мониторингтен өткізу үшін жұмыс тобы құрылған еді. Нәтижесінде табельдегі көрсеткіштер мен балалардың нақты саны сәйкес келмейтіні анықталған. Сондықтан оқу-ағарту министрлігі балабақша тәрбиеленушілерінің келуін қадағалап отыруды «Face ID» арқылы қолға алады. Биыл Қызылорда, Атырау және Жамбыл облыстарында бұл жүйе іске қосылды.
Қалалық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, облыс орталығында 241 балабақша «Face ID» жүйесін қолданып отыр.
Жобаны енгізгеннен кейін балабақша жұмысында қандай нәтиже бар? Осы сұраққа жауап алу үшін облыс орталығындағы «Алтын ұя» бөбекжай бақшасына хабарласқан едік.
«Алтын ұя» бөбекжай бақшасында «Qazna-face» мобильді қосымшасы пилоттық жоба ретінде 2022 жылдың қазан айында іске қосылған. Топ тәрбиешілерінің мобильді телефондарына орнатылған «Qazna-face» суретке түсіру арқылы бөбекжай бақшаға күнделікті нақты келген балалардың қатысуын қадағалайды.
– Осы жоба арқылы біраз жұмыс атқарылды. Жобаға 320 бала, 30 педагог, 1 әдіскер қатысты. Қазіргі таңда «Qazna-face» мобильді қосымшасы топ тәрбиешілерінің мобильді телефонында жақсы жұмыс істеп тұр. Балаларды белгілеуге барлық функциялар қосылған. Ешқандай кедергі жоқ. Топ тәрбиешілерінің балаларды электронды белгілеу арқылы қағазбастылықты азайтып, жұмысқа деген жауапкершілігін арттырды. Ата-аналар тарапынан бастапқы кезде сұрақ көп болды. Түсіндірме жұмыстары жүргізілгеннен кейін келіспеушілік болған жоқ. Сонымен қатар балаларды балабақшадан себепсіз қалдыру жағдайы азайды. Тәрбиешілер, медбике және балабақша әкімшілік қызметкерлері баланың күнделікті қатысуын қосымша арқылы белгілеу тиімді екенін айтты. Балаларды фотоға түсіру арқылы түгендеген соң, қағаз толтырудың қажеті жоқ. Бұл бағдарламаның мақсаты – мектепке дейінгі ұйымға нақты келетін балалардың санын анықтау және мемлекеттен бөлінетін қаражаттың балаларға жұмсалуын қадағалау арқылы ақшаны үнемдеу жұмыстарын күшейту деп білеміз. Сондықтан да жоба өз мақсатын айқындап, мұның оң әсері болды, – дейді «Алтын ұя» бөбекжай бақшасының әдіскері Тахмина Шамахунова.
Балабақшаларда қолға алынған «Face ID» жүйесі ашықтық пен жариялылыққа жақындай түскеніміздің айғағы. Дегенмен зерттеулерге сүйенсек, платформа арқылы баланың жеке деректері таралып кетеді деген қауіп бар екені айтылған. Ата-аналар тарапынан «Face ID» жүйесі балаларға зиян» деген пікірлер де айтылуда. Ал оқу-ағарту минстірлігі «Face ID» жүйесі мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру орындарындағы тәртіп пен талапты күшейтудің негізгі жолы екендігін айтады. Осы уақытқа дейін балабақшалардағы жалған орындарға ақша алған оқиғалар тіркелген. Енді электронды жүйе арқылы мектепке дейінгі ұйымдар балабақшаға келмеген бала үшін артық қаражат ала алмайды. Демек, балаларға арналған қаржыны сыбайластық бағытында пайдалана алмайды. Қазіргі таңда қоғам алдында жариялы, ашық болу үшін барлық жағдай жасалуда.
Айтолқын
БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!