Жыл сайын 28 ақпанда «Facebook»-сыз бір күн дүниежүзі бойынша атап өтіледі. Бұл танымал әлеуметтік желіден бір күнге бас тартуға шақыратын бейресми мереке. Бұл күн әлеуметтік желілердің біздің өміріміздегі рөлін және
олардың денсаулыққа, еңбек өнімділігіне және адамдармен қарым-қатынасқа әсерін ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді.
Бұл күн қалай пайда болды?
Бұл күннің нақты шығу тарихы белгісіз, бірақ 2010 жылдың басында әлеуметтік желілерге тәуелділік пен пайдаланушылардың жеке деректерінің құпиялылығына қатысты пікірталастар аясында танымал бола бастады. Бұл бастаманы адамдардың әлеуметтік желіде көп уақыт өткізуіне алаңдаушылық білдірген тәуелсіз белсенділер көтерді. Соңғы жылдары зерттеулер әлеуметтік желілерді үнемі пайдалану мазасыздық, депрессия туғызатынын және зейін қою қабілетін төмендететінін дәлелдеді. «Facebook»-сыз бір күн – әлеуметтік желілерсіз өмір сүру қаншалықты қиын екенін және онсыз бос уақытты қалай өткізуге болатынын тексерудің бір мүмкіндігі.
Бұл күннің басты мақсаты – адамдарға әлеуметтік желілерге қанша уақыт бөлетінін және оған қаншалықты тәуелді екенін түсінуге мүмкіндік беру. Сондай-ақ ол кітап оқу, таза ауада серуендеу және әлеуметтік желілерге кететін уақыттың орнына пайдалы істермен айналысу керегін еске салады. Сонымен қатар бұл күн цифрлық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғаудың маңыздылығына назар аудартуға бағытталған. «Facebook» жеке ақпараттың таралуы бойынша бірнеше рет дауға іліккен, сондықтан цифрлық белсенділікке мұқият қараудың маңызы зор.
Мерекені қалай атап өтеді?
«Facebook»-тан 24 сағатқа бас тарту – осы күннің негізгі ережесі. Алайда оны әркім өзіне ыңғайлы түрде өткізе алады:
• Цифрлық детокс – хабарландыруларды өшіру, әлеуметтік желілерден шығу және нақты өмірге назар аудару.
• Тікелей қарым-қатынас – достармен және жақындармен кездесу ұйымдастыру.
• Хобби мен қызығушылықтар – кітап оқу, спорт, шығармашылық немесе басқа да сүйікті істермен айналысу.
• Интернет әдеттерін ой елегінен өткізу – әлеуметтік желілерге кететін уақыт пен оны қалай тиімдірек қолдануға болатынын талдау.
Әлемдегі кейбір ұйымдар адамдарды әлеуметтік желілерсіз өмір сүруге шақыратын акциялар, флешмобтар мен марафондар өткізеді.
«Facebook» туралы қызықты деректер
«Demandsage.com» сайтында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, «Facebook» – бүкіл әлемдегі ең танымал әлеуметтік медиа платформасы. Оның ай сайынғы белсенді пайдаланушыларының саны 3,07 миллиардқа жетіп, барлық әлеуметтік платформалар арасындағы ең жоғары көрсеткішке ие болды. Бұл көрсеткіш әлем халқының 37,81 пайызын және барлық әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың 59,38 пайызын құрайды. 2025 жылға қарай «Facebook» ай сайын 3,07 миллиард белсенді пайдаланушыға жетті. Күнделікті белсенді пайдаланушылар саны 2,11 миллиардты құрайды, бұл оның айлық пайдаланушыларының 68,73 пайызын қамтиды. «Facebook»-тің ең үлкен аудиториясы Үндістанда орналасқан, оның 375 миллион пайдаланушысы бар, ал АҚШ-та бұл сан 194,1 миллионға жеткен. 2023 жылы «Facebook» 553 миллион жүктеу тіркеді. Әлеуметтік желіні пайдаланушы Facebook-та күніне орташа алғанда 30,9 минут уақыт өткізеді екен.
Қазіргі уақытта «Facebook» бүкіл әлем бойынша 3,07 миллиард ай сайынғы белсенді пайдаланушыға ие. Жалпы әлемдегі 5,17 миллиард әлеуметтік желі пайдаланушысының 59,38 пайызы «Facebook»-ті қолданады. Сонымен қатар «Facebook»-тің бір айдағы белсенді пайдаланушылары 2014 жылы 1,39 миллиардтан 2025 жылы 3,07 миллиардқа дейін өсті, бұл 10 жыл ішінде 120,86 пайызға өскенін көрсетті. «Meta» компаниясының инвесторларға арналған есебі бойынша, «Facebook» күнделікті 2,11 миллиард пайдаланушыға жетіп отыр.
«Facebook» қолданушыларының саны тек 2021 жылдың төртінші тоқсанында азайды, бұл кезде 1 миллион күнделікті белсенді пайдаланушыны жоғалтты. Алайда келесі тоқсанда бұл көрсеткіш қайтадан 201 миллион пайдаланушыға өсті. «Facebook»-тегі ең үлкен пайдаланушы сегменті 25-34 жас аралығындағылар. Бұл топтың ішінде 12,7 пайызы әйелдер, ал 18,4 пайызы ерлер екен. Бұл «Facebook»-ке ең көп тартылған қолданушылар екенін көрсетеді, бұл платформаның жастар арасындағы танымалдығын айқындайды. Одан кейінгі ең үлкен аудитория 18-24 жас аралығындағы ер адамдар, олар «Facebook»-ті белсенді пайдаланушылар қатарында.
«Facebook»-сыз бір күн – әлеуметтік желілердің біздің өмірімізді түгелдей жаулап алмауын еске салатын маңызды шара. «Facebook» және басқа платформалар байланыс пен жұмыс үшін көп мүмкіндік берсе де, өз уақытымызды саналы түрде басқару және кейде цифрлық үзілістер жасау маңызды. Бір күнге интернеттен ажырап көріңіз, мүмкін, бұл сізге ұнап қалар!
С.Темірболат
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!