Бір сәт айналаңызға көз салып қараңызшы. Барлығы асығыс, бәрі қарбалас. Осы сәтте өміріміздегі жетістікке емес, күнделікті әдетімізге үңіліп көрдік пе?
Денсаулығым үшін не істеп жүрмін? Не жеймін? Спортпен айналысамын ба? Бұл сауалдарға жауап беру оңай емес. Ең қорқыныштысы, дерт жас талғамайды. Мұның бәрі неден? Жауабы қарапайым: күнделікті тұтынатын тағамымыздан екені белгілі.
Сабаққа асыққан студент те, үзілісте ас ішуге шыққан оқушы да көбіне бургер мен пиццаны таңдайды. Қонақ келсе, үйде ас әзірлеуден гөрі, сырттан дайын тағамға тапсырыс беру қалыпты жағдайға айналғандай. Дастарханда дәм бар, бірақ құнар аз. Иә, фаст-фуд уақыт үнемдейді. Алайда дәл солай адамның өмірін де үнемдемейтініне кім кепіл?
Статистика не дейді?
ЮНИСЕФ ұйымының 2025 жылғы деректеріне сүйенсек, әлемде 5-19 жас аралығындағы 188 миллион бала семіздіктен зардап шегуде. Бұл тарихта алғаш рет семіз балалар саны салмақ жетіспеушілігі бар балалардан асып түскенін көрсетеді. Мұның басты себебі – фаст-фуд, тәтті, газдалған сусындар мен құнарсыз тағамдарды жиі тұтынуы. Сарапшылардың айтуынша, балалардың тағам таңдауы көбіне жарнамаға тәуелді. Сауалнама нәтижесі бойынша, жасөспірімдердің 75 пайызы фаст-фуд жарнамасын жиі көретінін, ал 60 пайызы сол жарнаманың әсерімен зиян тағамды тұтынатынын мойындаған.
Фаст-фудтың құрамы қандай?
Тез дайындалатын тағамның қалай әзірленетінін көпшілік біле бермейді. Бір рет қолданылуы тиіс майдың бірнеше мәрте қайта пайдаланылуы, ет өнімдерінің толық піспеуі фаст-фуд өнімдерінде жиі кездесетін жағдай. Кейде оның қандай ет екені, тіпті «халал» талаптарына сай келуі де күмән тудырады. Фаст-фуд дайындауда трансмайлар кеңінен қолданылады. Транс-изомерлі қышқылдар жүрек-қан тамырлары ауруларын асқындырып, инфаркт, диабет, қатерлі ісік, Альцгеймер дерті мен бүйрек ауруларына дейін әкелуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, трансмай мөлшері 1 пайыздан аспауы тиіс. Ал бір ғана фри картобында оның үлесі 30-40 пайыздан асады. Тағы бір өзекті мәселе – тағамның құнарсыздығы. Түрлі бояғыштар мен дәм күшейткіш қоспалар тәбетті арттырып, зиянды асқа тәуелді етеді. Соның салдарынан чипсы, сухарик, майонез бен жартылай фабрикаттарға сұраныс артады.
Фриден сақ болыңыз
Фри дайындауда көбіне пальма майы қолданылады. Пальма мен кокос майларында трансмай мен эрук қышқылының мөлшері жоғары. Дәмін арттыру үшін дәмдеуіштер қосылады. Сонымен қатар фридегі тұз мөлшері де шамадан тыс. Талап бойынша 100 грамм тағамға 1-1,5 грамм натрий хлориді жеткілікті. Ал тұздың артық мөлшері ағзадағы сұйықтық алмасуын бұзып, бүйрек, бауыр аурулары, гипертония мен жүрек дертіне себеп болады. Әдетте фриге балалар әуес болады. Бірақ та ең қауіпті тағам екенін ұмытпағайсыз.
Мамандар не дейді?
– Бұрын қант диабеті мен асқазан аурулары көбіне жасы қырықтан асқандарда кездесетін. Қазір бұл дерт жас талғамайды. Фаст-фудтың калориясы өте жоғары. Көпшілік оны кешкі асқа тұтынады, ал қозғалыс аз. Таңғы ас ішпейді. Нәтижесінде асқазан-ішек аурулары көбейіп, жастар арасында анемия жиілеп отыр. Оның басты себебі құнарлы тағамның жетіспеуі, – дейді дәрігер Ләйлә Майлыхожаева.
Ата-аналар да фаст-фуд өнімдеріне қатысты өз қарсылықтарын білдіруде. Олардың пікірінше, мұндай тағамдар қоғамды түрлі ауруларға жетелейтін негізгі себептердің бірі.
Балалар мен жасөспірімдердің фаст-фуд пен энергетикалық сусындарға тәуелділігі мемлекет назарынан да тыс қалған жоқ.
– Фаст-фуд – денсаулыққа зиян. Мен балаларымның зиян тағамдарды тұтынбауына барынша мән беремін. Алайда сыртта не жейтінін толық бақылау әрдайым мүмкін бола бермейді. Сол себепті балаларым үшін фаст-фудты үй жағдайында өз қолыммен әзірлеймін. Бұл еш қиындық тудырмайды. Үйде дайындалған ас – таза, қауіпсіз. Балаларымa еш алаңсыз ұсынамын, – дейді көпбалалы ана Гүлдана Мұратқызы.
Жыл басында премьер-министр Олжас Бектенов бұл мәселеге арнайы тоқталып, Денсаулық сақтау министрлігіне нақты тапсырмалар жүктеді. Үкімет басшысының айтуынша, балалардың тамақтану мәдениеті – ел болашағына тікелей әсер ететін фактор.
– Бұл – өте қауіпті үрдіс. Оған қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет, – деді премьер-министр. Осыған сәйкес, 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында тосыннан тексеру қағидаты енгізіліп, балалардың тамақтану сапасы қатаң бақылауға алынбақ. Қысқасы, жеген тағамыңызға сақ болыңыз. Денсаулық кейінге қалдыратын дүние емес екенін ұмытпайық.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!