Жаздың аптабы – смартфон үшін де сынақ. 2025 жылы синоптиктер Қазақстанның оңтүстігінде 42°C, ал жаздың шілдесінде тіпті 45°C аптап болатынын ескертті. Мұндай рекордтық ыстық тек адам денсаулығына ғана емес, техникаға да қауіп төндіреді: экран сөніп, батарея жарылып, құрылғы істен шығуы мүмкін. Мысалы, Apple ресми дерегі бойынша iPhone мен iPad сияқты құрылғылардың қалыпты жұмыс температурасы 0-35°C аралығында, ал одан асқанда батарея қызметі қысқарып, құрылғыға зақым келу ықтималдығы артады. «The Guardian» ақпаратына сүйенсек, 2016 жылы Samsung Note7 смартфонының қызып кетуі салдарынан АҚШ-та 92 оқиға тіркеліп, оның 26-сы адамға күйікке шалдырса, 55-і заттық зиянмен аяқталған. Сондықтан ыстықта телефонға да қамқорлық қажет.
Гаджетті күн көзінен алыстатыңыз
Телефон – кішкентай «ақылды компьютер», сондықтан ол күн астында тез қызып кетеді. Құрылғыны тікелей күн сәулесінен қорғау өте маңызды. Мысалы, ыстық күндері қалтаңызға немесе сөмкеңізге салып қойыңыз, бірақ ауа кірмейтін қапшыққа немесе қысып тұратын қапқа салмаңыз. Қатты ыстықта автокөлікте қалдырған смартфон зақымдануы мүмкін. Батареясы жарылып, процессоры істен шығуы ықтимал. Сондықтан гаджетті көлеңкелі жерде ұстап, пластик жақтауларды пайдаланудан бас тартыңыз. Ыстықта құрылғы процессорына түсетін жүктеме артады. Сондықтан мұндай кезде телефонды барынша аз пайдаланыңыз. Әсіресе «ауыр» ойындар ойнаудан, бейнелерді үздіксіз қараудан және графикасы күрделі қолданбаларды пайдаланудан бас тартыңыз. Сонымен қатар интернет байланысын үнемдеу үшін қажет болмаған жағдайда Wi‑Fi мен Bluetooth қызметтерін өшіріп, қуат үнемдеу режиміне ауыстырыңыз. Мұндай қарапайым әрекеттер телефонның температурасын төмендетуге көмектеседі. Телефонды үнемі қыздырылған ортада ұстау оның салқындауына кедергі келтіреді. Мысалы, оны тар қалтада ұстау немесе ұйықтарда жастықтың астына қою құрылғының қызып кетуіне себеп болады.
Қап пен қорғаныс жабынын шешіңіз
Смартфонның қаптамасы оны қорғайтын секілді көрінгенімен, ыстықта оның салқындауына кедергі келтіреді. Әсіресе қалың силикон және пластик «чехол» құрылғының ішіндегі жылуды ұстап қалады. Ыстық күндері телефонды барынша ашық күйде ұстаған жөн. Ұйықтар алдында немесе ұзақ уақыт пайдаланбас бұрын қаптамасын шешіп қойыңыз – бұл оның жылуды тез таратуына көмектеседі. Ыстықта гаджетті үздіксіз қолдану қауіпті. Егер телефон қатты қызып кетсе, оны сөндіріп, жақсы желдетілетін салқын жерде біраз уақытқа қалдырыңыз. Сырттан келген соң, қалтадан шығарып, бірнеше минут тынықтырып қойыңыз – бұл оның ішкі температурасын біртіндеп төмендетеді. Бірақ мұздатқышқа немесе суық суға салуға болмайды – кенет температура ауытқуы ішкі бөліктерге зиян тигізуі мүмкін. Сонымен қатар телефон қуатталып жатқан кезде ауыр қолданбаларды жапқан дұрыс, себебі зарядтау кезінде қосымша жылу бөлінеді. Ыстықта смартфонды ұзақ уақыт зарядтау батареяның қызмет мерзімін қысқартып, тіпті өрт шығуы мүмкін. Мысалы, Xiaomi компаниясының қолдау бетінде жоғары температура кезінде құрылғының 4,1 В кернеуден жоғары зарядталмайтыны айтылған: 45°C асқанда заряд шектеледі, ал 60°C асқанда телефон автоматты түрде сөнеді. Сондықтан ыстықта құрылғыны толық 100%-ға дейін зарядтау міндетті емес, 60-80% деңгейінде ұстап отырыңыз. Әсіресе дала аптабынан келген соң телефонды бірден қуаттауға асықпаңыз: алдымен ішкі температураның қалыпқа түсуін күтіңіз. Егер қуаттау қажет болса, қосымша қолданбаларды өшіріп, телефон тыныш режимде тұрғанда ғана қуаттаңыз. Смартфонға ыстық күндері оның «демалуына» мүмкіндік беріңіз. Есіңізде болсын, адам да, техника да ұқсас: екеуі де көп жүктеме мен жоғары температурада шаршайды. Сондықтан ыстық күндері телефонды барынша сирек қолданып, өшіріп отырыңыз. Қызып кеткен құрылғыға демалыс беру – оны бүлдіру емес, керісінше, оның қызметін ұзарту жолы. Бұл қарапайым кеңестер сіздің гаджетіңізді қорғап қана қоймай, оның ұзақ қызмет етуіне септігін тигізеді.
София ХАЙРУЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!