Сейсенбі, 28 қаңтар, 07:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№6,2119
25.01.2025
PDF мұрағаты

Гауһар Құдайбергенова, «Қызылорда қаласының Оқушылар мен жасөспірімдер үйінің» директоры:   Оқушы  бос уақытында шыңдалу керек

18.01.2025

43 0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезе­ңі» атты Жолдауында бүгін­гідей аумалы-төкпелі заман­да балалардың күш-жігері мен қызығушы­лығын дұрыс арнаға бағыттау аса ма­ңызды екенін ескерткен еді.

Мектеп жасындағы балалардың ынтасы мен қызығушылығын оятып, бос уақытын тиімді пайдалану үшін Оқушылар үйінің орны ерекше.  Тасбөгет кентінде орналасқан «Қызылорда қаласының оқушылар мен жасөспірімдер үйінде»  үйірме жұмысы жолға қойылып, тәлім-тәрбиемен сусындаған оқушылар халықаралық жарыстардан жүлдемен оралып жүр.  Жоғары жетістіктің бәрі ұстаздардың үздіксіз еңбегінің нәтижесі екені белгілі. 

Осы орайда  Оқушылар мен жасөспірімдер үйінің директоры Гауһар Құдайбергеновамен жүздесіп, тәлім мен тәрбие орталығындағы оқушылардың жеткен жетістіктері мен көпке үлгі етерлік жұмыстары мен алға қойған жоспарлары жайлы сұхбаттасқан едік.

Гауһар Отаралықызы, өткен жылды жақсы жетістікпен қорытындыладыңыздар.   Үйірменің үйретері көп болғанының жемісі мен ұстаздардың еселі еңбегінің нәтижесі болар.  Өзіңіз басқарған оқушылар үйі жайлы айта кетсеңіз… Шәкірттеріңіздің жетістігі көңіл қуанта ма?

– Балалардың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуі үшін үйірменің пайдасы зор.  Оқушылардың бойындағы таланты мен өнеріне қарай  қай үйірмеге барғысы келетінін өздері шешеді. 

Жұмыс барысына келер болсам, жас ерекшелігіне қарай  2024-2025 оқу жылында бала саны – 511 болса,  0-4 сынып – 301, 5-7 сынып – 181, 8-9 сынып – 23,  10-11 сынып – 6. Олардың  285-і ер бала,  226-сы қыз бала.

Оқушылардың  жетістігіне келер болсақ, ауыз толтырып айтатын жетістік бар. Мәселен «Ән-терме» үйірмесінің «Асыл мұра» дәстүрлі әншілер ансамблі ІІІ халықаралық «Түркі Әлемі» атты халық аспаптар ансамбльдері мен оркестрлері байқау-фестивалінің І орын жеңімпазы атанды.

Сонымен қатар «BALBULAQ» балалар мен  жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Өнерге қанат қаққандар» VІ халықаралық өнер байқауына қатысқан «Ән-терме» үйірмесі мүшелері Өмірсерік  Гүлсезім, Айдархан Нұрила, Батырбекқызы Жанерке, Темірбек Айдын дәстүрлі ән аталымынан арнайы дипломмен марапатталды.

Астана қаласында өткен «Astana-Mereу» XІX халықаралық орындаушылар конкурсында Мұхаммед Әли Ақтұрған және Жанерке Жанболатқызы сертификат алса, Ғабиден Мәделханов  Кенен Әзірбаев атындағы арнайы дипломмен, Нөсер  Айдосұлы І орын иеленіп, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі А. Жүдебаевтың дипломымен марапатталып, қаржылай сыйлық алды.

«Қазақтың 100 әні» әншілер ІІ республикалық байқауында  «Асыл мұра» дәстүрлі әншілер ансамблінің мүшелері Гүлсезім Өмірсерік, Ақниет Бөлеген, Жанерке Батырбекқызы, Іңкәр Есенгелді, Дидар Амангелді, Нұрила Айдархан, Жанерке Жанболатқызы  ІІІ орынмен және арнайы дипломмен олжалы оралды.

«Ән-терме» үйірмесінің мақтанышы Нөсер Айдосұлы «Сұлу Сырдан – ару Астанаға» атты сырбойылық өнер шеберлерінің  гала концертінде  «Жыр-бастау» термесін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Нәтижесінде, облыс әкімі Н.Нәлібаев жас талантты  Алғыс хатпен марапаттады.

Нөсер Айдосұлының тағы бір шыққан биігі – Астана қаласында өткен «Төрлет, еңбек адамы!» атты республикалық ақындар айтысының ашылуында  Айдос Рахметовтің жыр арнауын орындап, қаржы сертификатын иелені болды.

Жұлдызы жанған өнерпазымыз «Асыл мұра» дәстүрлі әншілер ансамблі «Nuray Art Fest» І халықаралық көпжанрлы байқауында бас жүлде иеленіп, өтетін байқауға жолдама алып, Түркияға жолдама ұтып алды.

Жаңа жобаларды да жүзеге асырып жатқан боларсыздар.  Себебі баланың қызығушылығы оянуына ол да бір себеп қой. Ата-анамен байланысты нығайту да бүгінгі күннің өзекті мәселесі…

– Әрине, өмірге жаңа көзқараспен қарайтын  тұлға қалыптастыру үшін жаңа жобалар қолға алынады. Мәселен, «Дана бейсенбі», «Білгеніңмен бөліс» жобасын атап өтуге болады. «Балалар кітапханасы» жобасымен «Мектебіңе кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылып, 1600-ге жуық кітап қоры жинақталды.

Саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру мақсатында  «Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалымен меморандумға отырдық. «Ата-аналар академиясы» құрылды. Академияның басты мақсаты – ата-аналарды бала тәрбиесіндегі тиісті ақпаратпен қамту. Оған белсенді 30 ата-ана мүше болды.  Олар барлық іс-шараға белсенді атсалысып келеді.

Өткен жылдан бері «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» жүзеге асырылып жатқанынан хабардармыз.  Жаңа бағдарлама жемісін беріп жатқан болар?

– Қызылорда қаласының оқушылар мен жасөспірімдер үйінде ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен бекітілген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» негізінде мекеменің мәдени-көпшілік іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге асты. Бағдарламаға сәйкес, мақал-мәтелдер, халық даналығы, көрнекті тұлғалардың ұлағатты сөздерінен «Аптаның дәйексөздері»жасақталды. «Аптаның дәйексөздері» мекеменің ақпараттық стендінде, Led-экранда, сынып тақтасында, электронды панельге орналастырылды.

Тәрбие ұясында тұрақты тұрда «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» тақырыбында«Бес асық» ойыны жүргізіледі.  Апта сайын «Менің Қазақстаным»оқу аптасының басында бірінші сабақта барлық үйірмеде еліміздің әнұраны орындалады. Мұнан бөлек,жол ережесін, өмір қауіпсіздігін зерделеу, білім алушылардың жеке қауіпсіздігін, мінез-құлқын тәрбиелеу мақсатында 10 минуттық ақпарат беріліп, әңгіме өткізіледі. Қауіпсіздік сабағы бойынша үйірме педагогтеріне дайын материалға сілтеме берілген.   Бағдарламада ұсынылған әлеуметтік жобалар бойынша қосымша білім беру ұйымында «Шабыт» және «Балалар кітапханасы» жобасы жүргізіледі.

«Балалар кітапханасы» жобасы аясында кентте орналасқан қалалық орталықтандырылған кітапханалар желісіне қарасты №13 балалар кітапханасымен бірлескен іс-шара жүргізіліп тұрады.

     Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының жұмысы да жүйелі. Жыл сайын тұрақты түрде үйірме оқушыларының ата- аналарына арналған «Баланың бас ұстазы – ата-ана» тақырыбында ата-аналармен жиналыс өтіп тұрады. «Отбасы бағыттар баланы,өнерден өнеге алады»тақырыбында «Ән-терме» үйірмесінің жетекшісі А.Ерниязованың ұйымдастыруымен жерлесіміз Кенжебай Жүсіптің әні мен сөзіне жазылған «Менің анам алтын» әніне  челлендж түсірілді. Басты мақсат – «Үштаған: ата-ана – оқушы –ұстаз» үштік одақ ынтымақтастығы арқылы білім қазынасын молайту. Ұрпақ тәрбиесіндегі  рухани-адамгершілік өнегесі әкеден бастау алары анық.  Үйірме оқушылары «Әкелер мектебін» насихаттау мақсатында «Әкем үйреткен», «Әкеге алғыс»челленджіне үн қосты.

Сұхбатыңызға рахмет.

                                                    Сұхбаттасқан   Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

                              

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: