Қызылорда облысында сұйытылған мұнай газының қолжетімділігі мен тұрақты қамтылуын қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Соңғы жылдары елімізде автокөліктердің газға көшу үрдісі жедел қарқын алып, тұтыну көлемі бірнеше есеге артты. Бұл бір жағынан, экология мен үнемділікке бағытталған болса, екінші жағынан өңірлерде газ бағасының тұрақтылығы мен тапшылықтың алдын алуға қатысты шешімдер қабылдауды қажет етеді. Осы орайда облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде сұйытылған мұнай газы туралы брифинг өтті. Брифингте облыс әкімінің орынбасары Ардақ Темірханұлы Зебешев атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтты.
Қазақстан бойынша сұйытылған мұнай газының тұтыну көлемі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2022 жылы ел бойынша 1,8 млн тонна газ пайдаланылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,4 млн тоннаға жетіп отыр. Аймағымызда да осындай өсім байқалады. 2022 жылы сұйытылған мұнай газын тұтынатын 7 290 автокөлік тіркелген болса, 2025 жылы олардың саны 35 690-ға жеткен. Салыстырмалы түрде 5 есеге артқан. Бұл тұрғындардың газға деген сұранысының артқанын білдіреді. Алайда сұраныстың артуы газ бағасына да әсер ететіні белгілі.
Айта кету керек, Қызылорда облысы республика бойынша сұйытылған мұнай газының ең төмен бағасы бойынша алдыңғы бестікке кіреді. Қазіргі таңда еліміздің 12 облысында газ бағасы 117 теңгеге дейін өскен болса, біздің өңірде бұл көрсеткіш біршама тұрақты.
– Шілде айында әкімдік бірнеше рет операторлармен мәжіліс өткізді. Нәтижесінде ортақ келісімге қол жеткіздік. Біріншіден, операторлар шілде айында алған газ қалдығын бұрынғы бағамен, яғни 85-90 теңгеден сатуға келісті. Қазіргі таңда сол бағада алынған 586 тонна газ бекеттерде бар. Бұдан бөлек, Атырау зауытынан 648 тонна газ жолда келе жатыр, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ардақ Темірханұлы.
Сондай-ақ газдың көтерме бағасы шекті деңгейден 5 теңгеге төмендеп, облыс орталығында газ литрі 97 теңгеден, ал аудандарда бекітілген шекті баға бойынша, нақтырақ айтқанда, 102 теңгеден сатылмақ. Тамыз айына министрлік тарапынан 7562 тонна сұйытылған газ бөлінді. Сонымен қатар өңірде газ тапшылығын болдырмау үшін қосымша шаралар қолға алынуда. Атап айтқанда газбен жүретін мемлекеттік мекеме автокөліктеріне бензин пайдалануға ұсыныс берілді.
– Облыста газ ресурстық базасын ұлғайту мақсатында энергетика министрлігі, «Казгермұнай» және әкімдік арасында үшжақты меморандум жасалды. Соның негізінде «Казгермұнай» өндіретін сұйытылған газ көлемін 60 мың тоннадан 120 мың тоннаға дейін арттыру көзделуде. Қыркүйек айынан бастап «Казпетрол групп», «Галаз и Компания» және «Тұзколь мұнай газ оперейтинг» компаниялары өз кен орындарынан «Казгермұнай» зауытына газ жеткізуді бастайды. Нәтижесінде ай сайынғы өндіріс көлемі артады, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар 2025-2026 жылдары облыс аумағында метанмен жүретін автокөліктерге арналған 6 автомобильдік газ толтыру метан станциясын салу жоспарланғанын атап өтті. Оның 2-і биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл жобаны «Эко энерджи плюс» ЖШС және «Алаш метан» ЖШС серіктестіктері жүзеге асырмақ.
– Алдағы уақытта коммуналдық мекемелерге қарасты техникаларды метан газына ауыстыру қолға алынбақ. Бүгінде облыс аумағы сұйытылған мұнай газымен толық қамтылған. Әкімдік тарапынан күнделікті мониторинг жүргізіліп, жағдай тұрақты бақылауда, – деді Ардақ Темірханұлы.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!