Сенбі, 10 қаңтар, 10:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№2 (2214)
10.01.2026
PDF мұрағаты

Газет-журналдың жаңа дәуірі немесе ойлы қоғамға айналсақ екен

10.01.2026

63 0

Жаңа жылдың он күні де өтіп кетті. Әрбір жаңа күн жаңа мүмкіндік десек, жыл он екі айды текке өткізбей, арман-мақсаттарымыз бен жоспарларымызды бір пысықтайтын сәт келгендей. Біздің мақсатымыз – оқырман көңілінен шығатын сапалы дүние жазу. Сол себепті де «оқырманға не ұнайды?» деген сұрақ біз үшін әрдайым өзекті. Шыны керек, технология ғасырында оқырман талғамын дөп басу қиын. Бұл сұрақты үлкенге де, жасқа да қойдық, тіпті сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде «қазір елдің бәрі әлеуметтік желіде ғой» деген жауаптың басым түсетіні шындық. Елдің әлеуметтік желіден не іздейтіні де қызық. Бұл сұрақтың да жауабы белгілі, көп назары жұлдыздардың өмірі, уақытты өлтіретін қысқа видеолар екені даусыз. Жыл басында Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген  сұхбатында әлеуметтік желінің қоғам үшін зиянын атап айтты. «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады», – деді Президент. Қоғамға ой салатын жағдай. Кейде көпшілік арасынан газет оқымаса да, «газеттен не оқимыз?» деген сұрақ қойылып жатады. Шынында, оқырман нені оқығысы келеді немесе әлеуметтік желі көпшіліктің назарын қалай аударады? Бұл әлем бойынша өзекті мәселе. Канадалық жазушы, бірнеше мотивациялық бестселлер авторы Робин Шарма адамдардың жағымсыз жаңалық оқуға бейім екенін жазады. «Жағымсыз жаңалықтар жақсы тыңдалады. Біздің қоғам шынымен ұлы адамның биографиясынан гөрі, жұлдыздардың қылмыстық ісі туралы бағдарлама көргенді жақсы көреді. Басты бетіне қайғылы оқиға туралы жазылған газет соңғы ғылыми жаңалық жайында мақаласы бар газетке қарағанда көбірек сатылады. Жағымсыз жаңалықтарды оқу мен көруге тез бейімделіп кетуге болады. Көбіміз рухани жұпыны мақала оқумен таң атырып, соңғы қылмыс, апат, жанжал туралы жаңалықтарды көрумен кеш батырамыз» деп жазады. Бұл жерде автор оқу мәдениеті туралы айтып отыр. Сіз де күн сайын жағымсыз жаңалықтар мен мәнсіз видеоларды көрумен алтын уақытыңызды құрбан етіп жүрсеңіз, өзіңізді түзетуге әлі де кеш емес.

 Биылғы жартыжылдыққа «Ақмешіт апталығы» газетіне 3786 оқырман жазылыпты. Ай соңына дейін оқырман қатары көбейеді деген үміттеміз. Бұл сан газеттің тұрақты оқырманы қалыптасқанын білдіреді. Демек, тұрақты оқырман «Ақмешіт апталығы» газетінің ұстанымын біледі деген сөз. Газетке тұрақты түрде жазылатын және асыға күтетін оқырманға жыл сайын есеп беру дәстүрге айналған. Қаланың бас газеті «Ақмешіт апталығы» газетінен «Қала тынысы» айдары арқылы қала жаңалықтарын, «Қала және адамдар» айдарымен қаланың қарапайым тұрғынының айналасына жасап жүрген жақсылығы туралы, ал «24/7» арнаулы бетінде қаланың коммуналдық саласындағы атқарылып жатқан жұмыс барысын қамтимыз. Бір атап айтарлығы, ай сайын тұрақты шығып тұратын арнаулы беттер көбеймесе, қысқарған жоқ. Тек атауы өзгерді. Енді «Зерде» білім беті, «Шипа» денсаулық беті, «Теңге» экономика беті, «Өнер» руханият беті, «Шаңырақ» отбасы беті болып, атауы өзгерді. Сонымен қатар кәсіпкерлікті насихаттауды мақсат еткен «Кәсіпкер», биыл еліміз бойынша цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай «ЖИ» арнаулы беті қосылды. Балаларды қызықтырған «БалаTime», жаңа технологиялар тақырыбын қамтитын «ІТ-әлем», спорт жаңалықтарына арналған «Спорт» беті ай сайын тұрақты шығып тұрады. Сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтыған сараптамалар, ойлы сұхбаттар да назардан тыс қалмайды. Оқырман қызығушылығын туғызған психологиялық тақырыпты арқау еткен «Жүрек кілті» айдары, жыршы-жыраулардың әңгімесін де, жырын да оқырманға жеткізетін «Жыр-күмбез» айдары оқырман сұранысына сай жалғасын таппақ. Ал халық қалаулыларының жұмыс барысын «Депутат» айдарынан оқи аласыздар. Қадірлі оқырман, газет бетінен оқығыңыз келетін тақырыптар туралы айтар ой-пікіріңіз болса, бізге хат жазыңыз. Сіздің ұсынысыңыз біз үшін қашанда қымбат. Ойлы оқырман көбейсін!

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: