Климаттың құпия сырлары әлемнің әрбір бұрышындағы адамдардың өміріне әсер етпей қоймайды. Күрт жылынудың салдарына мән берсек, жер ғаламшарына қаншама шығын әкелетінін болжау мүмкін емес. Ғалымдар өткен жылы шілде айын соңғы 120 жылдағы жер бетіндегі «ең ыстық кезең» деп бағалағаны белгілі. Биылғы жағдай қандай? Адамзаттың қасіретіне айналар аптап ыстық кезеңі басталып кетті ме? Әлем елдері бұл туралы не дейді?
Себеп пен салдар
Әлбетте, зерттеуші мамандардың басты түйіні жерде температураның орынсыз көтеріліп, шектен тыс қызуы – адам баласының бүгінгі әрекетінің салдары. Мәселенің түйіні қазба отынды жағуға келіп тіреледі, яғни, қазба отынды жағу салдарындағы ауаға түсетін парниктік газ түріндегі салмақ көрсеткішінің артуы басты себепке айналып отыр. Ғалымдардың айтуынша, қазба отынды жағу салдарынан алдағы жылдары Жер бетіндегі температура көтеріле түсуі мүмкін. Әрине, әлем елдерінің басшылары өзара келіскен хаттамалар (мысалға, 2015 жылғы Париж келісімі), жаһандық жылыну екпінін 1,5 С деңгейінде ұстап тұру жөнінде уағдаластық бар. Алайда соңғы 8-9 жылда бұл келісімге түпкілікті мән беріп, сөзінде тұрған мемлекет басшылары некен-саяқ. Соңғы геосаяси қақтығыстар да осының бір көрінісі…
Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш халықаралық қауымдастыққа кезекті мәрте үндеу жасап, «планетамыз қайнап кетпей тұрғанда» жаһандық жылынуды тоқтатып, әрекет етуге шақырды. «Бұл ауамен тыныстау мүмкін емес. Соңғы жария етілген мәліметтерге сәйкес, ауа температурасын бақылау тарихында алғаш рет былтыр шілдеде – үш аптаға созылған ең ыстық кезең, ең ыстық үш күн және мұхиттағы ең жоғары температура тіркелді. Соңғы екі жылдағы ыстық адам төзгісіз» деген Антониу Гутерриш адамзат баласының қазба отыннан түсетін табысқа кенеліп, климат мәселесінде әрекетсіздікке жол беріп жатқанын алға тартты. Ал «жылынудың» салдарына тоқталсақ. Болжанған муссондық жаңбырлар кішкентай балаларды «көтеріп әкетсе», ыстықтан шарпыған от салдарынан көптеген отбасылар босқын атанып, аптап ыстыққа шыдамаған жұмысщылар мен адамдар ажал құшатын болады.
Қазақстанның халі қандай?
Өзгені қойып, өз елімізге оралсақ. Соңғы климаттық деректер бойынша, Қазақстанда орташа жылдық ауа температурасы дүниежүзімен салыстырғанда екі есе жылдам жоғарылауда. Оңтүстік өңірлердегі тұрғындар үшін аптап ыстық қалыпты болса, теріскейдегі қазақстандықтар үшін қыс жайлы, ал жаз әдеттегіден ыстық болып жүр. Болжамға сәйкес, 2050 жылға қарай елде жауын-шашын азайып, ыстық ауа райы ұзақ уақытқа сақталуы мүмкін.
Астаналық Арман Кеңбіловтің елордаға қоныс аударғанына 25 жылдан асқан. Оның айтуынша, алғаш көшіп келген жылдары Астананың қысы қатты, боранды, ал жазда жел соғып, жаңбырлы күндері көп болған. Ал қазір елорданың климаты адам танымастай өзгерген. «Кейінгі уақытта климат қатты өзгеріске ұшыруда. Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында қар жауған жоқ, тек жаңбыр жауды. Ал өткен жылы аптап ыстық кезінде қайда барарымызды білмей қалдық. Мен Астанаға қоныс аударғалы кондиционер іздеген емеспін. Алайда ауа-райының күрт жылуы астаналықтарға қолайсыздық тудыруда», – дейді кейіпкеріміз.
Елорданың климатындағы күрт өзгерістерді синоптиктердің есебі де растайды. Олардың мәліметінше, 1976 жылдан бері әрбір 10 жыл сайын Қазақстанда ауаның орташа температурасы 0,36 градус көтерілген. Ал статистика бойынша, былтыр Қазақстандағы ең ыстық жаз болған. Аталған өзгерістер болмашы болып көрінгенімен, ел экономикасының барлық саласы зардап шегуі мүмкін. Жергілікті диқандар, мал және ауыл шаруашылығымен күн көріп отырған сырбойылықтар қазірдің өзінде жаһандық жылынудың салдарымен бетпе-бет келіп отыр. Олардың айтуынша, ауыл шаруашылығындағы жағдай жыл өткен сайын нашарлап барады. Мәселен, өткен жылы су таязданып, топырақ түгесіліп, егін шығымы азайған. Климатологтардың айтуынша, елдегі ауа температурасы жыл сайын көтеріле береді.
– Ауа райының қолайсыздығы мен гидрологиялық құбылыстар күшейе береді. Тиісінше, осыған бейімделуіміз керек. Өткен зерттеулердің бірі ХХІ ғасырдың басына қарай орташа температура Цельсий бойынша 4 градусқа дейін көтерілуі мүмкін екенін көрсеткен. Яғни жазда ауа температурасы 40 градус болса, осы ғасырдың соңында ол 44-ке дейін артып, ұзақ уақыт солай сақталуы мүмкін. Бұл инфрақұрылымға, денсаулыққа және басқа салаларға тікелей әсер етеді, – дейді климотолог Сәулет Сәкенов. Иә, әлемдік жылынудың әсерінен ормандардың жаппай өртке орануы, қуаңшылықтан көк шықпай, төрт түліктің қырылуы көпті алаңдатып тұрғаны жасырын емес. Қайбір жылдары ел аумағындағы қуаңшылықтан төрт түлікке азық табылмай, жаппай қырылған. Әсіресе Арал, Маңғыстау өңірлерінде ахуалдың ушығуы шұғыл шараларды қолға алу қажеттігін аңғартады.
Әлем елдеріндегі аптап
Айта кетейік, биылғы жаз басы әлемнің түкпір-түкпіріндегі тұрғындарға жайсыз тиіп жатыр. Аптап ыстықтан адамдар көз жұмуда. Әлемдегі ыстықтың ахуалына келсек, Мексикада жыл басынан бері ыстықтан 90 адам көз жұмды деген хабар тарады. Мексикалық ақпарат құралдары хабарлағандай, Веракрус, Табаско, Тамаулипас, Нуэво-Леон және Сан-Луис Потоси сияқты штаттарда өте жоғары температураның әсерінен қайтыс болғандар саны күн санап артып келеді. Мұндағы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, тек 29 мамырдан 5 маусымға дейінгі бір аптаның ішінде 29 адам аптап ыстықтың салдарынан көз жұмған. Қатты күн өтіп, басы айналған екі мыңға жуық адам ауруханаға жүгінген.
Ал Үндістанда ауа температурасы 52 градусқа дейін көтеріліп жатыр. Үндістер ыстыққа төзімді дегенмен мұндай ыстыққа дені сау адамның да жаны шыдас бермейтіні белгілі. Ыстықтың салдарынан ормандарда өрт шығып, ыстыққа төзбеген тұрғындар жаппай естерінен танып жатыр. Мәселен, Джамму және Кашмир штаттарында жоғары температура орман өрттерін тудырды. Қаза тапқандар мен өрттен зардап шеккендер жоқ.
Үндістанның метеорологиялық департаменті төтенше жағдайдың «қызыл» деңгейін жариялады. Мамандар тұрғындарға көшеге шықпауды ескертіп отыр. Алайда күн сайын ондаған азамат есінен танып, ауруханаға түсіп жатыр. Дәрігерлер күн сайын адамдарда миға қан кету жағдайын көріп отыр.
Сонымен қатар Тайландта да күн өте ыстық. Ыстықтан бір айда 30 адам көз жұмды. Әсіресе Бангкоктағы панасыз адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар зардап шегуде. Тұрғындар ыстыққа күйіп емес, аштан өлеміз деп алаңдаулы. Өйткені күннің ыстығынан олар үйреншікті істерімен, табыс көзімен айналыса алмай жүр. Тұрғындар мен туристерге ашық ауада ұзақ болмауды ескертуде.
Мұздықтар ерісе…
Америкалық ғалымдар Гренландия мен Антарктиканы қоспағанда 215 мың мұздықты жан-жақты зерттеген. Негізінде мұздықтардың басым бөлігі Антарктида мен Арктикада орналасқаны белгілі. Егер мұндағы ақ құрсау жылынудың әсерінен бусанатын болса, теңіз деңгейі 60-70 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Бұл жағдай ғаламшардың біраз бөлігіне су басып қалу қаупін тудыратыны рас. Соңғы уақытта ғаламдық жылыну әсерінен Арктика мен Антарктикадағы мұздардың менмұндалаған көрінісі түзіле бастаған. Тіпті жылынған судың әсері мұздықтардың әлдеқайда тез еруін үдете түскен. Бұл жерде Батыс Антарктида мұздықтарының басым бөлігі теңіз қайраңында орныққанын ескерсек, аймақтағы жағдайдың мәз еместігін түсінуге болады. Әрі мұнда аумағы Қостанай облысының көлеміне тең Туэйтс мұздығы бар. Егер мұздыққа еру қаупі төнсе, әлемдік теңіз деңгейі бір метрге көтерілуі мүмкін деген қауіп бар.
National Geographic зерттеушілері 2050 жылға қарай Арктикада 520 мың шаршы шақырым мұз ғана қалуы мүмкін екенін айтады. Соңғы болжамдар бойынша 50-80% мұздық еріп кетуі мүмкін. Ал мұның салдары адамзатқа үлкен қауіп төндіреді. Әлемдік мұхиттағы мұздықтар да бұрын дәл осындай қалыппен бірте-бірте опырылған. Нәтижесінде әлемдік мұхит деңгейі 500 жылда 18 метрге дейін көтерілген. Демек, болашақта осы сценарий қайталануы мүмкін.
Мұздықтар жайлы айтқанда, ғаламдық мәселе бізден әлдеқайда алыста болып жатқандай сезілетіні рас. Бірақ еліміз үшін бұл тақырып таңсық жағдай емес. Себебі Қазақстанда 2724 мұздық орналасқан, соның ішінде ең танымалы Тұйықсу мұздығы да жыл сайын еру салдарынан жұқарып барады. Мұның әсерінен мұздықтардан өзендерге ағатын су көлемі жыл өткен сайын азая түседі. Қазіргі кезде Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің елу пайызы мұздықтардан келетін суға мұқтаж екенін ескерсек, ғаламдық жылыну салдары болашақта бұл салаға да зиян келтіруі мүмкін.
Жаһандық жылынудың әсері Каспий теңізіне де өзгеріс әкелген. Мұндағы беткі ауа температурасы бір градусқа жылынған. Geophysical Research Letters журналына жарияланған зерттеу нәтижесі кейінгі 20 жылда теңіздің булана бастағанын, соның әсерінен су деңгейі 1996 жылдан бастап жылына 7 сантиметрге азайып, 1,5 метрге төмен түскенін көрсетеді. Егер бұл үдеріс жалғаса берсе, теңіздің тартыла беруі ықтимал.
Соңғы уақытта әлем жұртшылығы бұл мәселеге байыппен қарап, шешу жолын қарастыруда. Бірі жаһандық жылынудың алдын алу үшін адамзат қолымен жасалған экологиялық апаттарды тоқтату керек десе, енді бірі жасанды мұздықтар ойлап табудың жолдарын іздеп әлек. Бір білеріміз, мұздықтардың мұндай өзгерісіне адам баласы басты әсер етуші екені анық.
Аделина РАХМАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!