Бейсенбі, 26 желтоқсан, 21:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ғалым. Ұстаз. Азамат

02.07.2024

753 0

Қаншама жыл жаныңа жақын, үзеңгілес жүрген, әрі жасы кіші әріптесіңнің кемел 63 жасқа толуы көңілге ой салмай қоймайды екен. Мазмұнды өмір сүруге ұмтылған адам баласына әрбір өткен күнге есеп беріп отыру тән. Табиғи жасына сәйкес мінез желісін бойға сіңіру мен ұстануды кез-келген адамның пешенесіне жазбаған. Пешенесіне жазылғандары – өзінің өмірлік жүгін лайықты арқалап келе жатқандар. Мен білетін әріптестердің ішінде отбасылық,тұрмыстық және азаматтық жүгін лайықты көтеріп келе жатқандардың бірі тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессор м.а. Айтжан Жұмабайұлы Оразбақов деп ойлаймын. Айтжанның 30 жасқа, 40 жасқа, 50 жасқа, енді, міне, пайғамбар жасына толған асуларын көрдік. Оған 30 жасында нағыз отыз жастағы, 40 жасында – нағыз қырық жастағы, 50 жасында нағыз елу жастағы адамның мінез желісі, бүгінгі тілмен айтқанда менталитеті тән болды. Өрбіте түссек «қырқында қамал алған» жігіт ағасы бола білсе, елуінде нағыз ердің жасына лайық болды, енді міне 63-ке толып, «ел ағасы» мәртебесіне жетіп отыр. Бұл міндетін де абыроймен атқаратындығында күмән жоқ. Оразбақовтар – Қызылорда қаласы дәрігерлері мен педагогтарынан тұратын танымал зиялылар әулеті.

Таным үдерісінде – белгілілік, солай бола тұра толық танылып болмағандық дейтін ұғым бар. Осы бір құбылыстың кейбір жайттары Айтжанға да тән көрінеді маған. Айталық, оның 1978 жылы қаладағы №212 мектепті бітіргеннен кейін үш жыл ағаш ұстасы болып істегенін әріптес жастар тұрмақ мен де білмейді екенмін. Өмірдеректік тағы бір құнды мәлімет 1983 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының «Тарих және француз тілі» мамандығына оқуға түсіп, 1-ші курсқа бірге түскен курстастарына оқытушы болғанының өзі сирек кездесетін жайт. Осы бір деректі кейінгі жастарға айтсаң, күмәнмен қарайтындар көп. Сондықтан мүмкіндікті пайдаланып, тарқатып айтайын: Айтжан – әскери міндетін атқарып келген студент, қатарының үлкені. Ал курстастарының арасында әскерде болмағандары көп болады да түрлі себептермен оқу тобының үш-төрт жігіті – бірінші, екінші курстан кейін болуы керек – әскерге алынып кете барады… Бұл екі аралықта Айтжан әлФараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне ауысып оқу мүмкіндігіне ие болып, 1989 жылы оны бітіреді де, туған институтының төл кафедрасына оқытушы болып оралса, өзге жігіттер әскерден оралып, оқуын қайта жалғастырады да, бұрынғы курстасының студенттеріне айналады ғой… Өмір деген қызық қойдың кері.

Тағы бір оқыс дерек. Айтжан – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының тірі куәгері. Кеңес армиясында қарапайым сарбаздардың КОКПнің мүшелігіне өту жеңіл. (Керісінше, офицерлер құрамы оған құлықсыз және қажеті аз). Сондықтан сол мүмкіндікті пайдаланып, КОКП мүшелігіне өтіп келген студент. Болашақ мансап үшін азаматтық өмірде бұл өте қажет. Сол кездегі дәстүр бойынша факультет партия жиналысында әрбір коммунистің желтоқсан оқиғаларына қатысты жауапкершілігі дербес қаралады. Аса қырағы коммунист доценттің арандатуымен «Ұлттық университет студенттерінің көтеріліс болған алаңға бармауына ықпал жасай алмағандығы үшін» партия мүшесі ретінде Айтжан да «кінәлі» болып, партиялық есеп кітапшасына жазылған қатаң сөгіс алады. Дәстүр бойынша «сөгіс» алған коммунист бір-екі жыл көлемінде еренеңбек етіп және жеке лайықты есеп беріп сөгісті алдырып тастауың керек. Іздегенге сұраған. Көп ұзамай университетте Чернобыль атом электр станциясының жарылысының зардаптарын жоюға ерікті жасақ ұйымдастырылып, Айтжан соған жазылады. Қазіргі жастар үшін мұны түсіну өте қиын, бірақ партия мүшесі ретінде Айтжанның жазылуы заңдылық.

Қазақ Ұлттық университетінде Бек Сүлейменов, Манаш Қозыбаев, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков сияқты атақты ғалымдардан дәріс алды. Диплом жұмысының жетекшісі белгілі қоғам қайраткері, марқұм Кәрішал Асанов болды. Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұрболат Масановтың кеңесімен кандидаттық диссертациясының тақырыбы таңдалып тиянақталды. Содан Айтжан Оразбақов 1991- 1995 жылдар аралығында Қазақ Ұлттық университетінде аспирантурада оқып, 1997 жылы тарих ғылымдары бойынша «ХХ ғасырдың 80 жылдарының екінші жартысы мен тоқсаныншы жылдарының бірінші жартысындағы Арал төңірегіндегі экологиялық дағдарыс аймағындағы әлеуметтік-экономикалық үдерістер тарихы (Қызылорда облысы материалдары негізінде)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап шықты. 1999 жылдан 2015 жылдар аралығында «Тарих және қазақ филологиясы», «Тарих және құқық» факультеттерінің деканы, «Дінтану» зерттеу орталығының директоры, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Алайда әріптестері үшін маңыздысы – оның декандық қызметі.

 Барлық нәрсе «қызмет менікі, айттым біттімен» шешілмейді. Студенттермен өзара сенімді қатынас орнату, кейде студенттер мен оқытушылар арасында туындап отыратын кикілжіңдерді дер кезінде шешіп отыру үлкен әдептілікті талап ететін жайт. Өрісі тарлығынан профессор оқытушылар құрамы мен студенттер, одан қалды атааналармен тіл табыса алмай қоғамдық пікірде күлкі болған талай декандарды көргенбіз. Он жылдан астам уақыт декандық қызмет атқарған жылдарда оның қызметін пайдаланып қарамағындағыларға дауыс көтергенін көрмеппін. Барлығы емеурінмен орындалып жатады. Бұл, әрине, оның қарамағындағыларының деканына деген құрметі, адами сыйластығы.

 Сан-салалы декан қызметінің құрамдасын – кафедра меңгерушілері мен оқытушылар құрамы мен жұмысы құрайды. Өйткені нақ шығармашылық пен ғылымға қабілеті бар магистранттарды кафедраға жұмысқа қалдыру, әдістемелік, ғылыми бағыт-бағдар беру, жинақтап айтқанда кадр мәселесі Қызылорда жағдайында ғана емес, ел көлемінде ең күрделі мәселеге айналып кетті. Мәселе қазіргі отандық ғылымда, ғылымға қызмет етуді емес, оны күнкөрістік кәсіпке айналдырғандардың үстемдік құрып кеткенімен түсіндірілсе керек. Бұл кафедрада бұрыннан келе жатқан кеселді екі үрдіс, екі бағыт, екі құндылықтық қатынастар еді. Тарих кафедрасын 2004-2009 жылдары талантты ғалым, қазір Еуразия университетінің доценті Күлпаш Мырзамұратқызы Илиясова басқарған жылдары жағымсыз тенденцияны жеңуде орасан зор жұмыс атқарылды. Осы жылдары мемлекеттік емтихан төрағалары болып келген елімізге белгілі М.Қойгелдиев, Қ.Атабаев сынды ғалымдар кафедрадағы шығармашылық әлеуетімізді өте жоғары бағалағаны есімде. Шынында да осы жылдары кафедрада бүгінде тарихшылар арасында әжептеуір танылып қалған А.Еспенбетова, Б.Еңсепов, У.Ибраев, С.Тоқболат т.б. жас тарихшылар тәрбиеленді. Өкінішке қарай бұл үрдіс ғылымдағы кездейсоқ адамдардың әсерімен және субьективтік себептермен дамытылмай, одан кейінгі жылдары дағдарыстық ахуал жеңіп кетті. К. Илясова мен аталған жас ғалымдардың көпшілігі кафедрадан «өз еркімен» кетуге мәжбір болды. Осылайша кафедраның шығармашылық өмірі мен әлеуетіне экзистенциональды қауіп төнгенде Айтжанның 2020-2021 және 2021- 2022 оқу жылдарында кафедра меңгерушілігіне «құтқарушыдай» тағайындалғанын және университет басшылығының қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарағанын айту қажет.

 Екі жыл ішінде қанша жұмыс атқарылды десеңізші. 2019 жылы А.Ж.Оразбақов университетте өткізілетін оқытушы профессорлар құрамының білім беру қызметіндегі рейтингісін анықтау ережесіне сәйкес университеттің «үздік оқытушысы» атанды. Тәуелсіз аккредитациялау мен рейтинг агенттігі шешімі бойынша кафедра мамандығының бакалаврлары 3 орынды, магистратура 2 орынды иеленді. Айтжанның алған марапаттарын тізе берсек, біраз орынды алар еді. ҚР Президентінің үш рет Алғыс хатымен, Қызылорда облысы әкімінің сегіз Алғыс хатымен марапатталғанын айтса да жеткілікті. Қазіргі таңда 2021 жылдың сәуірінен бастап ҚР Президенті Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Саяси қуғынсүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» мемлекеттік комиссияның Қызылорда облыстық тобы құрамында нақты жұмыстар жүргізуде. Айтжанның биік беделі кафедра, институтпен шектелмейді. Университет оқытушылары мен қызметкерлерінің қолдауымен 2018 жылы университет кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланды. Бүгінде бұл қызметті абыроймен атқарып келеді. Сөз соңында Айтжанның үлгілі отбасы екенін, жоғарғы санатты тарих пәнінің мұғалімі Зейнеш Омарқызы Атеева екеуінің екі ұл тәрбиелеп, немерелі болып отырғанын айту абзал. Халқымыз алпыс үш жасты «пайғамбар жасы» деп бекер атамаса керек. Мырзатай Жолдасбеков бірде жол жөнекей «Заман өзгерді, онымен бірге адамның өмір жасы да ұзарды, Құдайға шүкір, осы сексен жасты «абыз жас» деп атасақ қайтеді» деп ұсыныс тастаған еді. Олай болса, Айтжан абыз жасқа жетсін, оның жаңа жетістіктерінің куәсі болайық дегім келеді. Пайғамбар жасы тағы құтты болсын. Сырдан түлеп ұшқан тас түлек.

Тастанбек СӘТБАЙ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

қауымдастырылған профессор м.а., т.ғ.д.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: