Сенбі, 08 ақпан, 03:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№10,2123
08.02.2025
PDF мұрағаты

Ғалымның хаты өлмейді

08.02.2025

9 0

Өңірдегі білім саласында өзіндік қолтаңбасы қалған Сексенәлі Рахановтың туғанына 80 жыл толуына орай «Сексенәлі Раханов – жұмысшы мамандарын даярлау жүйесінің негізін қалаушы» атты облыстық танымдық конференция өтті. М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде өткен жиынға облыстағы білім саласының басшылары мен ардагерлері қатысты.

Көзі тірісінде кәсіптік техникалық білім саласының майталманы атанып, «Қазақстан Республикасы кәсіптік-тех­никалық білім беру үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісінің, «Қызылорда облысының құр­метті қайраткері» атағын иеленген Сексенәлі Рахановтың қоржынында кейінге ой салар құнды кітаптар бар. Іс-шарада колледжде Сексенәлі Раханов атындағы дәрісхана сал­танатты түрде ашылды.

Конференцияда сөз алғандар Сексенәлі Рахановтың өмір жолы мен адами қасиеттері туралы айтты. «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген сөзді тағы да қаперге салды. Сала ардагері Иса Жетербаев 1997-1998 жылдары кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін ықшамдау кезеңінде училищелердің қысқармауына барын­ша күш салып, облыстағы 17 учили­ще­нің 13-ін қысқартпай, аман алып қалған Рахановтың бұл еңбегі келе­шек ұрпақтың білім саласына қосқан ең үлкен үлесі екенін айтты. Ал Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Вилорий Пак қай­раткердің тағы бір қырын ашты.

– Сәкең мені үнемі қолдайтын. Шыны керек, Сәкеңнің өмірден өткеніне әлі де үйренісе алмай жүрмін. Біз өте адал дос едік. Өнерден бөлек спортқа деген махаббаты ерекше еді, – деп еске алды.

Саналы ғұмырын аймақтағы кәсіптік білімнің көкжиегін кеңейтуге арнаған ұстаз облыста бірқатар басшылық қызметтер атқарды. Ізінен ұлағатты ұрпақ, өрісі кең перзенттер мен шәкірттер қалдырған Сексенәлі Рахановтың отбасы да жиынға қатысты.

– Әкенің орны бөлек. Қазақта «Таулар алыстаған сайын биіктейді» деген керемет сөз бар. Жиында әкем туралы айтылған жақсы сөздерді тыңдаған сайын оның тұлғасы биіктей түсті. Әкем өте білімді, еңбекқор еді. Еңбекқорлығының арқасында өз болмысын қалыптастырды. Біз әкемізді мақтан етеміз, – дейді қызы, облыстық оқу орталығының арнайы және инклюзивті бөлім меңгерушісі Нұржамал Раханова.

Тоғжан КАМАЛ,

Гүлжайна ӘБДІЛЛАЕВА,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы

халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: