Қызылорда қаласының астана болғанына ғасыр толуына орай Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Ғасыр сөйлейді» атты тарихи танымдық кеш өтті. Биыл – қазақ атты ұлтымыздың ұлық атауын қайтарғанымызға да 100 жыл. Алашқа ортақ асыл мерекеге ел ағалары мен ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Ұлт тарихындағы елеулі оқиғалар өткен ғасыр бұрынғы жиында Ақмешіт астана атанды, аты өзгеріп Қызылорда болды. Ал ең бастысы, Алаш зиялыларының бастамасымен қазақ атандық. Тарихтағы өз бағасын айқындаған Сырдың бас шаһарының мерейтойына арналған кеш қалалық «Жастар театрының» қойылымымен басталды. Жиында алғаш сөз алған қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев қала тарихының мәні мен маңызына тоқталды. Ал Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас қала атауының маңызын айтты.
– Этимологиялық тұрғыдан алғанда, «қызыл» сөзі түркі тілдерінде «алтын» деген мағынаны білдіреді. Атақ-даңқты, бай-қуатты, ақша деген мағынада қолданылады. Ал көпшілік пікірде, большевиктерге жағыну деп топшылайды. Бұл атаудың түпкі мағынасы «Алтын Орда» екенін ұмытпағаймыз. Расында, өскелең ұрпақ алғашқы астанамыздың, ұлт зиялыларының ізі қалған топырақта, табан тіреп жүргенін есте сақтайық. Қызылордада Ахмет Байтұрсынов пен Сәкен Сейфуллин бастаған саяси элита еңбек етіп, қазақ әдебиеті мен журналистикасы қайта түледі. Сол жылдары елдегі барлық газет-журнал Қызылордадан шықты. Оның ішінде бүгінгі «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақстан әйелдері» бар. Қазақ радиосы да Қызылордадан хабар таратты. Қызылорда тек астана ғана емес, елдің рухани ордасы болып, кәсіби ұлт театрының негізі осында қаланды, – деді ол.
Кеште мемлекет және қоғам қайраткері Айтбай Көшербаев, белгілі режиссер-сценарист, «Тұран» сыйлығының иегері, қалалық Жастар театрының көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмаханов бүгінгі қаланың дамуы мен архитектуралық кескін-келбеті күн санап көркейіп келе жатқанын жеткізді. Ал Қызылорда облыстық тарихи мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ержан Алданазаров көне ғимараттардың тарихына тоқталды.
«Сыр елі – өнер ордасы» екенін тағы бір еске салған кеште Махмұтбай Әміреевтің сөзіне жазылған Тәңірберген Қалауовтың «Қызылорда вальсі», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде», Рамазан Таймановтың «Қызылорда» әндері қала өнерпаздарының орындауында шырқалып, Ақмешіттің аспанын әсем әнмен әрледі. Сонымен қатар Қызылордаға арналған поэзиялық туындылар мен Руслан Бурабайдың «Қызылорда» күйі де көрермендер жүрегіне жол тартты.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!