Ғасырлық тарихы бар үстел. Бәлкім осы үстелге тіл бітсе талай тарихты айтып берер ме еді? Мұндайды жиі кезіктіре де бермейсіз. Осы үстелде Қазақ АКСР Мемлекеттік банк басшысы жоғары деңгейдегі қаржы мәселелерін шешкен. Тіпті бұл үстелде қазақ тағдырына қатысты талай құжатқа қол қойылған шығар, бәлкім. Қалай айтқанда да ұлт атауы өзіне қайтарылған қасиетті Қызылордаға қазақ зиялысымен бірге көшіп келген жиһаз бұл. Құнды жәдігер Ақмешіттен бұрын ел астанасы болған Орынбордан әкелінген. Бүгінде шәкірттердің санасына сәуле шашып, «Ұлағат» білім ордасында тұр. Қандай керемет, иә?!
1925 жылы Қазақ автономиялық республикасының астанасы Орынбордан Қызылордаға көшкен кезде талай құнды дүниелер қаламызға жетті. Сол кезден бері көненің көзіндей ұрпаққа аманат болған жәдігерлер кейінгі жасқа ой салатыны анық. Қызылорданың Астана болғанына ғасыр толғанына байланысты құнды дүние мен қызықты ақпарат іздеп жүрген бізге ерекше экспонат жолықты. Ол қандай десеңіз, сонау XIX ғасырдың басында Қызылорда Астана болған жылдары Орынбордан әкелген үстел.
«Ұлағат» жеке білім беру мекемесіндегі музей төрінен жай тапқан бұл үстел Қалқазбек Әжібековтың қамқорлығында екен.
– 1988 жылы Ұлттық банкке барған едім. Сонда шаруашылық жөніндегі бөлім бастығы Ербай Шағдаровтың кабинетіндегі үлкен оюлы үстелге көзім түсті. Қызығып сұрағаным сол екен, бұл жай үстел болмай шықты. Ербай Шағдаров оюлы үстелдің тарихын айтып берді. 1925 жылы Астана Орынбордан Қызылордаға көшкен кезде әкелінген екен. Сол уақытта Ұлттық банктің нақты ақшаларды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы да бұл көне жәдігердің Орынбордан әкелінгені туралы айтқан еді, – деді Қалқазбек Әжібеков.
Кейіннен облыстық қаржы басқармасының ішінен «Қаржы органдарына 80 жыл» деп аталатын музей ашылады. Сол кезде бұл үстел Қалқазбек Әжібековтің бастамасымен ашылған мұражайға жеткізілген.
– Мұражай ашылған соң ішіне құнды жәдігерлерді іздеп қоя бастадым. Бұл шамамен 2000 жылдары еді. Сонда бұрын ерекше көзге түсіп, есімде қалған үстелді сұрауға Ербай Шағдаровқа бардым. Кабинетіне кірсем бұрынғы көрген үстелім жоқ. Заманауи жиһаз қойылыпты. Өзім көрген тарихи үстелді сұрап келгенімді айттым. Сөйтсем ол үстел жарамсыз болып сарайға шығып қалыпты. Мұражайға қоятынымды айтып, кәдеге жарамай жатқан жерден қаржы басқармасына әкелдім, – дейді Қалқазбек Әжібеков.
Кейіннен мекеме облыс әкімдігі ғимаратына көшіп қасынан арнайы мұражай кабинеті берілген. Дегенмен көп ұзамай музей жабылып, тарихи жәдігер қайтадан қоймада қалған. Біраз жыл бойы қолданылмай қалған бұл үстел тозып сынып қалған екен. Сонда Ұлағат мектебінің құрылтайшысы Қалқазбек Әжібеков ұста жалдап, жөндеп қалпына келтіріп қояды. Содан бері тарихи үстелді көзінің қарашығындай сақтап келеді екен. Көне жәдігердің тартпаларын суырып маған көрсетіп, «байқадың ба, бұл қазіргідей жұқа тақтай емес мықты ағаштан жасалған», – деді. Маған бұл үстел ғасыр тарихын бойына жиып, уақыт өткен сайын қатайып, жылдан-жылға беріктігі артқандай сезілді.
Өткен ғасырдың басындағы тарихи өзгерістер мен маңызды құжаттарға куә болған бұл үстел қазіргі таңда мектеп мұражайында тұр. Киіз үй стиліне ұқсас жасалған ЭТНО музейде 1930 жылғы мыстан жасалған самаурын, баспа машина, көне замандағы жылқыға жегетін соқа сақталған. Бүгінде бұл үстел ел тарихының маңызды бір бөлігі. Қазақ АКСР-інің алғашқы астанасы Қызылорда болған кезінен сыр шертетін бірегей жәдігер.
Думан КЕҢШІЛІК
Суретке түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!