Сенбі, 28 маусым, 13:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47,2160
28.06.2025
PDF мұрағаты

Ғасырға аяқ басқан басылым

28.06.2025

55 0

Сыр журналистикасында орыс тілді «Кызылординские вести» облыстық газетінің де алар орны зор. Биыл – басылымның 95 жылдық мерейтойы. Төл мереке қарсаңында орыс тілді ата басылымның ұжымымен пікірлесіп, газеттің тарихына тоқталғанды жөн көрдік.

Тарихы 1930 жылдың 1 қаңтарынан басталатын газет алғашқы жылдары «Ленинский путь» деген атпен жарық көрді. Оқырманға жол тарта сала аймақтың ғана емес, тұтас қоғамның, республиканың тыныс-тіршілігін танытып, жұртшылықтың іздеп жүріп оқитын басылымына айналған. Ал соғыс жылдарында әскерлердің өмірі мен қиыншылығы, соғыс жағдайы туралы қалың оқырманға жеткізіп отырды.

Ел тәуелсіздігін алған 1991 жылы басылым «Кызылординские вести» деген атпен шыға бастады. Күні бүгінге дейін осылай аталады. Газеттің жаңғыру жолында Тимур Қасымов, Игорь Корнилов, Игорь Титенок, Серік Бижанов, Жәнібек Исаев, Әбдірахман Еңсегенов, Ботакөз Ажарбаева, Наталья Черней, Гүлмира Жакибаева, Айнагүл Манабаева, Жанна Балмағамбетова тәрізді қызметкерлер еңбек етті. Бүгінде олардың көпшілігі басылымда тер төгіп келеді. Бұл қатарда Перизат Абдулазисова, Айдана Мусаева, Ерхан Ақын, Бағлан Аманжол, Альфия Гавчева тәрізді есімдер бар.

Ботакөз Ажарбаева, «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы:

– Біздің басылымның тарихы облыстың ата газеті «Сыр бойы» тәрізді әріден басталады. Аймақтың айнасы атанған газет. Өн бойына талай тарихты сыйдырған құнды жәдігерге толы құндылыққа айналды. Мұндай мұрағат ешқандай интернетте жоқ. Біздің тілшілердің арқасында газетіміз отандық БАҚ арасында шынайы ақпаратымен лайықты орнын алған.

Қызметін адал орындап, оқырман алдындағы жауапкершілікті сезіне еңбек етіп жүрген алдыңғы буын Қазбек Ботаев, Жанна Балмағамбетова және Гуля Тян зейнетке шықса да сүйікті басылымда жұмыс істеп, тәжірибесін кейінгі толқынмен бөлісіп келеді. Газет бетінде үнемі сүйекті мақалаларды әзірлеп, өздеріне тән кәсіби біліктілігімен ерекшеленген қатарда Наталья Черней, Мира Жакибаева, Серик Бижанов, Инна Бекеевалар бар. Олар басылымның оң имиджін қалыптастыруда тынымсыз еңбектенуде.

Газет шығаруда маңызы жоғары, бірақ үнемі тасада қалатын техникалық бөлім бар. Компьютерлік бағдарламашы Виталий Скорняков, 40 жылдан аса еңбек өтілі бар аға корректор Гуля Тян еңбек ететін бұл бөлімнің де жұмысы қауырт. Газеттің ішкі жұмысын үйлестіріп отырған жауапты хатшы Ерхан Ақын, газет жұмысына да, қоғам жұмысына да белсенділік танытып, қашанда көш басында жүретін Айдана Мусаева мен Перизат Абдулазисова – ұжымды алға сүйреп жүрген қызметкерлер.

Биыл басылымның 95 жылдық мерейтойы мен Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына арналған бірнеше іс-шара өтті. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері газет шығару ісінің тарихына терең бойлап, аймақ тынысымен танысты. Тарихта бірінші рет Қытайдың Бас консулы редакцияға келіп, газет тарихымен танысты. Ұжыммен кездесті. Ал «Сыр медиа» ЖШС қызметкерлерінің балалары үшін 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне арналған ойын-сауық кеші де – басылым мерейтойына арналған іс-шаралардың бірі.

Газеттің қоғамдағы маңызы артпаса, кеміген жоқ. Күн санап дамып келеміз. Тарихы тереңнен бастау алған басылым жаңа заманға төселе электронды форматқа көшті. Өзінің аудиториясын кеңейтіп, ауқымын арттырып келеді. «Кызылординские вести» аймақтың орыс тілді бағытында басты мінбері болып келді, болып қала да бермек.    

Жанна Балмағамбетова, аға тілші:

– Газетіміздің 95 жылдық мерейтойы қазақ тарихындағы ең бір атаулы датамен тұспа-тұс келді. Биыл Қызылорда қаласының астана болғанына және ұлттың ұлық атауы Қазақ атын қайтарғанымызға ғасыр толды. Осы елеулі күннің артынан іле-шала еріп келе жатқан мерейтойға біз зор жетістікпен жеттік.

Газет беттерінде ауыл шаруашылығы, еңбек адамы, елдегі өндіріс саласы тақырыбындағы мақалалар мен очерктер жарияланып тұрады. Қоғамда қызықты әрі өткір мәселелерді көтеру арқылы басылым оқырман жүрегіне жол тауып, таралымы да едәуір өсті. Қазір – жаһандану дәуірі, әлемді алақаныңа сыйдырған интернет дәуірлеген тұста газеттің дәурені өтті деген пікірлер бар. Жылт еткен жаңалықтан гөрі біз тақырыпты тереңінен талдап, сараптап, шынайы ақпаратымен бірге дайындауды дағды еткенбіз. Газеттің беделі қашанда биік болып қала береді.

Инна Бекеева, бөлім бас­шысы:

– Газет – өшпейтін тарих. Қағазға түскен тарих ешқашан өшпейді. «Кызылординские вести» газетінде шынайы ақпаратқа сүйене жа­зылған әрбір мақаладан адамдардың аты-жөнін, сандық мәліметтер мен басқа да деректер, әр дәуірдің өзіне тән суреттерін көруге болады. Аймақтың өмір сүру салты мен қоғамның әр саласындағы даму жайын газеттің әрбір бетінен кездестіресіз.

Газет әр сәтте өзінің белсенділігін төмен­деткен жоқ. Еңбек адамдарының тыныс-тіршілігі, әлеумет, білім, мәдениет, өндіріс тәрізді қоғамның барлық саласын ақпараттандырып келеді. Алғашқы нөмірінің шыққанына 95 жыл толса да, газет ғаламтор дәуірінде онымен текетіресіп, өз орнын жоғалтқан жоқ. Тұрақты оқырмандарымыз газет бетін парақтай отырып, көп мәліметке қаныға алады. Ал әлемнің қай түкпірінде болса да оқуға мүмкіндік беретін басылымның электронды нұсқасы бар.

Бағлан Аманжол, тілші:

– Журналистикаға келуім – жүрек таңдауы, бала күннен бойыма сіңген қасиет. Әкем Айғали Қарабалаев отыз жылға жуық «Сыр бойы» газетінде қызмет атқарды. Оның ағасы, яғни Жағыппар Қарабала да өз буынының танымал журналисі. Екі бірдей қаламгердің орта­сында өскен мен үшін бұл жол табиғи таңдау болды. Бала кезімде әкеммен бірге ел ішін аралап, игі жақсылармен кездесіп жүрге­нім – журна­листикаға деген қызығушы­лығымды оятты. Алғашқы мақаламды 7-8 сыныпта оқып жүр­генімде «Қайсар» футбол командасы туралы жазып, әкемнің көмегімен «Сыр бойына» жариялатқаным әлі есімде. Мектепті аяқтаған соң Санкт-Петербургтегі университеттің автоматтандырылған өндіріс механикасы факультетіне түстім, алайда отбасылық себептерге байланысты аяқтай алма­дым. Сол жақта жүріп, орысша жазуды меңгердім. Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінде «Аграрлық техника және технология» мамандығын тәмамдадым. Бірақ журналистика әрдайым жанымның қалауы болып қала берді. 2024 жылдың ақпан айында «Кызыл­ординские вести» газетіне алғаш рет келіп, сол кездегі бас редактор Жәнібек Исаевпен жүздестім. Ол кісі маған бірден тапсырма беріп, мақаланы қазақ тілінен орыс тіліне аударып келуді тапсырды. Ешкім менің кім екенімді, тіпті Айғалидың баласы екенімді де білмеді. Бірақ мен тапсырманы мұқият орындап апардым. Сол кезде ғана Жәнібек аға: «Жұмысқа қабылдандың», – деп хабарлады. Сол сәтте барып өзімді таныстырып едім, әкемнің атын естігенде жүзі жылып, марқайып қалды. Бұл мен үшін ерекше сәт еді. Қазір осы ұжымда қызмет ететінімді мақ­танышпен айтамын. Журналист болу – ха­лықпен етене болу, елдің тынысын жет­кізу. Бұл – жүрекпен сезілетін, тереңде жатқан жауапкершілігі мол мамандық. Мен бұл жолды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін.

«Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» деген керемет сөз бар. Ғасырға жақын уақыттың жүгін көтеріп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, елді шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіп жүрген әріптестерді мерей­тоймен құттықтаймыз.

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: