Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ғажайып таң(фантастикалық әңгіме)

27.01.2024

811 0

Фото: ash.islam.kz

Күн ұясына батты. Ол сүрлеу шетіне аял қылып, кешкі ас қамына кіріскен. Ауқат кезінде алауға көз тастағаны сол еді, өткен-кеткен ойына оралғаны. Алдымен бұл күннің өзге отыз күннен айырмасы шамалы екенін іштей мойындап үлгерді. Таңсәріден тырбанып барынша мол дән егу, оны мөлдір сумен суғару – күнделікті әдетке ай­налған. Бүгін бітірген тірлігінің райы да сол жоба. Жұмыс соңы шаршаңқы қалыппен жерге сұ­лай, аспан реңін алмастырған түстерге тамсанып жатыр.

Ол – 31 жаста. Есімі бенджамин дрисколл. Марсқа келгелі аймақты жасыл-желекке айналдырсам деген мақсатпен әлек. Жыл өте желегі жайқалып, діңгегі аспандаған дарақты көруді армандайды. Әрбір өскін марстың тымырсық жазында көлеңке, қысқы өкпекте сая, қысылтаяң сәтте қажетті оттегі бөлсе, арманы жоқ.

Шалқалай жатқан күйі то­пырақтың жаңбыр тілеген үнін естігендей болды. Дереу құлағын жерге төсеп, ғайыптан болашақтың жарқын дауысын естіді. Дән бүршік атып, айнала көгалға айналған, дарақтар ас­пан тіреп, марстың бау-бақ­шаға айналған кезін сезді. Сол қуанышпен ұйқыға кетіп, үмітпен оянғанын байқаған. Дереу тал тұқымы толған дор­басын асынып, күнделікті жұ­мысқа асықты. Тағы да тұқым егу, өскін қадау, суғару. Осы­лайша көкжиекке жол тартып келеді.

–Саған оттегі керек, – деді алқызыл алауға қарата. Жолдасына айналған от серігін түсінгендей әлсін-әлсін ұмсына жарық шашады. – бәрімізге оттегі қажет. Марста оттегі тап­шы. Тез шаршаудың сыры да сол. Бұл жер оңтүстік америкадағы анд тауы секілді. Кеуде толтыра дем алғың келеді, бірақ ауа жоқ! Солай дымсыз қаламыз.

Ол үсті-басын түртіп көрді. Байқаса, марстағы отыз күн ішінде кеудесі кеңігендей. Се­бебі де жоқ емес, мұнда көп ауа жұтып, ұзақ қимылдау үшін өкпені машықтау маңызды. Көбірек тал егудің басқа амалын да көрмеді.

– Мұнда келудегі миссиямды енді түсіндім, – деді ол. Алау да жолдастық жанын түсінгендей жалындай түсті. –  мектепте жүр­генде джонни деген жігіт туралы көп атушы еді. Ел оны алматұқым джонни дейтін. Ол бар американы кезіп, алма тұқымын еккен. Менің жұмысым онымен мәндес болғанымен, маңыздырақ. Емен, шегіршін, үйеңкі – не бар, бәрін – талшын, гималай балқарағайы дейсің бе, қолда барды түгел егемін. Адамға ас болатын, ауаға жарайтын өс­кінді түгел қамтимын. Өзің ой­лашы, қаптаған ну орман қанша оттегі береді.

***

Бенджамин дрисколл марсқа алғаш келген кезін есіне алды. Сапарлас мыңдаған жерлікпен бірге марс таңына көз тастап, ойға шомған еді. Іштей «мұнда қанша шыдар екенмін? Не күтіп тұр? Жаныма жақын іс табыла ма?» деген сауалдарға жауап іздеуге асыққан. Сол сәтте ой-орманында жүріп, есінен тан­ғанын да білмей қалған бо­латын. Мүсәтір спиртінің құ­тысын мұрынға апарғанда ғана қақалып-шашалып ес жиғаны бар.

– Ештеңе етпейді, – жанын­дағы дәрігер жұбата сөз бастап.

– Маған не болды?

– Ауа қысымы төмен. Көбісі шыдас бермейді. Сізге де жерге қайта оралған жөн секілді.

– Жоқ! – тұруға оқталып, жүресінен отырғаны сол еді, көзі қайта қарауытты. Танауын толтырып дем алғанмен жары­тып ауа жұтпады. – ештеңе етпес. Қалай болсын, осында қалуым керек.

Алған бетінен қайтпасын білді ме, ешкім қайтуға үгіт­темеді. Бенджамин дрисколл жағада қалған балықтай аузын ербейтіп, жанұшыра ауа жұтуға тырысты. Бар ойы: «ауа! Ауа! Ауа! Мұнда оттегі жоқ, мені кері жібергісі келіп жүргені сосын ғой».

Мойнын бұрып марстың жазық даласы мен жоталы төбесіне қарады. Талмаурауы ба­сылғасын ба, айналасы қу медиен шөл, айналада тұтам көк жоғын енді байқады. Көлеңкелі, ылғалды маңның өзінде шөп жоқ. Кенет жанына батқан азап сұрақ жауабына сүйрегендей. Бұл жерге тал керек, майса шөп қажет. Алдағы жұмысы да осы екенін ойша ұқты. Жолына ке­дергі болғандармен күресіп, марс топырағын түлетемін деп шешкен.

– Тұруға көмектесіңіздер! – айқайлай мәлімдеп. – коор­динатормен жүздесуім керек.

Ол координатормен күн­ұзақ сөйлесті. Мұнда тамыр жаяды деген өсімдікті талдаумен тарқасқан.

– Әзірге бұл міндетті сізге жүктейік, – координатор маңыз бере сөйлеп. – Керек тұқым мен қажет құрал-сайман дайын. Өзге жарақты әкелуге ракетада орын жоқ. Оған қоса мұндай ойыңызды құптар адам табылса… көп үміт артпағаныңыз өзіңізге жақсы.

– Демек, тұқым егуге рұқсат бересіз ғой?

Бенджамин рұқсат алып қана қоймай, мотоцикл мен теңкейте тұқым тиеген тіркемені қоса еншіледі. Мотоциклмен бір­шама жүргенімен, жол ортасын жаяу жалғастыруға тура келген.

***

Міне, сол сапарға шыққалы 30 күн өтті. Жолға аяқ басқалы артына қарған емес. Қарады екен, сенімін жоғалтатындай үрейлі. Күн сайын қуаңшылық ұлғайып, тұқым бой алмай-ақ қойды. Кейде бел бүкпей айлап жасаған тірлігі заядай көрінетіні бар. Сонда да төбе тесер ыстықта жазық даланы кезіп, адамдардан алыстай берді, алыстай берді. Бар үміті – жаңбыр жауса деген тілек.

Тілегі қабыл болатынын іштей сезген адамда жігер мүжілмес. Ол да қаңсыған жа­зықты қою бұлттың көрпесі жабатынына үмітті. Себебі марс табиғаты қызылжұлдыздың өзін­дей тылсым да таңғажайып еді. Көп өтпей қос төбені бойлай түнгі салқын ауаның үдегенін сезді. Марстың сиядай қара топырағына жаңбыр төгіліп, тір­шілік жанданғанын елестетіп қойды.

Сәлден соң жаққан алау шоққа айналып, аспан қақ айы­рылардай күркіреді. Тарс-тұрс. Іштей «дәл бүгін – ұлы түн» деді. Жамылғыдан қолын шығарып, жаңбыр күтіп жатты. Тағы ойында үміт: «дәл бүгін – ұлы түн».

Солай жатып ұйықтап кеткен екен. Маңдайына тамған жаңбыр тамшысынан оянды. Маңдайын жіпсітіп, танауын жағалай аққан тамшыны сезді. Кезекті тамшы көзіне тамды. Кейінгісі мойнына. Солай үдей берді…

Бенджамин қуаныштан оты­ра кетіп, аңысын аңдады. Сәт сайын күшейген жаңбыр төпелей құйып, кристалдай мөлдір тамшы ерекше нұрлана түскендей. Ол бетін жаңбырға тосып, баладай күліп, ғасырлап күткен жаңбырдың үмітті үр­легеніне таңқалды. Бойын қуа­ныш кернеп, аядай лагерін ай­нала жүгірді. Екі сағатқа со­зылған жаңбыр бәсеңдеп, бенджамин талықсып ұйқыға кетті.

Таңғы күн шапағы арманшыл жігітті қайта оятты. Ай бойы тынбай еңбек етіп, артына бұрылуға қорыққан сезім жеңілдей түскендей көрінді. 30 күнде алғаш рет жолды бастаған тұсқа көз тастап, ар­ман орындалғанын ұқты. Бұл таңғажайып таң еді.

Қайда қарасаң, аспан тіреген талдар. Бір емес, мыңдаған тал тұқымнан түлеп, қанат жайған. Оған қоса әлсіз өскін емес, адам құшағы жетпес алып дарақтар. Емен, лимон, талшын, алма, әй­теуір, еккен дәннің құр кеткені жоқ. Бәрі жайқалып тұр.

– Мүмкін емес! – бенджамин дрисколл қуаныштан қалай айқайлағанын өзі де сезбеді.

Жазық дала да, таң да жап-жасыл желекке бөленген.

Ауа ше! Тау суының самал ауасы есіп, оттегіні кеуде керіп алсаң да таусылмастай. Оттегі таза, салқын. Әл кеткенше жасыл-желекті аралай жүгіріп, бақыттан сұлауға бар.

Бенджамин жасыл шәрбат­ты өршелене жұтып, тағы ес жоғалт­ты.

Оянса, тағы да мыңдаған тал бой алып, аспан тірей тұр екен.

Рэй Брэдбери

Ықшамдап, аударған Ерсін Шамшадин

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: