Қалада атқарылып жатқан жұмыс көп. Халықтың көз алдында жүзеге асқан көп жобаның бастамасын көтеріп, қоғамдық талқыға салып, құзырлы орындарға жеткізіп, халықтың мүддесін қорғайтын – халық қалаулылары. Депуттардың араласуымен көп мәселенің түйіні шешіледі. Қалалық мәслихат депутаты Ғибрат Байсейітовпен мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы, атқарған жұмысы, қоғамдағы өзге де түйткілді мәселелер төңірегінде сұхбаттастық.
– Ғибрат Мұратұлы, халық қалаулысы болудың жауапкершілігі жоғары екенін білеміз. Десе де елмен етене жүріп атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз..
– Дұрыс айтасыз, ел сенімін арқалау, халық қалаулысы болу – үлкен жауапкершілік пен сенім. Сайлауалды бағдарламаны барынша орындауға тырысамыз. Басты мақсатым – халықтың үмітін ақтап, олардың өмір сапасын жақсартуға үлес қосу. Өз тарапымнан әлеуметтік жобаға ерекше назар аударамын. Мысалы, жастарға арналған бағдарлама мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттің беріп отырған қайтарымсыз қаржысы арқылы қаншама көпбалалы отбасы, ерекше бала өсіріп отырған ата-аналар, мүгедектер кәсібін ашуда. Қаламызда әлеуметтік нысандар салу, мектептер мен ауруханаларды жаңғырту бойынша маңызды қадам жасалуда. Халықпен тұрақты кездесу өткізіп, олардың ұсынысын тыңдай отырып, көптеген мәселені құзырлы орындарға жеткізіп, шешіп келеміз. Бұл біздің қызметімізді тиімді және нәтижелі етеді. Мәселен, мен қаланың Шанхай бөлігіндегі тұрғындардың өзекті мәселесін талдап, құзырлы орынға жеткіземін. Шет аймақтағы №222, 253 мектептердің де күрделі жөнделуіне атсалысып, басы-қасында болып, жөндеудің сапалы жүруін қадағаладым. Мектеп қауіпсіздігі, асханалардың жай-күйі, басқа да өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмаймын. Өзім сайланған №4 сайлау округіне қарасты С.Торайғыров, Дүйсенов, Кенесары, Қызылорда, Жанқожа батыр, Сайыпназар ахун тұйығы көшелеріне орташа жөндеу жүргізілуіне ықпал еттім.
– Өзіңіз сайланған аумақтың мәселесін жергілікті билікке жеткізіп жүргеніңізді білеміз. Тұрғындардың көп айтатын шағымы қандай?
– Ел аманатын орындауға мүдделімін. Сайлаушылардың мәселесі – басты назарда. Әрбір азаматтың қажеттілігі мен сұрағын тыңдап, шешу жолын іздейміз. Тұрғындардың көпшілігі инфрақұрылымды дамытуға, коммуналдық қызметтің сапасын арттыруға қатысты мәселе көтереді. Кейбір мәселелер ұзақ мерзімді шешімді талап етеді. Бірақ жүйелі түрде шешуге тырысамыз. Мысалы, сумен жабдықтау, электрмен қамту және басқа да маңызды инфрақұрылымдық мәселе бойынша нақты қадам жасалуда. Соңғы жылдары бірнеше ауылда жолдарды жөндеу және жаңарту жұмыстары жүргізілгенінен хабардармыз. Дегенмен әлі де атқарылар жұмыс көп. Жол сапасын жақсарту үшін жаңа жоба іске асырылып, заманауи технология қолданылуда. Ауыл-аймақтағы жол мәселесінің шешілуіне «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы көп көмегін тигізді. Мемлекеттік бағдарлама аясында қалаға қарасты ауылдық округтерде тұрғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттерден қыруар қаржы бөлініп, ірі жобалар жүзеге асты. Соның негізгісі – жол мәселесі. Оның сапасын арнайы мамандар қадағалап отыр. Бұл бағытта жұмыс жалғасып, жақын арада ауылдардың инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарады деп жоспарлануда. Жолдың мәселесі аймақ пен қала басшысының жіті қадағалауында. Нәтижесінде ауылішілік жолдар жылдан-жылға жақсарып келеді.
– Қазіргі жасөспірімдердің арасында бұзақылық, қылмыс көбеюде. Жалпы ұрпақ тәрбиесінде қандай қателік жібердік. Сіздің ойыңыз…
– Жасөспірімдер арасындағы бұзақылық – бұл қоғам үшін маңызды мәселе, оны шешу үшін кешенді жұмыс қажет. Мектептерде тәрбие жұмысын күшейту, мәдени және спорттық шараға көбірек көңіл бөлу керек. Жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін спорттық секция мен шығармашылық орталықты көбейту маңызды. Біз бұл бағытта жұмыс істеп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруіміз керек. Қазіргі таңда жастардың әлеуетін дамыту үшін арнайы бағдарлама іске асырылуда. Ал өз тарапымнан қазір 21 жасқа дейінгі жастарға ішімдік сатпау жөнінде тәртіп сақшысымен бірге рейд жасап, түнгі мерзімде спирттік өнім сататын сауда нүктелерін бақылап, оларға тыйым салу туралы мәселе көтеріп жатырмын. Ішімдік сатуды тоқтатпаса, айыппұл салу, оны да ескермесе лицензиясынан айыру жазасын қолданбасақ, 24 сағат ішімдік сататын дүкендер қылмыстың көбеюіне себеп болуда. Барлық құзырлы орындар, қоғам болып бірігіп, қылмыстың зардабымен күресуіміз керек.
– Қазір халық тұтынатын тауардың бағасы күрт өсті. Отандық өнімді барынша қолдайтын кез келді. Кәсіптің қыр-сырын білетін азамат ретінде сіздің пікіріңізді білгім келеді...
– Күнделікті сұраныстағы азық-түлік бағасының өсуі – бұл халықты алаңдататын маңызды мәселе. Экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жергілікті билікпен және кәсіпкерлермен бірге жұмыс істеудеміз. Апта сайын өтіп жатқан ауылшаруашылық жәрмеңкесі де сол жұмыстың бірі. Бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралар қабылданып, жаңа жоба мен бастама қарастырылуда. Бұл бағаның өсуін тежеп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз. Бұл тұрғыдан отандық өндірушілерді қолдау арқылы нарықтағы баға саясатын реттеу де маңызды деп ойлаймын. Бірлесіп атқарған жұмыстан нәтиже күтеміз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!