Жаңа технология өндірістегі қауіпсіздік пен экология мәселесін шешуге қалай әсер етеді? Жақында «Kazatomprom ATOMIC HACK» байқауы өтіп, онда «HubTech» тобы дәл осы сұраққа нақты жауап ұсынды. Олар уран өндіру алаңдарындағы ұңғымаларды қашықтан бақылап, қауіпті жағдай туындаса бірден әрекет ететін «Smart Wellhead» атты жобасын таныстырып, І орын иеленді. Жоба авторларының айтуынша, бұл жүйе қышқыл төгілуінің алдын алып, мыңдаған ұңғыманы бақылауға тәуелділікті азайтуға көмектеседі. Осы орайда біз «HubTech» тобының капитаны, Tech Lead Ғұбайдулла Орынбековпен тілдесіп, жобаның мақсаты туралы сұрап білдік.
– Хакатонда берілген нақты мәселе қандай болды? Қандай шешім ұсындыңыздар?
– Бізге мәселе уранды жерасты ұңғыманы шаю әдісімен өндіру кезінде полигондардың тым ауқымды болуы. Мыңдаған ұңғыманы адамдардың бақылауы мүмкін емес. Ал құбыр жарылып, күкірт қышқылы төгілсе, бұл экологияға зиянын тигізсе төтенше жағдайға ұласуы мүмкін. Осыған жауап ретінде біз «Smart Wellhead» деп аталатын автономды бақылау модулін ұсындық. Құрылғы апатты 150 миллисекунд ішінде анықтап, клапанды автоматты түрде жабады және ақпаратты 15 шақырымға дейін қашықтыққа жібере алады.
– Бұл мәселені шешуде қандай кедергі болды?
– Ең үлкен кедергі өндірістік регламенттер мен далалық жағдайдың қаталдығы болды. Көп аумақта электр желісі де, интернет те жоқ. Сондықтан құрылғыны бір батареямен кемінде 1 жыл жұмыс істейтіндей етіп жобалау қажет болды. Сонымен бірге Қазақстанның -40°C суығы, боранды күндері мен шаң-тозаңына төтеп беруі керек. Сол себепті құрылғыға мықты қорғаныс деңгейіндегі корпус қарастырдық.
– Жүйе құрылымын түсіндірсеңіз…
– Біз құрылғыны үш қарапайым қадаммен жұмыс істейтіндей етіп жасадық.
Біріншіден, ол ұңғымадағы қысымды және сұйықтықтың құрамындағы өзгерісті үнемі бақылап тұрады. Екіншіден, қауіпті белгі байқалса, жүйе адам күтпей-ақ бірден әрекет етеді: клапанды жауып, күкірт қышқылының сыртқа төгілуін тоқтатуға тырысады. Үшіншіден, болған оқиға туралы диспетчерлерге дереу хабарлама келеді және бақылау экранында белгі шығады.
– Ұсынған жоба идея нұсқа ғана ма, әлде өндірісте қолдануға бола ма?
– Біз хакатонда идеяны айтып қоймай, жұмыс істейтін нақты үлгіні көрсеттік. Яғни құрылғының бағдарламасы дайын, ол деректерді оқып, есеп жүргізе алады. Ең бастысы, біз құрылғының сызбаларын да толық дайындап қойдық. Оны зауытқа жіберсе, платасын жасап, құрылғыны жинауға болады.
– Басқа топтардан өзгелерге ұқсамайтын техникалық шешім қандай болды?
– Бізді айқын ерекшелендірген шешім – климаттық қорғаныс алгоритмі. Жүйе жаңбыр суы мен күкірт қышқылын электроөткізгіштік деңгейі бойынша ажырата алады. Бұл жаңбыр жауғанда жүйенің орынсыз іске қосылып кетуін болдырмайды. Екінші маңызды артықшылық – бағасы. Біз ұсынып отырған шешім «Siemens» секілді аналогтардан шамамен 25 есе арзан. Бұл – отандық өндіріс пен локализацияның нақты нәтижесі.
– Егер 48 сағат емес, 3 ай уақыт берілсе, қандай өзгеріс қосар едіңіздер?
– Егер бізге 48 сағат емес, 3 ай уақыт берілсе, шешімді екі бағытта күшейтер едік. Біріншіден, жүйені «ақылдырақ» етіп, апат болғаннан кейін ғана емес, апатқа дейін белгі беретіндей етер едік. Құбырдағы қысымның өте ұсақ өзгерістерін бақылап, «қауіп жақындап келеді» деп алдын ала ескерту құбыр жарылмай тұрып, жөндеуді жоспарлауға көмектеседі.
Екіншіден, құрылғыны одан әрі тәуелсіз ету үшін күн панельдерін қосып, өзіне қажет қуатты күннен алып, батареяны ұзаққа жеткізетін жүйе.
– Қазір қандай жобалармен айналысып жүрсіздер?
– «HubTech» командасы жалпы өндірісті цифрландыру бағытын жүйелі түрде дамытып келеді. Біздің мақсат – Қазақстанның ірі өндірістік компанияларына, соның ішінде «Қазатомөнеркәсіп» пен «ҚазМұнайГаз» секілді алыптарға отандық, сенімді және тиімді шешімдер ұсыну. Тек код жазып, жүйе құру жеткіліксіз. Жасаған өнім компанияға қанша қаржы үнемдейтінін, тәуекелді қалай төмендететінін, ең бастысы, нақты өндірісте қалай орнатылатынын дәлелдеу керек.
– Халықаралық хакатондармен нарыққа шығу жоспарыңыз бар ма?
– Иә, жоспарымыз бар. Біз қолданған технологиялар әлемдік нарықта кең тараған стандарттар. Сол себепті шешімімізді халықаралық деңгейге бейімдеп, ең алдымен Аустралия мен Канададағы уран өндіруші компанияларға ұсынуға болатын деңгейге жеткізгіміз келеді.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Жас IT мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Жоспарымыз «HubTech»-ті өндірістік технологиялық хабқа айналдыру. Ал жас мамандарға айтарым, тек мониторға қарап, бағдарлама құру емес, міндетті түрде сыртқа шығып, нақты өндірісті көру керек. Құбырдың, майдың, датчиктің қалай жұмыс істейтінін көзбен көргенде ғана шынайы мәселе айқындалады. Нағыз IT өмірдегі нақты мәселені шешуден басталады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан София ХАЙРУЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!