Бейсенбі, 26 желтоқсан, 06:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ғұмыры – ғибрат, өмірі – өнеге

21.09.2024

141 0

Қайырбай Зәкіров, ҚазКСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Көркемөнер академиясының академигі, белгілі суретші: ЛОГОТИП ОСЫЛАЙ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ – Менің шеберханам драма театр жанындағы көне де, тарихи ғимарат болатын. Бір қабатты үй, бөлмесі кең, бір қауым ел сыйып кететін. Сол жерде жиі бас қосамыз. Мен суретші болсам да, жазу-сызуға құмарлығым бар еді. Сондықтан газет біздің ортақ мүддеміз сияқты ойласамыз, жақсы жағынан көрсетуге тырысамыз. Бірде маған газеттің бірінші бетіне бөлігі логотип салып беруді өтінді. Әділханның қасында Аманжол Сақыпұлы мен Дүйсенбек Аяшұлы бар. Олар өзінің ұсыныстарын айтты, мен де өзімше ойлануға мұрсат сұрадым. Содан екі нұсқа жасап шықтым. Біріншісі – Сыр елінің символы дария ғой. Судың бетіне күн сәулесін түсіріп, өңірдің өңін ашқым келді. Бірақ бұл шығармашылық ортаға ұнай қоймады. Екінші нұсқа – қазақтың көшпенді дәстүрі, жұпар иісті жусанды даланың символы секілді түйенің бейнесін келтірдім. Өркеші төбе құмның тұғыры тектес, ал жүріс-тұрысы дархан даланың кемесіне ұқсайды. Жалпы, жануарлар әлемінің ішінде пластикалық тұрғыдан айтқанда түйе сұлу көрінеді. Тіршілікке де, көшіп-қонуға да ыңғайлы, байлықтың да белгісі, жалпы жаратылысы бөлек жануар. Сонымен түйені шөктіріп, жаймашуақ жағдайды білдіріп салынған сурет Әдекеңе бірден ұнай кетті. Беріге дейін бұл басылымның бас бейнесі болды. («Сыр журналистикасының тарихы» кітабынан алынды).

Қазыбек Әшірбекұлы, сатирик, газеттің «Қуақы» бетінің жүргізушісі: ӘДЕКЕҢ – ЖАЛАҒАШТЫҢ ЕМЕС, БАР АЛАШТЫҢ АРДАҚТЫСЫ – Әділхан Бәймен – қайталанбас тұлға. Тәуелсіз елдің тұңғыш тәуелсіз газетін шығарған ерлігінің өзі неге тұрады?! Әдепкіде «Қуақы» бетінің тұрақты авторларының бірі едім, кейін мені шақырып алып, жұмысқа алатынын айтты. Мен қарсы болдым. Бірақ ақыры дегеніне жетіп, мені «Қуақы» бетінің жүргізушісі етті. Өз алдыма бөлек бөлме беріп, сыртына «Сатира бөлімінің меңгерушісі Қазыбек Әшірбекұлы» деп жаздырып қойды. Білесіз бе, мен Әдекеңнің бірде-бір рет ашуланғанын көрген емеспін. Оның алдына жабырқап келген адам жадырап шығатын. Бейтаныс адамның өзін сағаттап тыңдайтын. Күлдіріп, айналаны көңілдендіріп жүретін. Оның тағы бір қыры – өнер адамдарына деген ерекше құрметі. Кейін «Ақмешіт апталығының» жанынан «Ой тамшы» деген де газет аштық. Менің осы кездегі бір өкінішім – сол газетті сақтап қала алмағанымыз. Әдекең – тек Жалағаштың емес, бар Алаштың ардақтысы. Оның ұлттық құндылықтарға деген құрметі зор еді. Қазақ үшін туған, мына еліміздің маңдайының бағына туған ер еді. Аманжол Сақыпұлы бастаған шәкірттерінің қалыптасуына әуелі Құдай, сосын Әдекең көп ықпал етті. Оның қайтарымы да зор болды. Әуелі Құдай, сосын Аманжол болмағанда «Ақмешіт апталығы» сақталып қалмас еді. Бұл – шәкірттің ұстаз аманатына адалдығы. Әдекеңнің рухы риза шығар…

Бибайша Алпысбаева, журналист: ӨЗІНЕН БҰРЫН ӨЗГЕНІҢ ЖАЙЫН КӨП ОЙЛАЙТЫН Ол көпшіл кісі еді… Жоқ деуді білмейді. Үнемі тілшілердің, журналистердің жағдайын ойлап жүреді. Сонан соң өзінің мақсатына жетпей, тынбайтын табандылығы да ерекше. Әйел заты болған соң, жолдасым жұмысқа тұрғанымды жаратпады. Отбасының берекесі мен бақытын күзетіп, шаңырақта болғанымды қалады. Сондықтан көп жерге шақыртудан бас тарттым. Бірде Әділхан ағай маған журналист болып жұмысқа кел деп шақырды. Мен бас тарттым. Сенесіз бе, ол кісі мен айтпай-ақ жолдасымның қарсы екенін біліп, кейін жолдасыммен сөйлесіп, ақыры мені қабылдады. Газет қиын кезеңдерді бастан өткерді. Қаржы тапшылығы айқын сезілді. Қаланың батыс бөлігінен Скаткова көшесіндегі редакцияға жаяу келемін. Оның бәрін түсініп, адамның ішкі жан дүниесіне үңілетін. Өзінен бұрын өзгенің жағдайын көп ойлайтын. Қызметкерлерге «Жақсы жұмыс тауып жатсаңдар ұстамаймын. Әрине, отбасын асырау керек. Мойындарыңда үлкен жүк бар» деп жиі айтатын. Ал қызметтестер арасындағы отырыстарға әрбірімізді отбасымызбен бірге алдыратын. Отбасылық түрде араластық. Міне, бір үйдің баласындай етті. Бірде белгілі журналист Ахат Жанаев ағамызбен екеуі бір-бірімен оңаша күбірлесіп, бір бөлмені жасақтап жүр екен. Маған «Мынау сенің кәбинетің. Қыз баласың, саған осы жарасады» деп, жаңа кәбинетке отырғызған. Бөлмеден шықсам, маңдайшаға «бас редактор» деп жазып қойыпты. Екеуі бірігіп жүріп, сыртымнан редактор сайлап жібергені бар. Бірақ мен оған дайын емес едім, қарсы болдым. Әділхан ағайдың көп қасиетін үлгі еттік, әлі де айтып жүреміз. Ол кісі артқан сенімнен шығу – үлкен жауапкершілік. Елдік, ұлттық мәселеде үнсіз қалмайтын жан еді…

Қаламқас Кенесариева, «Ақмешіт апталығы» газетінің байырғы есепшісі: ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ТҰРҒЫСЫНДА АЙТҚАН СӨЗІН ОДАН БЕРІ ЕШКІМНЕН ЕСТІМЕДІМ – Әрбір жиынды әзілмен бастайтын. Тапсырманы да мысалмен айтып, жақсылап түсіндіріп беретін. Мамандығым есепші болған соң ақша жайын көп ойлаймыз ғой. Айлығымды азсынып, басқа жұмыс іздеймін дегенімде Әдекең «Қаламқас, біздің басты мақсатымыз – қазақтың балаларын қазақша үйрету. Ақша жағы тәуекел» дейтін. Сенесіздер ме, арада неше жыл өтсе де мен осы сөзді Әдекеңнен басқа ешкімнен естімедім. Ол өзін ұлтқа арнаған жан еді. Елге қызмет етейік дегенді үнемі айтатын. Өзінен гөрі өзгенің бақытын көп ойлайтын. Оның көпшілдігінен болар, редакцияға қонақ көп келетін. Мықты-мықты тұлғалар жиі бас сұғатын. Әдекең дүние жинамады. Осы жерде отырған қанша шәкірттері бар. Өзінен кейінгі жастарды елге қызмет етуге тәрбиелеген нағыз ұлтжанды азамат болды.

Асылбек Жұмабаев, Әділхан Бәйменнің замандасы: ӘДЕКЕҢ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ – Мен осындай мықтылармен қызметтес болдым. Әскербек Рахымбекұлы, Оразбек Мақсұт, Құттыбай Сыздықов, Әділхан Бәймен тәрізді азаматтармен бірге елдің ертеңіне еңбек еттік. Қазір қазақ тілі артта қалды деп жатады. Мен мүлдем келіспеймін. Қазақ тілі артта қалған жоқ, ол дамып жатыр. Тіліміз – тірі, бірақ жаралы. Иә, Әдекең осы мемлекеттік тіл саясатының жүйелі жүргізілуіне ерекше ықпал етті. Сол уақытта мен осындай керемет азаматтармен бірге жұмыс істегеніме қуанамын. Әдекең спортқа жаны құмар кісі еді… Футболда лоторея ойнатылатын. Бірде сол лотореядан Урал мотоциклін Әдекеңнің баласы ұтып алды. Сонда біз Кеңес Махамбетов, Хусейн Сәрсенбаев және мен – үшеуіміз балаша қуандық. Стадионды басымызға көтере шаттандық. Өзгелер бізге таңқалды. Тіпті «Ұтқан сендер емессіңдер, неге қуанасыңдар?» деп сұрағандар да болды. Біз бір-бірімізден көп нәрсе үйрендік. Өзгенің қуанышына қуану да біздің дағдымыз еді. Біз бір-бірімізге жанымыз ашып, болысып жүретінбіз. Бірде бес бөлмелі пәтер босап, оны үш балалы отбасына бергелі жатқанда мен қарсы шықтым. Әдекеңде де, Құтекеңде де бес баладан бар еді. Солардың кезегі де, реті де кеп тұрғанын айттым. Соңына дейін қарсы тұрдым. Бірақ олар өз дегенін істеді. Уақыт көші алға жүре береді. Бірақ Әдекеңдер ешқашан ұмытылмайды.

Нұрлан Көбегенұлы, «Ақмешіт апталығы» газетінің 2005-2007 жылдардағы бас редакторы: ЕСІМНЕН КЕТПЕЙДІ…

«Ақмешіт апталығы» газеті үшін 2004 жылдың салқын күзі ауыр тиді. Газеттің негізін қалаған ағамыз, Сыр өңірі журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар, басылымның бас редакторы Әділхан Бәйменов дүниеден озды. Осы сәтте газеттің оқырмандарымен қайта қауышуына 1994-2000 жылдар аралығында басылымның бас редакторының орынбасары болған Аманжол Сақыпұлының демеуі болды. Ауыр сәтте мені кабинетіне шақырып алып: «Нұрлан, жағдайды түсініп отырсың. Әдекеңнің жары бізге газетті шығаруға көмек сұрап келіп отыр. Біз Әдекең алдында шәкірттік міндетімізді орындауымыз керек. Мен осы жылдың аяғына дейін, екі ай газеттің қаржылық шығынын көтерейін. Сен газеттің редакторы болып қызмет ет» деді. Мен алғашқы ұстазымыз ретінде екі ай газетті шығаруға келістім. Бірақ газеттің соңғы бетіне өзімді «бас редактор» деп жазуды әруақ алдында жөн көрмейтінімді айттым. Есесіне Әдекеңнің аты-жөні ұмытылып қалмау үшін «Газеттің негізін қалаған Әділхан Бәймен» деп жазуға келістік. Сол ұстаным осы күні де жалғасып келеді. Басылым өзінің алғашқы бас редакторын алып тас¬таған жоқ. Сонымен екі ай бойы үзбей, газетті оқырмандарымен қауыштырып тұрдық. Газет жанашырлары мен авторлары бұл ісімізге қатты қуанды. Жыл аяғында Аманжол Сақыпұлы Әділхан Бәйменовтің шығармаларын жинақтап, кітап етіп шығару жөнінде ойын айтты. Кітаптың редакторлық қызметін мойныма алғаннан кейін әңгімелері мен очерктерін алдыртып, «Белгі» деген атаумен 10 баспа табақ көлемде 100 дана кітап шығарып, сол жылдың аяғында ағамыздың жүз күндік асында отбасына табыстадық. 2005 жыл да келіп жетті. Біз келіскен уақыттың мерзімі бітті. Енді әрі қарай газеттің тағдыры қалай болмақ? Салмақ тағы бізге артылды. Бұл жолы «Ақмешіт апталығы» Аманжол Сақыпұлы басқарып отырған мекемеге өтті. Ол Әдекең жаққан оттың сөнбейтінін танытты. Мен ресми түрде бас редактор болып тағайындалып, сенім жүгін арқаға арттым. Ал, газеттің жаңа құрамына тілектестік білдірген газеттің кезіндегі қызметкері, белгілі журналист Нұрділда Уәлиев оқырманның «Ақмешітті» іздеп жатқанын айтып, батасын берді. Сонымен өткен тәжірибем бар, жаныма жақын басылымды қолға алғанда бірден жоспар құрып, бастап кеттім. «Қуақы» әзіл-сықақ бетін жандандыра түстік. Газетте тұрақты беттерді дүниеге әкелдік. Жастар үшін «Толқын» деген бет ашып, жас журналистерді, студенттерді оқырман ретінде тарттық. «Тағылым» беті арқылы тәлім-тәрбиеге мойын бұрдық. «Таным» беті дүниетанымды кеңейтуге қызмет етті. «Алақай» балаларға арналған бет мектеп оқушыларының шығармашылығына арналды. Әзілдер мен әңгімелер тұрақты беріліп тұрды. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге күш салдық. Тарихтың парақтарын ақтардық. Дала философиясына үңілдік. Газеттің жаңа авторлары да газет бетінде оқылатын материалдар жариялауда белсенділік танытты. Уақыт зымырап өтіп жатты. Газет Әділхан Бәйменовті бір сәт те ұмытқан емес. Туған күнін де, қайтқан уақытын да естен шығармай, газет бетінде естеліктер жазып тұрдым. Жалпы, өткенге қарап, бой түзеу, жақсысын кәдеге жарату, үлкендерге құрмет көрсету – менің ұстанымым. Бірде облыстық ішкі саясат басқармасы журналистер мерекесі күніне орай спорттық жарыстар ұйымдастыратын болып, оған мені жауапты етті. «Арай-санрайс» демалыс орнында спорттың әр түрінен журналистер арасында сайыстар өтті. Мен жеңімпаздарды марапаттау сәтінде дүниеден өткен Сыр журналистикасының аға буын ардагерлерінің есімін жаңғыртуды ойлап, Есенкелді Шілдебаев, Бексейіт Шайланов, Әділхан Бәйменов атындағы сыйлық деп көптеген ағаларымның есімдерін дипломдарға өз қолыммен жаздым. Өткен сәттер көп жайды еске түсіреді. Сыр өңірі журналистикасының қызығы мен шыжығына араласқаныма отыз жылға қарады. Ал, «Ақмешіт апталығы» газетінің жарыққа шыққанына биыл 30 жыл. Осы уақыт аралығында ақпарат айдыны талай өзгерістерді басынан өткерді. Журналистика жаңаша дамуға бет бұрды, салаға жаңа лек келді. Десек те, кешегі жазған-сызғанымыз, жарияланған дүниелеріміз газеттің тарихын жасады. Газет бетінде жарық көрген әрбір ақпараттан бастап мәселеге өзек болған мақалалар өткен күннің белгісіндей болып қалды. Газет материалдарын ақтара түссек, Сыр бойы тарихына таптырмас деректі біз, журналистер, қалдырғанын мақтанышпен айта аламыз. Ал, Сыр өңірі журналистикасында алғашқы тәуелсіз басылым ретінде «Ақмешіт апталығы» газетінің орны ерекше.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: